Шаһардағы 904 жас отбасыға жалдамалы пәтер кілті табысталады

ал, оған қол жеткізу үшін қандай құжат рәсімдеу қажет?
Биыл жұмысшы жас отбасылар үшін Нұр-Сұлтанда — 1050, Алматыда — 1050, Шымкентте — 904 пәтер сатып алу құқығынсыз пайдалануға беріледі.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет мәлімдеді.
Биыл Жастар жылы болып белгіленгені баршаға аян. Осыған байланысты ағымдағы жылдың қаңтар айында Елбасы, сол тұстағы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылу рәсіміне орай өткізілген форумда келешек иелерінің өмірін жақсартатын бес негізгі әлеуметтік мәселеге тоқталған еді. Олар жастарды жұмыспен қамту, өнерлі өрендерді қолдау, жастардың күш-жігерін жасампаздық пен өз мүмкіндігін жүзеге асыру арнасына бұру, жас отбасылардың денсаулығына, әлеуметтік инклюзивтілігіне қолдау көрсету мен ірі қалаларда жас отбасыларды баспанамен қамту еді. Осы бағытта нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізу үшін тиісті тапсырмалар берілген болатын. Олардың қатарында мегаполистерде жас отбасыларды баспанамен қамту болды. Бұл бағытта Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке «Жас отбасыларға арналған баспана мәселесі ірі қалаларда өткір екенін ескере отырып, Үкіметке алдымен Нұр-Сұлтанда, Алматы және Шымкентте жұмыс істейтін жастар үшін жылына 1 мың пәтерден кем емес құрылысты қамтамасыз ету қажет. Бұл пәтерлер жалдамалы баспана санатына жатқызылуы тиіс» деп шегелеген.
Елбасының осы тапсырмасы аясында мамыр айында жұмысшы жастар үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сынды еліміздің ірі қалаларының әрбірінде 1 мың пәтердің құрылысы басталған-тын.
Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет пайдалануға берілетін пәтерлердің кілті жас отбасыларға уәкілетті органның сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді беру туралы шешімі негізінде тапсырылатынын, осы бағдарлама негізінде «өз үйі өлең төсегіне» ие болатын жас отбасылар жалға берілетін пәтер құны үшін айына шамамен 10-12 мың теңге төлейтінін де атап өтті.
Бұдан бөлек ол, жастардың жалдамалы пәтерге ие болуы үшін қандай құжаттар өткізу қажеттігін де жіпке тізіп атап өтті.
Төраға келтірген мәліметке сәйкес, Елбасының Жастар жылына орай жас отбасылар үшін салынып жатқан жалдамалы пәтерге ие болу туралы өтінішті Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласының тұрғыны болып саналатын 29 жасқа дейінгі отағасы немесе отанасы бере алады. Тиісті ережеге сәйкес өтініш берген азаматтың міндетті түрде тұрақты жұмысы болуы керек. Жылжымайтын мүлкі бар тұрғындардың бұл санаттағы пәтерге қол жеткізу туралы өтінімдері кері қайтарылатынын да айта кетейік.
Жас отбасылардың жалдамалы пәтерге қол жеткізу туралы өтініштері қабылданғаннан соң, үміткерлер өтініш, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, білімі туралы құжаттың көшірмесі, неке қию туралы құжаттың көшірмесі (бар болған жағдайда), балаларының тууы туралы куәліктерінің көшірмесі (бар болған жағдайда), өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелерінің меншік иесінде жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтама, жұмыс орнынан анықтама, өтініш берушінің банк шотының болуы және оның нөмірі туралы анықтама, банк шоты бойынша ақшаның қалдығы мен ай сайынғы айналымы туралы үзінді, өтініш берушінің түрлі қызмет саласындағы жетістіктері сынды (бар болған жағдайда) жергілікті әкімдік талап еткен құжаттарды өткізуі қажет.
Қабылдау аяқталған соң, құжаттар атқарушы органның сүзгісінен өткізіледі.
Өз кезегінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет: «Құжаттар қабылданып, уәкілетті органның сүзгісінен өткеннен соң ұпайларға сәйкес санақ жүргізіліп, жалдамалы пәтер берілетін жастардың тізімі бекітіледі. Бұл тізімге ұпайларды есептеу кезінде өтініш берушінің кәсібі, отбасылық жағдайы, жеке кәсіпкерлік қызметі, бюджеттік қызметтерде жұмыс істеуі, шоттарының жинақтары ескеріледі. Ұпайлар тең түскен жағдайда өтінішті бірінші тапсырған жастарға басымдық беріледі. Сонымен бірге, негізгі талаптардың бірі – жастар табысы 40 АЕК-тен төмен болмауы керек. Мысалы, жалдамалы пәтер үшін жас жігіт 10-12 мың, оған қосымша коммуналдық шығындар үшін тағы 10-15 мың теңге төледі делік. Оның айлығы 110 мың теңге болса, яғни, ол жалақысының төрттен бір бөлігін банкте бастапқа жарна ретінде жинай алады», — деді.
Сонымен қатар ол, аталған бағдарлама 2021 жылға дейін жұмыс істейтінін атап өтті.

С. НҰРАЙ.