СОТ ТӨРЕЛІГІНІҢ САПАСЫ АРТҚАН
Ағымдағы жылдың 6 айында Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына 15 196 талап-арыз түскен. Келіп түскен талап-арыздардың саны 2018 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 23 пайызға артқан.
Бұл туралы Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұхтар Парменов мәлімдеді.
Ол Шымкент қаласының аудандық және оларға теңестірілген соттарына келіп түскен 15 мыңнан астам талап-арыздың 905-і медиация тәртібімен аяқталғанын айтты. Бұл келіп түскен барлық талап-арыздардың 12,2 пайызын құрайды.
Сонымен қатар, қалалық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ербол Жанғазин ағымдағы жылдың І жартыжылдығы жөнінде де мәлімет таратты. Ол есепті кезеңде қаладағы соттарға 1310 қылмыстық іс түсіп, бұл былтырғы 6 аймен салыстырғанда 1,8%-ға көп екенін алға тартты. Және де ол, қылмыстық істерді қарауда сот төрелігінің сапасы арта түскенін, сөйтіп алты айда шығарылған сот актілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 17,7% артқанын жеткізді.
М. Әбдірайым.