ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ
Шымкентте жолаушылар ағыны өзге қалалармен салыстырғанда айтарлықтай көп. Жергілікті билік тұрғындарға көсетілетін қызметті сапалы ету мақсатында 2019-2020 жылдары су жаңа 1000 автобустың келетінін уәде еткен болатын. 19-маусым қала күні қарсаңында сол автобустардың 160 жеткізілген-тін. Жүзден астам бұл жаңа техникалар қаладағы қоғамдық көлік бағытына шығарылуда.
Осы аптада Шымкентте №16, №45 автобус бағыттары ашылды. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы аталған автобустардың бағыт сызбасы орталықтан шалғай жатқан шағынаудандарды қамтығанын алға тартуда. Айталық, №45 автобустың жол жүру сызбасы «Достық» шағынауданынан басталып, «Бекжан» базарынан өтеді. Содан соң, Ю. Гагарин көшесін бойлай, Республика, Тәуке хан даңғылдары арқылы жүріп өтіп, Ж. Тәшенов көшесінен Төле би көшесінедегі «Орталық базарға» аялдап, ары қарай теміржол вокзалына барады.
Ал №16 қоғамдық көлігі жолаушыларды “Shymkent bus” – Ферма» бағыты бойынша тасымалдайтын болады.
М. Әбдірайым.