«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» – МЕМЛЕКЕТТІҢ МӘРТЕБЕСІ
Шымкентте «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық екінші кезеңі болып өтті. Оған бірінші кезеңде аудандарда өткен конкурста іріктелген 16 шымкенттік отбасы қатысты.
Тартысты өткен сайысты Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырды. Жастар ресурстық орталығында өткен шарада жеңімпаз отбасын анықтайтын комиссия мүшелері қатысушылардың яғни, ата-ананың бір-біріне деген ілтипатына, көтерген шаңырақтарының қанша жылдан бері берік болып келе жатқандығына, ортақ перзент сүйіп, ұл-қыздарына үлгілі қаншалықты тәлім-тәрбие беріп, олардың тұлғалық қалыптасуына қалай мән бергендігіне басымдық берді. Нәтижесінде олар Шойбек Орынбай мен Нұрболат Сүттібайұлы Сермаңызовтың отбасыларын жеңімпаз деп таныды. Бұл шаңырақ иелері конкурс талаптарына сай өз отбасыларының қабырғасын қалыңдатып жүрген өнегелі жандар ретінде анықталды. Мәселен, қарымды қаламгер, білікті журналист Шойбек Орынбай өз жарымен бірге 42 жылдан бері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Оның сыралғы жұбайы Асхан Майлыбаева Қазақстанның Құрметті журналисті атағын алған. Олар өз саласының майталмандары болып қана қоймай, тәрбиелі ұрпақ өсіріп, аяқтан тұрғызып, олардың да қоғам дамуына септесін болуына зор еңбек сіңірген. Ал Нұрболат Сермаңызовтың отбасы алты бала тәрбиелеп, ата дәстүрді дәріптеп жүрген, ауыл шаруашылығына да сүбелі еңбек етіп келе жатқан азамат. Жеңімпаз 2 отбасына байқаудың шешуші үшінші кезеңіне қатысуға жолдама берілді. Енді бұл екі отбасы алдағы қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өтетін республикалық «Мерейлі отбасы» байқауында Шымкент атынан қатысып, қала мәртебесін асыратын болады.
Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев өткен жылмен салыстырғанда биыл конкурска қатысуға ниеттенгендер арасында көпбалалы және жас отбасылардың көп болғанын алға тартуда. Сонымен қатар ол:
– Қазіргі таңда отбасы құндылығы мәселесі дәріптеліп, үлкен деңгейде қаралып отыр. Жоғарғы сот тарапынан «Отбасылық сот» пилоттық жобасы жүріп жатыр. Шымкент қаласы әкімдігі да отбасы, балалар және жастар басқармасын құрды. Байқау жеңімпаздарын анықтауда ата-ананың ұл-қыздарын тағылымды тәрбие бергені, олардың бойында қандай да бір дарын болса, соны жас ерекшелігіне қарамай барынша дамытуға мән бергенін назарға алды. Мысалы, Шойбек Орынбай ағамыздың отбасындағы кенже ұлы Шапағат Орынбаев өнер саласында, Жайдарман ойындарында көзге түсіп, кино түсіру, клип түсіру жағынан да өзінің қолынан іс келетінін дәлелдеп, танылған азамат. Қазақта «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген жақсы сөз бар. Ата-ана баласын қалай тәрбиелеуі баланың алдағы үлкен өмірінде жетекші мәнге ие болатыны анық. Жалпы тағылымды тәрбиемен сусындалған ұрпақ кез келген отбасының мерейі дер едім, — деді.
Жалпы бұл конкурс еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен осыдан алты жыл бұрын ұйымдастырылған болатын. Биыл алтыншы рет өткізіліп жатқан конкурстың басты мақсаты – адамгершілік құндылықтарды және отбасы мен некенің жағымды бейнесін насихаттау, отбасы мәртебесін арттыру, отбасы институтын нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін күшейту, отбасылық құндылықтарды, сондай-ақ қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау және көрсету болады.
М. ӘБДІРАЙЫМ.