«Өлкетану» өрендердің рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастырады

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртуда еліміздегі қасиетті орындар мен кешендердің маңызы ерекше екені аталып өтеді. Осыған орай Қазақстандағы жалпыұлттық деңгейдегі киелі орындарын анықтап, оның тізімін жасау міндеті алға қойылған болатын. Бұл жауапты іс үшін арнайы ғылыми сараптамалық кеңес ашылып, оған белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері тартылған-тын. Соның негізінде аймақтарда құрамында жергілікті өлкетанушылар, ғалымдар, облыстық әкімдіктің қызметкерлері бар жұмыс тобы құрылады. Олардың берген ұсыныстары жан-жақты зерттеліп, сүзгіден өткізіліп, Қазақстанның 100 қасиетті орындары мен кешендерінің тізімі анықталады.

Өз кезегінде сол нысандар бес топқа жіктелетінін атап өтейік. Олар, ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері, археологиялық ескерткіштер және орта ғасырлық қалалық орталықтар, діни және ғұрыптық орындар, тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар мен саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар болып табылады.
Бұл тізімге Түркістан облысындағы 25 нысан енгізілді. Олар, Қазығұрт тау кешені, Жылаған ата бұлағы мен үңгірі, Ақмешіт үңгірі, Отырар, Ясcы (Күлтөбе, Түркістан), Сайрам, Сауран, Созақ қалашығы, Арыстан баб, Қарабура, Есім хан, Хақназар хан, Үкаш ата, Баба Түкті Шашты Әзіз, Ибраһим ата, Қарашаш ана, Гауһар ана, Бәйдібек би, Домалақ ана кесенелері, Исмайл ата сәулет кешені, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени кешені (Қ.А.Яссауи кесенесі, Салқам Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Шақшақ Жәнібек, Қаз Дауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай, Жауғаш батыр және басқада ұлы тұлғалардың жерленген жері), Бірлік — Ордабасы мемориалды кешендері мен Таңбалы тас ескерткіштері. Бұл нысандар облысымыздың Түркістан қаласы мен Отырар, Сайрам, Қазығұрт, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ аудандарында орналасқан.
Олардың әрбірінің тарихына терең бойлау адамзатты бірлікке ұйытып, олардың өне бойына ізгілік, адамгершілік, мейірімділік, сабырлылық пен табандылық сынды қасиеттердің мәңгілік тұрақтауына ықпал етпек. Сонымен қатар, қоғамдық сананы жаңғырта отырып, ата-бабадан аманат болып қалған ұлан байтақ жерімізді, қасиетті орындарымызды көздің қарашығындай қорғауға бастамақ. Осы игілікті мақсатқа қол жеткізу үшін қазіргі таңда жер жерлерде мектеп қабырғасында бесінші, алтыншы, жетінші сыныпта оқитын оқушылар үшін «Өлкетану» дәрісінің өткізілуі қолға алынуда. Аталған пәнде өскелең ұрпақтар қазақ елінің ұлт болып қалыптасуы жолында зор маңызға ие болған Қазақстанның тарихи мәдени орындары мен киелі жерлерімен жақын танысады.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып жатқан бұл бастама бізге зор жауапкершілік жүктейді.

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.