ЕКІНШІ КЕЗЕҢГЕ ДЕ ЕКПІН КЕРЕК

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы еліміздегі ертеңінен үлкен үміт күттіретін, білімі мен қабілетімен танылған, өз істерінің нағыз шеберлерін анықтап берді. Осы жобаға қатысқан Түркістан облысының жастары арасынан алты бірдей ардақтымыз жаңа есімдер қатарын толықтырды.

Солардың ішінде біз «Отау Групп» компаниясының президенті Қайрат Молдасейітовті, «Қайып ата» ЖШС директоры Сырым Ертаевты, ҚР мәдениет қайраткері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбековті, Азия чемпионы, Әлем кубогының қола медаль жүлдегері, Қазақ күресінен Азия және Евпопа чемпионы, 2016 жылы Рио (Бразилия) қаласында өткен параолимпиадалық ойындарына дзюдо түрінен қатысушы Құралбай Орынбасарды, 2016 жылы Индонезияда өткен каратэ-до шотаканнан әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2017 жылғы Орталық Азия чемпионы, осы жылы Қырғызстанда өткен ашық чемпионатының жеңімпазы, каратэ-до шотаканнан ұлттық құрама мүшесі Эдуарда Велькті, қазақтың ұлттық зияткерлік спортының қазіргі жарық жұлдызы, тоғызқұмалақтан әлемнің 7 дүркін чемпионы Әсел Далиеваны мақтаныш тұтамыз. Бұлар Түркістан облысының даңқын аспандатып, абыройын асқақтатып жүр.
Биылғы тамыз айында аталмыш жобаның екінші кезеңі басталды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жобаға біршама өзгерістер енгізіп отыр. Айталық, алғашқы іріктеу кезінде бұрын азаматтар өзін-өзі ұсына алса, бұл жолы іріктеу жобаға қатысу туралы өтініштерді үкіметтік емес ұйымдар арқылы береді.
Танымал кәсіпкерлер бизнес қауымдастықтары, ал жастар өз саласындағы ұйымдар арқылы өтініштерін тіркете алады. Ұсыныс беруші ұйым өз жеңімпазының насихатшысы болады. Екінші кезеңде жалпыхалықтық танымалдылыққа ие тұлғаларды жан-жақты насихаттау көзделуде. Тағы бір айта кетерлік жәйт, бұрын жобаға ұсынылып, өтпей қалған талапкерлер бағын тағы да сынап көре алады. Оларға қойылар талап біреу ғана. Ол-Қазақстанның дамуына өзіндік үлесін қосу.
Екінші кезеңге өтінім қабылдау 10 қыркүйекке дейін жалғасады. Өтініштер пулын арнайы жасақталған сарапшы топ зерттеп, лайықтылар el.kz сайтына жарияланады. 20 қыркүйектен 10 қазанға дейін онлайн дауыс беру жүйесімен жалпыхалықтық дауыс беру қорытындысы арқылы жеңімпаздар іріктеледі. Қатысушылар Қазақстан азаматы болуға тиіс. Екіншіден, кәмелет жасына толуы қажет. Үшіншіден, мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал ететін қызмет саласында еңбек етуі керек. Төртіншіден, заманауи Қазақстан келбетін өз жетістіктері мен табыстары арқылы бейнелей алатын тұлға іріктеуден өте алады. Бесіншіден, ол Қазақстан дамуына нақты үлес қоса алған азамат болуы тиіс. Міне, осы талаптарға нақты жауап бере алғандар жеңімпаздар қатарынан көрінуі мүмкін. Олар рухани тұрғыдан өзін-өзі жетілдіре алады. Ал, бизнеске қатысы барлары насихат жұмыстары арқылы істерін одан әрі дамытуға мүмкіндік ашады.
Бұған көптеген мысал келтіруге болады. Айталық, Қайрат Молдасейітов пен Сырым Ертаевтың тастары өрге домалап тұрғаны насихат жұмыстарының тыңғылықты жүргізілуінен де екенін айта кетуіміз керек.
Сөз жоқ, байқауға қатысушылар ел тарихында ерекше қолтаңбасымен қалады. Мәселе, сыйлықта ғана емес. Өзіндік қолтаңбасы бар азаматтар қай қоғамда да лайықты орынға ие болады. Олардың ерен еңбегі жастарға, талаптанушыларға үлкен ой салары анық. Ал, өз кезегінде іріктеуден өткен азамат елінің тұтқасы болуға ұмтылмақ. Рухани жаңғырудың басты мақсаты да сол – қуатты Қазақстанды дамыта, гүлдендіре түсу.
Еліміздің лайықты тұлғаларын табуға бір кісідей атсалысайық.

Бақытжан ӘШІРБЕКОВ,
Түркістан облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жобалық кеңсе
жетекшісі.