Бюджет қаражатын игермеген министрліктер мәлім болды

Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында мемлекет бюджетінің шығындары 8 трлн. 910 млрд. теңгені құраған. Бюджет бүйірінен бөлінген бұл қаржының 4 трлн. 865 млрд. теңгесі әлеуметтік салаға бағытталған.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Жылдың 8 айындағы көрсеткіштерді түйіндеген министр бөлінген қаржылардың ішінде 74 миллиард теңгенің игерілмегенін атап өтті. Және де ол игерілмеген қаржылар қандай ведомстваларда қалыптасқанын айтып берді.
Еліміздің бас қаржыгерінің мәлімдемесіне сәйкес, аталған мерзім ішінде Ішкі істер министрлігі — 11 млрд., Қорғаныс министрлігі — 10,3 млрд., Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі — 10 млрд. теңге, Мәдениет және спорт министрлігі — 6,7 млрд. теңгені игермеген.

М. ӘБДІРАЙЫМ.