«ШЫМКЕНТ ЖАСТАР МӘСЛИХАТЫН ҚҰРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ»

Шымкент қаласының әкімі Ғ. ӘБДІРАХЫМОВ:

Алдағы уақытта үшінші мегаполисте Шымкент жастар мәслихаты құрылатын болады. Құрамы 29 жас депутаттан тұратын Шымкент жастар мәслихатында әр депутаттың өкілеттігі 2 жылды құрайды. Осыған орай Шымкент жастар мәслихатына сайлауға түсу бойынша кандидаттардан құжаттарды қабылдау басталып кетті. Құжаттарды қабылдау рәсімі ағымдағы жылдың 3-12 маусым аралығында жүреді. Белгілеген 10 күн ішінде үміткерлерден куәлік, өмірбаян, жетістіктері, эссе, бейнеролик, ұсыным хат, мекенжай туралы анықтама сынды құжаттар «Google» формасы арқылы қабылданады.
Сондай-ақ, сайлау комиссиясы Instagram әлеуметтік желісінің @resurstyq_ortalyq парақшасында кандидаттардың бейнероликтерін жүктейді. Соған сәйкес бейнеролик 2 000 онлайн лүпіл жинауы қажет. Егер түрлі себептерге байланысты әлеуметтік желіге тіркелмеген азаматтар болса, олар 500-ден аса қол жинауы тиіс. Ал 13-15 маусым күндері үміткерлерге Telegram (t.me/jastarmaslihaty) әлеуметтік желісі арқылы дауыс беріледі. Онлайн дауыс беру нәтижесінде Жастар мәслихатына 29 депутат, ал резервке 11 депутат көпшілік дауыспен анықталады. Аталған тәртіптің заңдылығын сайлау комиссиясы қадағалайды. Ұйымдастырушылар анықтама үшін +7 701 381 2892 телефонына хабарласуды ұсынуда.
Естеріңізге сала кетсек, осыдан біраз бұрын Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев Қоғамдық кеңес отырысында Жастар мәслихатын құру туралы бастама көтерген болатын. Қала әкімі, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары қатысқан бұл жиында аталған ұсыныс бірден қолдау тапқан еді. Осы жиында Шымкент басшысы Ғабидолла Әбдірахымов үшінші мегаполистегі әрбір төртінші тұрғын жастар екенін, сондықтан да бұл бастаманы жүзеге асыру уақыт талабы екенін, сайлау ашық әрі әділ болуыі үшін оны онлайн режимде өткізуді ұсынған.
Жиында қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жандос Қалтаев жастар мәслихатына сайлауға түсетін үміткерлер қала аумағында тұратын 14-28 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары болуы тиістігін алға тартты.
Сондай-ақ ол, Шымкент жастар мәслихаты 29 жас депутаттан құралып, өкілеттілігі екі жылға созылатынын жеткізді. Өз кезегінде ол – сайлауға қатысушы әр кандидат қоғаммен етене қарым-қатынас жасап, тұрғындардың қалай өмір сүріп жатқанынан хабардар болуы керектігін, жастар мәселесінде шешілмей жатқан түйіткілдерді анықтап, оларды шешу жолдары бойынша тиісті сайлауалды бағдарламалары да болуы керектігін, себебі олар билік басында қала жастарына тұрғын үй беру, жұмыссыздық деңгейін төмендету жалпы жастардың әлеуметтік деңгейін барынша жақсарту мәселелеріне қатысты күрделі шешім қабылдайтынын мәлімдеген еді.
М. ӘБДІРАЙЫМ.