Ардагер- ол ердің ері білгенге
Ардагер дегенде біз талай жылдар еңбек етіп, ұл-қыздарынан немере, шөбере сүйген, жасы егде тартқан кісілерді ойға аламыз. Негізінде науқас жанға шипасын дарытар емдеуші кісіні шипагер десек, түрлі әшекей істейтін шебер кісіні-зергер дейміз.
Сол сияқты ардагер деген сөз арда ойдың иесі, кемел ақыл мен пайымды парасаттың иесі, ары мен ожданынан басқа ештеңені биік санамайтын тұлғаны айтса керек. Жыр алыбы Жамбыл бабамыз, халық батыры. Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт- азаттық көтерілісі басшыларының бірі, Қазақстандағы азамат соғысының қаһарманы Амангелді Иманов туралы:
Ардагер Амангелді ердің ері,
Кең өріс, жалпақ дала туған жері.
Елі мен мекенінің туын ұстап,
Қол бастап қан майданда аққан тері,-деп тебірене жырға қосқанда Амангелді батыр бар-жоғы 45 жастағы қылшылдаған қырықтың беліндегі жігіт ағасы екен. Сол себепті де біз жасы үлкен аға-көкелерімізді, апа-әжелерімізді ардагер деп бағалап, құрметпен атауымыз-ол кісілердің әлі бізге, кейінгі жас ұрпаққа берері көп, айтар ақылы мен кемел кеңестері мол екенін біліп, бағамдағандықтан солай құрметпен атаймыз. Міне, осындай елге қарапайым еңбегімен сыйлы аға, апа атанған кісілерді құрметтеудің, ол кісілердің айтар ойы мен тәжірибелі де өнегелі өмір жолын үлгі ету мақсатында Жартытөбе ауыл әкімдігіне қарасты, Бабата ауылында аудандық, ауылдық ардагерлер кеңестерінің, М.Мәметова атындағы жалпы орта мектебі ата-аналар комитетінің бірлесе ұйымдастыруымен «Ардагерлердің абыройлы дара жолдары» атты танымдық, ғибратты кеші өтті. Бұл шара жыл басынан бері дәстүрлі түрде өткізіліп, ұйымдастырушылар ауылдағы қарапайым еңбек адамдарының өмір жолдарын жастарға насихаттап келеді. Бұл жолғы құрметті төрге Жартытөбе совхозына Ащысайдан 1949 жылы 16 жасында келін болып келіп, 60 жыл мал шаруашылығында еңбек етіп, елге, мемлекетке елеулі еңбегі сіңген 86 жастағы Тілеқабылова Әлима апамыз, ауылда талай жылдар құрылыс саласында, одан халқымызда асар деген дәстүрімізді жоғалтпай кезінде ауылдағы көптеген үйлердің кірпішінде қолтаңбасы қалған, елге ерінбей еңбек етіп бүгінде зейнетінің бейнетін көріп отырған Үдербайұлы Пернебай көкеміз, сонау солтүстіктегі Қостанай облысы, Қарабалық ауданынан Теріскейге келін болып түсіп, 1967 жылдан бері басынан орамалын тастамай, отбасында адал жар, ауылдың аяулы келіні атана жүріп, шаруашылықта да еңбек етіп, ұл-қыз тәрбиелеп, өсіріп, ұясы мен қиясына қондырған, бүгінгі күні ауыл-аймағының ардақты әжесіне айналған Қымбат Сәдубаева сияқты мақтауға да, марапаттауға, қошеметтеуге де лайықты жандар төрге шығарылып, олардың өнегелі өмір жолдары мектеп оқушылары мен ауыл жастарына кеңінен таныстырылды. Шараға «Nur Otan» партиясы Созақ аудандық филиалының бірінші орынбасары Ролан Әлжанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, Жартытөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мадияр Бейсембеков, ел ағалары Жетілген Сармантаев, Әліпбек Солтеков, ауыл биі Егізтай Есбаев, әжелер алқасы төрайымы Маруа Қайыржановалар қатысты. Дөңгелек үстелді Бабата ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әбдіраш жүргізіп отырды. Құрметті кісілерге марапаттаулар тапсырылды, ол кісілердің немерелері ән мен жырдан шашу шашты, ауылдастары мен туыстары, ұл-қыздары кеш кейіпкерлері туралы өткен жылдар белесінен естеліктер айтты. Әлима жеңгесіне Егізтай аға өлең оқыса, Пернебай атасына немересі Ерасыл жыр арнады, келіндері қобызда күй орындап берді. Қысқасы, көрген жандар айта жүрер, көрмегендер ести жүрер елеулі де, айтулы кеш өтті.
Мақсат Қарғабай.