«Адал жолды таңдаймыз» – жемқорлықты жеңудің басты ұраны
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастырумыен облыс аумағында өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мен оны алдын алу мақсатында бастау алған «Адал жолды таңдаймыз» марафон-эстафетасы Созақ ауданында да лайықты атап өтілді.
Ауданда ағымдағы жылдың 1-12 сәуірі аралығында өткізілген шара аясында аудандағы №24 колледждегі студенттер арасында «Адал жолды таңдаймыз» атты дөңгелек үстел өткізілді. Дәл осындай тақырыппен аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жол полициясымен бірге көлік жүргізушілері арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Сондай-ақ, мектеп оқушылары арасында «Жемқорлықсыз болашақ» тақырыбында флешмоб өтсе, жас отбасылар арасында «Толағай» отбасылық сайысы болды. Шолаққорған ауыл округіндегі барлық қоғамдық орындар мен мектептерде «Жемқорлықпен күрес ортақ іс» тақырыбында дайындалған үнпарақтар таратылды. Бұдан бөлек, Шолаққорған ауылы округінде жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті насихаттау үшін «Жемқорлықсыз – салауатты қоғам» тақырыбында кіші футболдан жарыс, Таукент кентінде «Сыбайлас жемқорлыққа төзбейміз» тақырыбында сурет байқауы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жас мемлекеттік қызметкерлер үшін Созақ ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік қызметтегі әдептілікті бақылау – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу негізі» атты семинар өтті.
Теріскейде кең көлемде аталып өткен бұл марафон-эстафетасы оған дейін Түркістан, Кентау қалаларында өткізілген-тін. Содан соң екі аптаға жуық уақыт Созақ ауданында ұйымдастырылған марафон-эстафета тізгіні Бәйдібек ауданына табысталды.
«Адал жолды таңдаймыз» жастар марафон-эстафетасын Созақ ауданынан Бәйдібек ауданына табыстау үшін 12-сәуір күні аудан орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында салтанатты жиын өтті. Онда «Адал жолды таңдаймыз» жастар марафон-эстафетасы аясында ұйымдастырылған түрлі шараларға қатысуда белсенділік танытқан бірқатар теріскейлік жастарға аудан әкімі Салхан Полатовтың Алғыс хаты және естелік сыйлықтар табысталды. Марапатталған жастар арасында Ақбота Жүсіпова, Бәжібай Абылай, Бердияр Әленов, Бауыржан Аманов, Елмұрат Керімхан, Ерулан Байменов, Жанболат Қалмұрзаев, Бибірайхан Егембердиева, Абзал Искаков пен Жандар Бекбергенұлы бар.
С. НҰРАЙ.