«ҮЙДЕН ДЕ, АҚШАДАН ДА АЙЫРЫЛАСЫҢДАР…» Түркістанда құрылысқа қажетті жерді қайтару қалай жүріп жатыр?
Елбасының түгел түркінің рухани түпқазығы Түркістан қаласын дамыту туралы Жарлығына сәйкес тиісті жоба-жоспарлар түзіліп, оны жүзеге асыру жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Бұған дейін жергілікті билік Түркістан қаласының келешектегі бас жоспарына сәйкес, қала құрылысы мен сәулеті «Тарихи аймақ», «Рухани-мәдени орталық», «Әкімшілік-іскерлік орталық» аймақтары бағытында жүргізілетінін мәлімдеген. Соның ішінде «Рухани-мәдени орталық» аймағы Қ.А. Ясауи атындағы мешіттің айналасын қамтитын 98 гектар жерді құрайтынын айта кетейік.
Қазіргі таңда ол жерде Бас жоспарда көрсетілген жұмыстарды бастау үшін құрылыс нысандарына қажетті жерлерді сүру жұмыстары жүруде. Қалалық әкімдік сүру жұмыстары халықтың келісімімен ың-шыңсыз жүргізіліп жатқанын алға тартса, үйлері сүруге кеткелі жатқан бірқатар нысан иелері бағалау жұмыстарына наразылық танытқаны үшін жергілікті әкімдіктегі атқамінерлерден моральдық қысым көрсетіп жатқанын айтып, шу шығаруда.
Жалпы 98 гектар жерді құрайтын екінші аймақ «Рухани-мәдени орталықта» қажетті жерді дайындау мақсатында мемлекеттің мұқтаждығы үшін қайтарылатын нысандар саны 167-ні құрайды. Олардың 154-і тұрғын үй болса, қалған 13-і кәсіпкерлік нысандар.
Таяуда бұл нысандарды жаппай сүру жұмыстарының барысы туралы Түркістандағы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімі Әліпбек Өсербаев журналистерге мәлімдеме жасады. Өз сөзінде ол:
– Бүгінгі таңға 161 нысанның бағалау жұмыстары толық аяқталды. Қазір 6-на бағалау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес ұйымдастырылған конкурстың нәтижесінде нысандарды бағалау жұмыстарын «Экспо Оценка» ЖШС-і жүргізді. Бағалау жұмыстары біткен 161 нысанның бүгінгі таңда 91 меншік иесенің келісімі алынған. Бұл келісім алынған нысан иелерінің құжаттары толығымен аяқталып, тұрғын үй нысандарын босатып, бұзу жұмыстары басталып кетті. Отызға жуық азаматпен келісім жұмыстары жүргізілуде. Бағалау жұмыстарына келісім бермеген 40 нысанның құжаты заңға сәйкес сотқа жолданды», — деді.
Даудың басы сол әкім айтқан құжаттары сотқа жолданған 40 нысан иелерінің келісім бермеуінен ушығып отыр. Өз кезегінде «үйлерімізді нарықтағы бағадан төмен бағалап отыр» деп келісімдерін бермей жатқан тұрғындарға жоғары жақтағылардың «әмірін» екі етпей орындамағаны үшін олар биліктің бишігін ұстаған қалалық әкімдіктегі кейбір шенеуніктерден моральдық қысым көріп жатқанын ашық түрде айтуда.
Бұл туралы пікірге қала әкімі Ә. Шәріпбекұлы бағалау жұмыстарына келіспеген үй тұрғындарына өз тараптарынан бағалаушы шақырту туралы кеңесін беріп жатқанын, басқа басы артық сөз айтпағанын алға тартты.
Журналистермен өткізген брифингтен соң қала әкімін «Түркістан медиа» орталығының алдына жиналған жұртшылық қарсы алып, ішкі саясат бөлімінің басшысы мен қала прокуроры тұрғындарға мұндай шағымдарын шұғыл түрде тоқтатпаса үйден де, баспанадан да айрылатындарын айтып жатқанын жеткізеді. Ал Ә. Шәріпбек болса «артық кетіп, кем түскен» қызметкерлері туралы халық шағымын май шаммен қарайтынын мәлімдеді.
Осылай даумен басталып жатқан бұл іске енді сот нүкте қоятыны сөзсіз. Бірақ сот шешімінен бұрын кейбір шен-шекпенділердің тұрғындарға «үйден де, ақшадан да айырыласыңдар» деп «сес» танытуын қалай түсінуге болады? Сонда әкімдік қызметкерлері тұрғындар меншігіндегі нысандарды мемлекетке қайтару бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жөн сөзбен емес, бопсалаумен жүргізген бе?
Қ. ҚАЛИЕВ.