«Архив-2025» – тарихымызды түгендеудің жарқын жолы
Тарихшы әрі шежіреші Момбек Әбдәкімұлының «Түркістан облысының ХХ ғасырға дейінгі тарихына қысқаша шолу» атты тарихи-танымдық баянында мынадай жолдар кездеседі. «Қазақ тарихында кезінде арнайы зерттеліп, зерделенбеген соң, тасқа түсіп, том-том кітап болып жазылмаған соң, кино болып түсірілмеген соң ел есінде қалмаған айрықша оқиғалар өте көп» дей келе, сол заманды зерттеушілердің тым аздығына қынжылады. Және де ол 1456-1847 жылдардағы Қазақ Хандығы кезінде қазақ халқының ең болмағанда жиырма-отыз жылды бейбіт өткізбегенін, сондықтан да олар жан-жақтан анталаған жаудан қорғанып, сырттан соққан дұшпанмен алысып күн өткізгенін, бірақ сол жылдарда қазақ өз жері, өз намысы үшін қай жылда, қай айда және қанша рет соғысқанын ешкім де дәл айтып бере алмайтынын, десек те сол жылдардағы ең айтулы ұрыс қимылдарын нақты тарқатып жазу бүгінгі тарихшылардың міндеті екенін алға тартады.
Бұл мәселе тек тарихшыларды ғана емес, көптеген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды да толғандырады. Жуырда жарияланған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында президентіміз тарихи сананы жаңғырту бағытында алдағы жеті жылда қолға алу қажет бірнеше жобаларды ұсынған болатын. Соның бірі «Архив–2025» жобасы болып табылады. Өз кезегінде бұл жоғарыда көтерілген, яғни қазақ тарихының жазылмаған, қағазға түспеген, таңбаланбаған тұстарын зерттеуде көптеген ғалымдарға тың серпін беріп отыр.
Бұл тұрғыда мемлекет басшысы «Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр» деп атап өтеді. Мемлекет басшысының бұл ойлары сала мамандарына артылған зор сенім мен жүгі ауыр жауапкершілік екені сөзсіз.
Тарихи сананы жаңғырту бағытында зор мәнге ие «Архив-2025» жобасының арқасында елімізде ауқымды жұмыстар басталады. Қазақ тарихына байланысты алыс және жақын шетелдердің мұрағаттарында шаң басып жатқан деректер елге әкелінеді. Осы ретте Рим Папасының жеке архивінде біз әу-баста тілге тиек еткен Қазақ хандығына қатысты құжаттар бар екен. Енді Елбасының берген бағыты, көрсеткен бағдарымен сол құжаттардың өз елімізге әкелінуі үшін қарқынды жұмыстар жүргізілетіні белгілі. Табылған, қолға түскен деректердің барлығы жас ұрпақтың өз тарихын терең тануына жол ашады емес пе? Одан соң қауым халыққа қолжетімді болуы үшін деректердің барлығы бір ізге түсіріліп цифрландырылмақ.
Ең бастысы «Архив-2025» жобасы арқылы соңғы бір ғасырдың көлемінде талай шабуылдарды бастан өткерген, Ресей империясының қалауымен өзгертілген, Кеңес үкіметінің түзетуімен сүрлеуден өткен тарихымыз қалпына келетін болады. Соның нәтижесінде біз өз тарихымыздың ашылмаған тұстарын танып білуге қол жеткіземіз. Өз кезегінде бұл «Мәңгілік ел» болуды мақсат еткен қазақстандықтар үшін аса маңызды. Себебі, тарихын танымаған ұлт жер бетінен жойылып кетуі әбден мүмкін. Бұл сөзіме бүгінде тілдері өлі тілдер санатына жатқызылатын латын халқы дәлел.
«Өткенін ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр болады» деген. Ал Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы алға қойған «Архив-2025» жобасы сондай қатердің бізді айналып өтуінің жолы болмақ.
Мақаланы оқи отырып, көңілге түйген, санаға қонған ойымды Елбасының мақалада келтірген «Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады» деген сөзімен түйіндеуді жөн санап отырмын.
Марат Сапарбаев, М. Сапарбаев атындағы
ОҚГИ «Парасат» колледжінің президенті.