ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТУДЕ ТАЛАП-ТІЛЕКТЕР ШЕТ ҚАЛМАУЫ ҚАЖЕТ


Қаншама күрделі әрі қиналысты жылдарды бастан өткерген ата-бабамыз соңынан ерген ұрпағы үшін басына түскен сыннан сүрінбей өтуге, ұлан-ғайыр жерімізді жау қолына бермей оны аман алып қалуға Құдайдан көп жәрдем сұрағанын сезіну қиын емес. «Бір аштықтың да, тоқтығы болатыны» сынды, ата-бабамыздың арман еткен сол тілегі қабыл болып, алаш жұрты бүгінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда» күн кешуде. Мұндайда тіл көзіміз тасқа деген артықтық етпес.
КСРО-ның іргесі сөгілген соң, Қазақстанның егемендік алып, етек-жеңін жинап, тәуелсіздік арайындағы шуақты жылдарды өткізіп жүргеніне 27 жылдың көлемі болып қалыпты. Осы уақыт ішінде еліміздің тәуелсіздігін тұғырлата түскен түрлі оң тірліктер қолға алынды. Қазақстан кез келген мемлекет қол жеткізе бермейтін жылдамдықпен алға жылжып келеді. Жыл сайын көңілді көкке жетелейтін оң өзгерістерді бастан кешіруде. Дамыған елдердің кез келгенінің қолы барып, батылы жете бермейтін қадамдарға баруда. Және талпынған биіктерін абыройлы бағындыруда. Өткен жылы үш ай көлемінде Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін абыройлы өткізгеніміз сол сөзімізге мысал болады. Бұл арқылы Қазақстан төрткүл дүниеге дамыған отыздыққа ұмтылуда өзге елдермен терезесі теңесіп келе жатқанын көрсете алды.
Отыздықтың қатарынан табылуда еліміздегі мегаполистер мен облыс орталықтарының өзіндік мәнге ие болатыны анық. Биыл облыс жұртшылығының қолдауымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мақұлдауымен облысымыздың құлашы кеңіді. Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып келген Шымкентке дербес қала мәртебесін берді. Облысты бұрынғыдай Оңтүстік Қазақстан деп емес, Түркістан облысы деп аталуын, оның орталығы етіп Түркістан қаласын белгілеу туралы Жарлығын паш етті. Бұл 2018 жылдың күнтізбесіндегі 19 маусым күні еді. Жарлық жұртшылыққа жария болғаннан бастап, көпшіліктің оны дұрыс жол, игі қадам екенін айтып, қос қолдап қуаттауда. Қуаныштарын жұртпен бөлісуде. Ақжолтай жаңалықты жылы қабылдап, оған шын қуанғандардың қатарында өзім де бармын.
Күнгейдің Түркістан облысы болып өзгертілгені оң шешім болды. Оған негізде жоқ емес. Өйткені бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы болып аталып келген біздің аймақ ертеректе Түркістан өңірі деп аталған. Кейіннен Шымкент болып өзгертілді. Тәуелсіздік алғаннан соң Оңтүстік Қазақстан болып аталды. Ал бүгін Елбасының бастамасымен қазақылықтың қаймағы сақталған, қалың қазақ шоғырланған өңір Түркістан деген тұғырлы атты иемденіп отыр. Кезінде елімізді күзетіп, жерімізді жаулардан қорғаған, бойларына ерекше қасиет дарыған би, батырларымыздың «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» шешімдерінің қайтадан салтанат құруы, Елбасымыздың бабалар рухына тағзым етуден бір сәт жаңылмағанының жарқын көрінісі іспетті.
Түркістан бұған дейін түркі жұртының түп мекені, еліміздің рухани астанасы ретінде танылып келсе, құрамынан Шымкент бөлініп шыққан, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысының орталығы ретінде тағы бір рет абыройы асқақтай түсті. Ендігі кезекте оның облыс орталығы ретіндегі тіршілігі түлей түседі. Оған қаланың географиялық орналасуы да, әлеуметтік жағдайы да қауқарлы. Бұған Елбасының «Түркістан қай жағынан алсақ та, облыс орталығы болуға әбден лайық» деген тоқетер сөзінің өзі жетіп артылады. Тек мемлекет тарапынан үлкен қолдау, облыс әкімдігі тарапынан ерекше іскерлік, істің көзін таба білушілік, қолға алған тірлікті дұрыс үйлестіре алу жағы өз деңгейінде болса болғаны.
Қазіргі таңда Түркістанды облыс орталығы ретінде түлетуде алға қойылып жатқан негізгі мақсаттардың бірі – қаланың Бас жоспар Тұжырымдамасын сәтті таңдау болып отыр. Тұжырымдаманы әзірлеу үшін халықаралық конкурс жарияланғаны белгілі. Оған ұсынылған жобалардың көрмесі жақын күндері өткізілмек. Әзірге нақты жоба таңдалып алынбаса да, тиісті сала мамандары қаланың Орта-Азиялық стиль келбетіне боялуы қажеттігін алға тартуда. Оның себебін облыс басшысы Жансейіт Түймебаев былай деп өрбітеді.
«Түркістан – Қазақстанның рухани орталығы. Ендігі кезекте біз қаланы күллі түркі дүниесінің рухани-мәдени орталығына айналдыруымыз керек. Және ол түбі бір туысқан елдердің барлығына үлгі болуы қажет. Оны тағылымы мол терең тарихымыз арқылы мойындатуымыз керек. Қазіргі таңда, бізді құтқарып тұрған – Ясауи кесенесі, Құл Қожа Ахметтің аты. О кісінің рухы, абырой беделі биік болған. Оған арналып салынған мавзолейдің бәсі әлемдегі аты әйгілі архитектуралық ғимараттардан биік. Соны көру үшін Түркиядан, Малайзиядан, Индонезиядан миллиондаған туристер осы жерге ат шалдыруға әзір. Ол үшін біз көлік қатынасы мен қызмет көрсету сервисін реттеуіміз қажет. Алдағы уақытта Түркістанның Бас жоспарын әзірлегенде біз оның сәулеттік бет-бейнесінің сақталуына жіті мән береміз. Келген адам Түркістаннан жергілікті мәнерді көргісі келеді.
Бір атап өтерлігі Түркістан қаласында салынатын тұрғын үйлердің ешқайсысы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің биіктігінен аспайтын болады. Қаланың қай бұрышында тұрсақ та мавзолей мүмкіндігінше көрініп тұруы қажет. Бой көтеретін баспаналар Орта-Азиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулет үлгісінде салынуы жіті назарға алынады. Бой көтеретін ғимараттардың қасбеттері мен қабырғаларында ортағасырлық қазақ стилі, қазақ нақыштары көрініс табуы тиіс.
Яғни, қала осындай ескі келбетпен бой көтереді. Нәтижесінде Түркістанға табаны тиген тұрғын – ортағасырлық қалаға келгендей әсерге кенеледі».
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың Түркістан қаласының келешегі, оның жаңа кескін-келбеті туралы осылайша ой білдіруінің өзі оның осы бағыттағы жұмыстарды ішіне ене отырып орындауға, ел жұрттың сенімін күйретпеуге табанды талпыныс танытып жатқанын көрсетеді. Оның сол бағыттан айнымай баянды тірлік етуіне тілектестік танытамыз.
Жуырда жергілікті билік Түркістанның арғы-бергі тарихымен жақсы таныс сәулетшілер, суретшілер, тарихшылар мен археологтардың басын қосып, қаланың Бас жоспар Тұжырымдамасын жасауда қандай мәселеге мән беру керектігін, қай жерден артық кетіп, кем соқпау қажеттігін пысықтаған болатын. Сонда сала мамандары орынды ұсыныстарын ортаға салды. Ендігі кезекте жергілікті билік Түркістанның тынысын аша түсуде неге мән беру қажеттігі туралы әр саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандардың сол талап-тілектеріне ден қойып, лайықты тірлік етіп, сенімнің үдесінен шыға білгені абзал.

Нұралы ӘБІШЕВ,
Түркістан облыстық
мәслихатының депутаты.