КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ МӘСЕЛЕ – МӘМС ЖҮЙЕСІНІҢ ТИІМДІЛІГІН ТҮСІНДІРУ

Елімізде 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетіні белгілі.
Өкінішіке орай, Қазақстанда 18 миллионнан астам халық бар болса, бүгінде соның 1 миллионының статусы анықталмай отыр. Қоғам қайраткерлерінің бірқатары осы жәйтке байланысты мәселе көтеріп, мемлекет қазірден бастап бұл проблеманы нақтылап алмаса, келесі жылы олар сақтандыру жүйесі негізінде азаматтарға көрсетілетін бірқатар медициналық қызметтерден қағылатынын, ол ойланатын жағдай екенін алға тартуда.
Осы бағыттағы мәселе Шымкенттегі денсаулық сақтау саласының мамандарын да толғандыруда. Қазіргі таңда үшінші мегаполисте 28 мыңнан астам тұрғын емханаларға тіркелмеген. Яғни, осыншама адам медициналық сақтандыру жүйесі бойынша ем алудан қағылғалы тұр.
Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев «БАҚ үшін медициналық сақтандыру» атты семинар-тренингте мәлімдеді.
Шаһардың бас дәрігері осы олқылықты реттеу үшін БАҚ өкілдері сала мамандарымен бірлесіп, қоғам арасында медициналық сақтандырудың тиімділігін түсіндіруге атсалысуға шақыруда.
Басқарма басшысы медициналық сақтандыру жүйесі бойынша емханаларға тіркелмеген азаматтар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, шет елден келгендер санатындағылар екенін алға тартуда.
Сонымен қатар ол, Шымкенттегі 36 мемлекеттік, 98 жекеменшік медициналық ұйымның барлығы дерлік келер жылдың 1-қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша азаматтарға қызмет көрсетуге толықтай дайын екенін де айтты.
Жуырда еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық ұйымның барлық қызметкерлері МӘМС жүйесінің қыр-сырын жетік меңгеру қажеттігін қадап айтқан. Осы тұрғыда Шымкенттің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев қаладағы 3 мыңнан астам дәрігерлер мен 8 мыңға жуық орта буынды медициналық қызметкерлердің барлығы дерлік МӘМС бойынша оқытылып, қажетті ақпараттарды меңгергенін мәлімдеді.
Қазіргі таңда Қарағанды облысы пилоттық жоба аясында жергілікті халыққа МӘМС жүйесі бойынша ем-дом көрсетуде. Өз кезегінде ақ халаттылар бұл сынақ жаңа жүйедегі мүлт кеткен тұстарды анықтап, оны 1-қаңтарға дейін реттеуге ықпал етеді деп мәлімдеуде.

С. НҰРАЙ.