Руханиятымыздың бағдаршамы деп бағаладық

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқып, үлкен құптарлық істердің бастамасына арналған бағдаршам ретінде бағаладық.

Бұл мақалада Елбасымыз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды халқымыздың салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін тарихи жәдігерлерімізді танып, оны зерделеп әрмен қарай игілікті іс-шаралар жүргізуге үндеп отыр. Шын мәнінде тарихымызға тереңдеп көз жібертетін болсақ, біздің тарихымыздың негізі сонау ерте замандардан басталады. Осы мақалада Елбасы қазақ халқының сонау ерте кездерден бастап атқа мініп, аң аулап, өзінің қазба байлықтарын дайындауда да ерекше өнерінің бар екендігін атап көрсеткен. Сондай-ақ, Орта Азиядағы Жібек жолы бойына орналасқан еліміз халықтар арасындағы ынтымақтастықты, зияткерлікті дамытқандығын пайымдаймыз. Елбасы мақаласында ежелгі дәуірлерден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу керектігін де айтып, «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауды тапсырып отыр. Сондай-ақ, Елбасы мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи археологиялық қозғалыстар құру қажеттігіне де тоқталды. Елбасы мақаласында еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми көпшілік сериалдарды шығарып, оны тарату жұмыстарына белсене кірісу керектігін қадап айтты. Бұл мақаланың маңызы мен мәнін Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы деп қарастыруымызға әбден болады. Төл тарихымызды зерделесек оның өткені мен келешегіне бағыт-бағдар беретін «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала бүгінгі ұрпақтың тың бастаманы іске асыруға шақыратын дүние деп есептейміз.

Сәрсенбек ТЕҢІЗБАЕВ,
ақын.
Созақ ауданы.