Жолдау – таяу жылдардағы дамудың нақты жолдары
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы алда атқарылатын талай шаруалардың бабын табудың басты бағдары десек артық айтқандық емес.
Қоғамдық-саяси өмірге оң өзгеріс әкелетін бұл Жолдауда жұрттың көңіліне қуаныш, жүрегіне жұбаныш ұялатқан жәйт ол Президентіміздің «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді» деп уәделі мәлімдеме жасауы болды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы жерді тиімді пайдалануды іске асырудың тетігін табуды да айта кетуі қанша уақыттан бері шешімін күтіп тұрған мәселенің өзегін тарқатуға негіз қалады. 2016 жылғы деректерге сүйенсек елімізде бос жатқан босалқы жер көлемі 100 миллион гектарға жуық екені айтылған. Содан бері көп уақыт өте қойған жоқ. Яғни бұл, әлі күнге дейін жер телімдерінің игерілуі көңіл көншітерлік емес екенін аңғартады.
Жердің тиімді игерілмеуі тіршіліктің сан саласында әсіресе, агроөнеркәсіптік кешенінде талай тірліктің тұралауына зор ықпалын тигізіп жатқаны анық. Алысқа бармай-ақ, облысымыздағы жайылым жерлердің жалға берілуі салдарынан төрт түліктің жайын жасау жағдайы түйіткілге айналып отырғаны соған дәлел.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған алғашқы Жолдауында бұған дейін Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық жоба-жоспарларының барлығы да толыққанды жүзеге асатынын нық сеніммен айтты. Сабақтастықтың сақталуы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың талай тың бастамаларының орындалуына жіті мән берілуі құптарлық іс. Себебі, Ұлт Көшбасшысының алға қойған асқаралы мақсаттары күллі қазақстандықтардың көсегесін көгертіп, өмірін көркейтетіні анық. Алысқа бармай-ақ, оның бес әлеуметтік бастамасы туралы халыққа арнаған үндеуін алайықшы!
Бес әлеуметтік бастамада қазіргі қоғамның ең күйіп тұрған мәселесінің шешілу жолдары қарастырылған. Ол халықты баспанамен қамту, жатақхана орнына деген тапшылықты жою, елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету және т.б өзекті проблемалар болып табылады. Бұдан қазіргі президенттің әрбір батыл әрі баянды бастамаларды қолдайтын азамат екенін аңғаруға әбден болады.
«Есеп беретін Үкімет» деген талаптың өз мағынасына толық сай болуы қажеттігін баса айтқан талабы да мемлекеттік органда жүрген азаматтардың арқалап жүрген бес батпан жүгінің салмағын жете сезініп, нақты нәтижелі жұмыстар бастауына ықпал етеді деп сенемін.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес екенін айта келе, бұл жолда жуырда ғана құрылған «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің» атқарар рөлі зор екенін жеткізді. Белгілі қоғам өкілдерін қамтитын бұл кеңесті құрудағы басты мақсат – азаматтық қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, оларға барынша қолдау көрсету болып табылады. Бұл жәй ғана жалаң сөз, құрғақ уәде емес екенін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір емес, бірнеше рет дәлелдеді. Соның ішінде ауыз толтырып айтатын тұсы «Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Алайда, заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады»,- деп бұқараның өз ойын бүкпесіз айтуын заң негізінде реттелуін пысықтағаны деп атап өткен абзал.
Осылайша ол өз Жолдауын жарияламас уақыттан біраз бұрын, журналистерге берген сұхбаты кезінде наразылық шерулері туралы «Билік естіді, енді нақты шаралар қабылдайды» дегенінің құр шөппен ауыз сүрту емес екеніне халықтың көзін жеткіздірді.
Жолдаудағы тағы бір жағымды жаңалық ол шағын және орта бизнесті дамыту үшін Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінетіндігі болды. Өз кезегінде бұл қаржыларды ел экономикасының қозғаушы күші болып саналатын кәсіпкерлік саласының өкілдеріне әділ бөлінуін бақылау әрі қадағалау күшейтілмек. Бұл жауапты жұмыс Қаржы министрлігі мен есеп комитетіне жүктеліп отыр. Мұндай талап шаруа қожалықтарының мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктің игілігін көруде ара ағайындық, тамыр-таныстықтың алға шығуы салдарынан құр алақан қалып, әділетсіздіктің құрбаны болуынан алдын алады деп сенім артуға болады.
Қасым-Жомарт Кемелұлының мектепті енді ғана бітіріп, оқуға түсе алай қалған жастар мәселесіне де алаңдауы маған жақсы әсер қалдырды. Мемлекет басшысы дәл сондай жағдайға тап болған өскелең ұрпақ кез келген нәрсенің байыбына терең үңіле бермеуінен, жастық бумен қателік жасап, не болмаса қылмыстық немесе экстремистік ағымдардың жетегіне еріп кетуі әбден мүмкін екенін меңзеп, бұл бағытта нақты шараларды қолға алуды тапсырды. Алдағы уақытта президентің осы талабы негізінде қолға алынатын шаралар талай жасөспірімдердің тағдырын тәлкекке түсіретін қауіпті жолдарды бұғаттайды деп үміт артамын.
Жалпы еліміздің таяу жылдардағы дамуына жол ашатын басты бағыттар қамтылған бұл Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дүрлігу мен даурығу берекеге бастамайтынын, кез келген мәселені ашық диалог арқылы шешу қажет екенін нақты дәделдермен келтіріп өтті. Оған жету тек халыққа ғана емес, билік өкілдеріне көп байланысты екені түсіндірді. Жауапкершілік жүктелді. Міндеттер артылды. Және ол тапсырмалардың барлығы да халық көкейіндегі талаптарды дөп басты. Енді оның нәтижесін көру Сіз бен бізге көп байланысты екенін ұмытпайық.
Хамрақұл ҚОРҒАНОВ,
«Nur Otan» партиясы
Сайрам аудандық филиалының Саяси кеңес мүшесі.