«ҚАУЫН ФЕСТ» шаруаларға қарқын береді
Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы басым бағыттардың бірінше аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы қажеттігі баса айтылады. Бұл туралы ойын мемлекет басшысы «Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс» деп келтіреді. Өз кезегінде бұл ала жаз бойына қолынан кетпенін түсірмейтін диқандар қауымын қанаттандыра түсті. Бірақ, Жолдауда көрсетілген міндеттер бойынша жетістікке жету жолында шаруалардың жұмыс жүргізуі кеңестік жүйеден бері келе жатқан тозығы жеткен ескі сүрлеумен емес, қазіргі заман технологиясымен сабақтасып, барынша жаңғыра түсуі тиіс.
Өз кезегінде бұл жыл сайын егіс алқабында бақша өнімдерінің мыңдаған тонна көлемінде қалып қоюын болдырмайды. Нәтижесінде шаруалар шығыны азайып, телегей теңіз табысқа қол жеткізеді. Жолдауда жүктелген осы міндеттердің аз уақыт ішінде іске асуына Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы да ерекше сүрлеу салды. Аталған бағдарламалық мақалада Ұлт Көшбасшысы «…кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді» деген сөздері, шаруаларды қандай да бір істі қолға алмас бұрын жан-жақты ізденіп, қазіргі заман талаптарына төселіп, әбден електен өткізілген жүйелі жобалар негізінде жұмыс істеуіне негіз қалайды. Уақыт өткен сайын бұл оң өзгерістің қанат жаюы еңбек қоғамы үшін де, мемлекет келешегі үшін де өте тиімді. Осы бағытта жергілікті билік түрлі іс-шараларды қолға алып, тың серпілістің тууына жағдай жасауда. Кешегі аптада Жетісай ауданы, Жетісай қаласындағы орталық саябақта «Қауын фест» атты облыстық фестивальдің өтуі сол сөзімізге толық дәлел бола алады.
Фестиваль ағымдағы жылдың 25-тамызында Түркістан облысы әкімдігінің бастамасымен, Мақтарал мен Жетісай аудандары әкімдіктерінің бірлесе ұйымдастыруымен өткізілді. Жетісай қаласының орталық саябағында өткізілген шараға Жетісай ауданының 9 ауыл округі әкімдігі мен облыстың 8 аудан, қалаларының шаруалары өсірген 27-түрлі сорттан тұратын 30 тоннаға жуық қауын әкелініп, көпшілік назарына ұсынылды. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған тың бастамаға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық мәслихат депутаттары, өңір ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, этномәдени орталықтардың төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Айшықты шараның мақсаты да ауқымды. Ол – бақша дақылдарынан өндірілетін өнім түрлерін көбейту, бақша өнімдерін терең өңдеуді қолға алуды жандандыру, сол іске кәсіпкерлерді тарту, диқандардың өзара тәжірибе алмасуына мол мүмкіндік сыйлау болып табылады.
Облыс диқандары өткен жылы 1250 мың тонна бақша өнімдерін өндірсе, биыл бұл көрсеткіш 1330 мың тоннаға жетіп отыр. Яғни, өнім өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 80 мың тоннаға артқан. Оның 771, 4 мың тоннасы қауын болса, 558,6 мың тоннасы қарбыз. Гектар түсімі 220 центнерді құраған. Республикада өсірілген қауын-қарбыздың 65 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Аймақта мақтаға қарағанда бақша өнімдерінен түскен табыс 5 есеге көп.
Облыста өндірілген бақша дақылдарының 44 пайызы Мақтаарал мен Жетісай аудандарының үлесінде. Көрсеткіш көңіл тоғайтқанмен, ойландыратын мәселелер де бар. Жиынды бастап, сөз алған облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлы осы жайында:
– Жыл сайын облысымызда бақша өнімдерінің 40 пайызға жуығы егістік алқабында қалып қояды. Бұған аталған дақылдардың өнімін қайта өңдеу кәсіпорындарының аздығы да себеп. Егер істің көзін таба білсек, оларды дер кезінде жинап алу арқылы, терең өңдей отырып, көл-көсір табысқа қол жеткізуге әбден болады. «Қауын фест» арқылы біз кәсіпкерлерді осы бағытта жұмыс жасауға шақырамыз. 2018 жылы Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылатын жобалар мен іс-шаралар қайта қаралып, олар ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға негізделген болатын. Соның нәтижесінде биылдан бастап облыстың әр аймағында ауқымды шара өткізу және оларды дәстүрге айналдыру қолға алынды. Бүгінгі облыс тарихында тұңғыш рет өткізіліп отырған «Қауын фест» облыстық фестивалі сол игі бастамалардың жалғасы,-деді.
Облыста өндірілетін қауын-қарбыздың басым көпшілігі осы Мырзашөл жерінде пісіп шығатынын айтып өттік. Былайғы жұрттың Жетісай мен Мақтаралды қауын-қарбыздың атасы деп атауының мәнісі де осында жатыр. Жыл сайын бақша дақылдарын жинаудан осы аудандар облыс бойынша рекордтық көрсеткішке ие болып келеді. Шараның Жетісай жерінде өткізілуінің себебі де осында. Бірақ олардың басым көпшілігінің кәдеге жаратылмай қалатыны алаңдарлық жәйт. Алдағы уақытта бұл диқандардың көңіл-күйін тас бастырғандай етіп көтермей, олардың бұл іспен айналысуын тастап кетуіне кері әсерін туғызуы бек мүмкін. Сондықтан да, облыстың бақша дақылдарын өндірудегі жоғары көрсеткішті сақтап қалуында «Қауын фест» мол мүмкіндік береді. Қалай дейсіз ғой? Себебі, аталған фестивальде кәсіпкерлерге толағай табысқа кенелер кәсіптің тізгінін ұстау жолдары ұсынылды. Яғни, шарада қауыннан жасалған шырын, тосап, балмұздақ, иогурт, құрт және тағы басқа дүкен сөрелерінен табыла бермейтін өнімдер таныстырылды. Енді осы игі бастаманы ары қарай алып кететін кәсіпкерлер табылып жатса, алдымен ол осы шараның арқасы деп білген абзал.
Облыстың біраз жұрты бет алған бұл шарада қауынның бірнеше сорттары таныстырылды. Оның бірі Шардарада өсірілсе, келесі бірі Келесте піседі. Жан-жақтан ағылған шаруалар әріптестерімен бірге оларды өсірудің технологиясымен танысып, өзара тәжірибе алмасты. «Саусақ біріксе, ине ілігетіні» сынды, балағында биті бар шаруалардың бас қосып, кеңесуі алдағы уақытта да талай толымды тірліктердің түзілуіне жол ашады. Мұны іс-шараның тағы бір жемісі деп түсініңіз.
Елбасының «Рухани жаңғыру» атты мақаласында «…ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатарының сипаттарын өзгерту» қажеттігін атап өткен болатын. Ендігі кезекте диқаншылар осы бір қағидаға сүйеніп, бүгінде ұмыт бола бастаған қауынқақ пен қауынқұртты әзірлеуді қайта жаңғырта отырып, отандық өнімнің дамуына септесін болады. Мұны «Қауын фесттің» келесі бір ғажабы деңіз.
Жиында облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлы еңбекшілер қауымының еңсесін көтерген осы шара аясында тосап дайындаушылар сайысы, «Ең үлкен қауын», «Ең дәмді қарбыз», «Ең тәтті тосап», «Ең үздік бақша өнімдерін ұсынған ауыл әкімдігі» атты номинациялар бойынша жеңімпаз болғандарды құттықтап, оларға арнайы әзірленген тиісті марапаттар мен сыйлықтарды табыс етті. Ал ең үздік бақша өнімдері көрмесін дайындап бас жүлдені жеңіп алған Абай ауыл округі (әкімі Қанат Тілеуұлы) және Жаңа жол ауыл округіне (әкімі Мұхан Бәйімбетов) аймақ басшысы «Нива» автокөліктерінің кілтін салтанатты жағдайда тарту етті.
Жиын барысында өңір басшысы Жансейт Қансейітұлы келер жылдан бастап бұл фестивалдың аясы кеңейіп, жыл сайын тамыз айында «Қауын фест» фестивалімен қатар «Қауынғақ», «Қауында да қауын бар», «Қарбызды Оңтүстікте дарбыз дейді» атты байқаулар мен жәрмеңкелер қоса-қабат атқарылатынын атап өтті. Егер бұл іске асса «Қауын фесттің» деңгейі немістердің «Октоберфест», татарлардың «Сабан тойынан» бір мысқал кем түспейтін болады.
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Бағзы замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, аста-төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды», – деп ысырапшылдыққа жол берудің соңы қандай кері кеткен тірлікке апаратынын ащы мысалмен түсіндіріп берген болатын.
Биыл түркістандық шаруалар жалпы 61,4 мың гектар жерге қауын мен қарбыз еккен. Соның ішінде Мырзашөлдік бағбандар 19 500 гектарға қауын, 7 564 гектарға қарбыз тұқымын сепкен. Облыс диқандарының табанды еңбегінің арқасында осы жылдың жеті айында Ресей, Беларусь, Латвия, Германия сынды елдерге 176 мың тоннадан астам қауын-қарбыз тең-тең ғып экспорттаған. Оның 60 мың тоннадан астамы Ресей елінің нарығына жеткізілген. Егер күнгейің қауын-қарбызының дәмі тіл үйірмесе, мұндай сұраныстың болмайтыны ақиқат. Бірақ солай екен деп бүгінгі көрсеткішке тоқмейілсіп қалмай, оларды терең өндіруді қолға алуға шындап кірісуіміз қажет. Егістік жерінде бақша дақылдарының көптеп қалып қоюы диқандардың көкейіне көптен бері маза бермей келе жатқан мәселе. «Жомарттың қолын жоқтық байлайтыны» сынды олар өздігінен іс тындырайын десе инвестицияның болмауы оған қолбайлау болады. Сондықтан да, бірді екі ете алатын кәсіпкерлер қауымы осы мәселеге жіті мән беріп, диқандармен кең отырып сөйлесіп, кеңесіп, бақша дақылдарын терең өндіру бойынша түйіткілдердің түйінін тарқатуға атсалысса нұр үсіне нұр болар еді. «Қауын фесттің» игі мақсаты да, ізгі тілегі де осы болмақ.
С. НҰРАЙ.
P.S. Жалпы бұл шара Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың тың бастамасы болды. Жұртшылықты жұдырықтай жұмылып, бірге жұмыс істеуге баулыған, сол арқылы диқандар қауымының еңбегін рәтті етуге бастаған «Қауын фесттің» болашағы баянды боларына сенімдіміз. Фестивалден соң, іле Алматы облысы алдағы уақытта өз жерінде осындай байқауды ұйымдастыруды қолға алуға ниеттенгені соның жарқын мысалы. Айтпақшы, биыл «Қауын фест» Жетісайда өтсе, жергілікті билік оны келер жылы облыс орталығы Түркістан қаласында өткізуді ойластыруда. Және оған еліміздің әр аумағына сауын айтып, республикалық деңгейде атап өту жоспарланып отыр. Нәтижесінде жер-жерден келген жұрт күнгейдің тәтті қауын қарбызынан дәм татып қана қоймай, туристік нысандарымызды аралайтын болады. Бұл облыстың туризмін дамытуға даңғыл жол ашпақ. Бұдан «Қауын фест» тек ауылшаруашылық саласын ғана алға жылжытып қана қоймай, кәсіпкерлік пен туризмнің дамуына ықпал ететінін бағдарлауға болады.
«Қауын фестті» ұйымдастыруда Мақтарал мен Жетісай аудандарының әкімдіктері «әрқайсымыз өз еншімізді алдық» деп өзгелер сынды шала бүлінбей, керісінше оған барын да, нарын да салып, шараны ынтымақты түрде ұйымдастыруы да көңілді тоғайтты. Мұндайда «апалы-сіңлілі тату болса, үйді гүлстан етеді» деген сөз ойға еріксіз оралады.