Сырлы Cозақ салтанаты


Өндірісі өркен жайған, шаруасы шалқыған аумақ дегенде тіл ұшына Созақ ауданы орала кетеді. Оған мына көрсеткіштер негіз бола алады. Бүгінде Созақ ауданы Түркістан облысы бойынша дотациядан арылып, керісінше донарлы аумаққа айналған құтты жер. Құтты деп айтуымыздың да жөні бар. Себебі оның қойнауы байлыққа толы. Нақ осы байлықтың арқасында бұл аудан қазіргі таңда инвесторлар үшін ең тиімді өңірге айналып отыр. Кеңес үкіметі кезеңінде дамуы жағынан республикада ең артта қалған 30 ауданның қатарында болған Созақ қазіргі таңда әуелі Құдайдың аямай берген ен байлығының, одан соң сондай ырыздыққа кенелсе де, ақ пейілдерінен айнымаған еңбекқор жұртының және Тәуелсіздіктің ақ таңының арқасында территориясы жағынан да, экономикасы жағынан да облыста алға шыққан аудан болған.
Төрдегі жас – 90 жылдығын тойлап отырған Созақ ауданында 35 елді мекен бар. Оның 23-і орталықтандырылған ауыз су құбырына қосылған. Қалған ауылдарды сапалы ауыз сумен қамту үшін тиісті жұмыстар орындалуда. Ауданға көгілдір отынды алаулатып жеткізу бағытында бюджет есебінен жобалық-сметалық құжаттамалар жасалуда.
Жыл басынан бергі 8 айдың қорытындысымен ауданға 22 млрд 506 млн инвестиция тартылып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,6 пайызға немесе 1 млрд. 593 млн теңгеге артқан. Мұндағы «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының 9 қуатты кәсіпорнында 10 мыңға жуық адам істесе, соның 7000-ы созақтықтар. Аудан бюджетінің 65-70 пайызын осы кәсіпорындардан түскен табыс құрайды.
Бұл игі жетістіктердің барлығы халықтың жүзіне қуаныш сыйлап қана қоймай, оның ертеңге деген сенімін еселеді. Ағымдағы жылдың 11-12 қазанында өзінің тоқсан жылдық торқалы тойын атап өту қарсаңында ауданда ашылған бірнеше нысандар созақтықтардың қуанышын тағы да арттыра түсті.

Игі іс – баянды болашақтың нышаны

Тоқсан жылдығында Созақ ауданында жергілікті халық үшін аса маңызды бірнеше нысандар ашылды.
Солардың бірі Құмкент ауылындағы спорт кешені. 2017 жылдың желтоқсанында құрылысы басталған бұл кешен үшін жергілікті бюджеттен 153 млн. теңге қаржы қаралған. «Ноутилус» атты мердігер мекеме құрылысын жүргізген бұл нысан қазан айында ел игілігіне берілді. Жергілікті жердегі 19 азаматты жұмыспен қамтыған онда күрес, бокс, футбол және волейбол ойындарының секциялары жұмыс жасамақ. «Спорттың бір сиқыр» екенін терең түсінетін жергілікті халық үшін ақжолтай ақпарат болған мұндай жаңалық мұнымен шектеліп қалмады. Бұдан бөлек, ауданның Қарағұр ауылында 2 спорт алаңшасы мен бір балалар ойын алаңының лентасы қиылды. Және де «Жастар» саябағы ашылды. Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «қолданыстағы әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет» деген талабын ескере кетсек, бұл атқарылған істер нағыз дер шағында қолға алынған тірлік екеніне анық көз жеткізесің. Және бұл нысанды «Samruk-Kazyna Trust» корпаротивті фондының демеушілігімен соғылғанын еске түсірсек, тағы да марқая кетесің. Аталған компания бұдан бөлек, Таукент кентінде кіші футболдан спорт алаңын, балалар ойын алаңының құрылысын бастан аяқ жүргізіп берді. «Ауылына қарап азаматын таны» деген осындайда айтылса керек.
Сонымен қатар, айтулы мереке қарсаңында «КАТКО» БК ЖШС-нің демеушілігімен Жартытөбе ауылында алаңы 800 шаршы метр спорт алаңшасы, 1 балалар ойын алаңы «Астана қаласына 20 жыл» саябағы, 75 орынға лайықталған «Асылжан» бөбекжай-балабақшасы ел игілігіне берілді.
Биыл бірнеше ауыл округтеріндегі атап айтқанда, Жартытөбе ауылы, Сызған, Жуантөбе, Шолаққорған ауылдары мен Қызылкөл елді мекенінің негізгі көшелері аудандық бюджет есебінен жарықтандырылды.
Созақтың 90 жылдық белесті бағындыруына орай ұйымдастырылған кезекті бір шарада Шолаққорған ауылында 50 орынға лайықталған «Айжан» балабақшасы ашылды. Жалпы бүгінде Созақ ауданында 43 мектепке дейінгі ұйым бар болса, оның 17-мемлекеттік, 16-жекеменшік, 10-шағын орталық болып табылады. Өрендердің балабақшамен қамтылу көрсеткіші 90 пайызды құрайды. Бұл облыс бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі екенін айтып өтуіміз керек. Сондай-ақ, Шолаққорған ауылында жеке кәсіпкер Терімалиева Алмагүлдің өз қаржысы есебінен «Жібек жолы» атты тұрмыстық техника және электроника дүкені ашылды. Одан өзге аллея, спорт және балалар ойын алаңшасы мен «Street Workout» спорттық алаңының тұсауы кесіліп, олардың барлығы аудан орталығына ерекше әр кіргізді.
Бұдан өзге Балдысу, Раң ата, Шаға, Ақсүмбе елді мекендерінде медициналық пункттер пайдалануға берілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырысымен салынған бұл медициналық тіректердің әрбірі үшін 30,0 млн теңге қаржы жұмсалды.
Теріскейдің 90 жылдық тойы қарсаңында пайдалануға берілген бұл нысандардың ашылу салтанатының көпшілігіне аудан басшысы Салыхан Полатов арнайы қатысты. Онда ол аудан халқын айтулы күнмен құттықтап, ізгілікке толы тілектерін жолдады. Ауданның 90 жылдығы қарсаңында есімдері елге белгілі ақындардың қатысуымен «Сырлы Созақ» тақырыбында ақындар айтысы ұйымдастырылды. Бұл сайыста бас жүлдеге ие болған Жарқынбек Наушабековке аудан әкімі С. Полатов 1 млн. теңгенің сертификатын тапсырды. Бұдан соң аудан басшысы Созақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға Созақ ауданының Құрметті азаматы атағын салтанатты жағдайда табыс етті.
Айтулы күн қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараларға қатысу үшін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ауданға
арнайы ат басын бұрды. Өз кезегінде ол аудан ауруханасына облыс әкімдігі атынан санитарлық автокөліктердің кілтін табыстады. Мұнымен қатар облыс әкімі Ж. Түймебаев мерекеге орай Шолаққорған ауыл округінде орналасқан «Тәуелсіздік» саябағына, Ж.Әділбеков, Б. Әлібайұлы, Б. Әметшаев, Ә. Жынысбаев, Ж. Дәуітбаев, Қ. Архабаев, Ү. Тастанов Т. Тұяқбаев, К. Бөрғазиев сынды Социалистік Еңбек Ерлері мен шерітпе күйдің шеберлері С. Әліұлы, Ж. Қаламбаев, Т. Момбеков, Г. Асқаровтардың құрметіне жасалған ескерткіш-бюст аллеясының салтанатты ашылуына қатысып, Созақ жұртын былай деп құттықтады.
– Бүгін ауданның құрылғанына 90 жыл толу мерекесіне орай түрлі әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Бұл үлкен тарту. Созақ ауданы әлеуметтік-экономикалық дамуы өркендеген өңір ғана емес, тарихи тұлғаларды дүниеге әкелген жер. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов Созаққа келген сапарында «Созаққа барсаң күйшімін деме» деп баға берген. Ұлт, мемлекет дамуы жолында аянбай еңбек еткен, азаматтардың есімін ел жадында қалдыру мақсатында «Социалистік Еңбек Ері» атанған азаматтардың бюсттері орнатылып отыр. Тарихымызды танып, мемлекет дамуы жолында еңбек еткен азаматтарды мадақтап, есімдерін ел жадында мәңгі қалдыру біздің басты мұратымыз.
Облыс әкімі бастаған көш бұдан бөлек, «Созақ – жыр, Созақ – сөз, Созақ – өнер» атты ғылыми-теориялық конференцияға қатысты. Тізгін қағары аймаққа белгілі жазушы Мархабат Байғұт болған бұл конференцияда ауданның тарихы жайлы бейнефильм көрсетіліп, жазушы Өтеш Қырғызбаев, ғалым Нариман Нүрпейісов, Мұхтар Қожалар баяндама жасады. Созақ туралы тарихтан қалған талай тағылыммен танысып, ерекше әсерге бөленген соң қонақтар орталық атшабарда өткізілген көкпар, бәйге, қыз қуу сынды ұлттық ойындарды тамашалады. Өз кезегінде бәйге мен көкпар ойындарының жеңімпаздарына 2 жеңіл автокөлік тарту етілді. Оған Мағауия Тұрысбеков, Бағлан Сүгірбаев есімді кәсіпкерлер демеушілік етті.

Ауданның құтын келістірген әкімдер

Тәуелсіздік таңы атқан алғашқы кезде дәлірегі 1992-1994 жылдары ауданды Әбдірахман Омбаев басқарды. Көкірек көзі ояу, білім-ғылымнан мол хабары бар Әбдірахман Молданазарұлы әкім болған алғашқы күннен бастап теріскейліктерді келмеске кеткен кеңестік шаруашылықты алмастырған жаңа жүйенің жаңалықтарына тосылып қалмай, оның талаптарына ілесе алуға ерте алды. Ауданның ауылшаруашылық саласында да ілкімді бастамалар жасады. Кейіннен олардың барлығы өзінің өміршеңдігін көрсетті. Қазіргі таңда бұл азаматтың есімі ғылыми салада іргелі ғалым ретінде көп айтылады.
1994 жылдың қаңтарынан бастап 1999 жылдың тамызына дейін Созаққа Қуаныш Айтаханов әкім болды. Бұл аралық созақтықтар үшін қарбаласы көп қым-қуыт қиын кездерден тек еңбекпен, үкілі үмітпен ғана бас көтерген кезең болса, Қуаныштай мінезге бай тұлға үшін тығырықтан шығар жол тауып, нағыз сын сағатынан сүрінбей, басшы ретінде ел сенімінен шығып әбден шыңдалған жылдар болды. Ол ауыл халқына «жүргенге жөргем ілінетінін» сондықтан да әрбір отбасы, кеңестік кезеңдегідей «Үкімет өлтірмейді» деген масыл ұғымнан арылып, қолда бар шаруашылығын барынша ұқсата білуді алға тартты. Халықты үй іргесіндегі жерге егін егіп, «қыстың қамын жаз ойлауға» баулыды. Күн жылығаннан бастап қорасында төрт түлігі бар әр үйдің малдың азық қорын даярлауды дағдылы әдетке айналдыруға үйретті. Оған негіз де жоқ емес еді. Өйткені ол ең алғаш әкім болып ауданға келген 1994 жылда қыс өте қаһарлы болды. Бет қаратпайтын боранның бірнеше айға созылуы шаруа иелерін қатты алаңдатты. Сол кезде Қуаныш Айтаханов Жаңатас темір жолы арқылы ауданға өзге облыстардың жем-шөп пен азық түлікті жолдауларын ұйымдастырып, ұтқырлығын көрсетті. Сонымен қатар ол ауданда уран өндіретін өндіріс орындарының тиісті салықтарын Алматы қаласының емес, ауданның бюджетіне түсуіне қол жеткіздірді. Бұл жолдағы Қуаныш Айтахановтың табандылығы бір тақырыпқа татитын дүние дерсің.
1999-2010 жылдары Созақты теріскей топырағында туып өскен Созақбай Әбдіқұлов басқарды. Осы аралықта нақтырағы, 2006-2007 жылдары ауданның басшысы лауазымына Әли Бектаев отырды. Созақбай Исаұлы Теріскей өңіріне әкім болған он жылға жуық уақыт ішінде ол ірі бизнес өкілдері мен қарапайым халық арасында қамқорлық байланыс орната білді. Атап айтқанда ол, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясына қарасты өндіріс орындарының аудан халқына деген әлеуметтік жауапкершілігін арттыруда белсенділік танытты. «Елде болса ерінге тиеді» деген тәмсілді берік ұстаған ол ауыл жастарын сол кәсіпорындарда жұмыс істеуін, ол үшін олардың сол өндіріс орындарының есебінен шетелдерде білім алуларына ықпал ете алды. Созақбай Исаұлының салған жүлгесін 2006-2007 жылдары Әли Бектаев әкім болған жылдарда лайықты алып жүре алды.
2010-2012 жылдары ауданға Мейірбеков Берік Қуанұлы әкім болып бекітілді. Бұл азамат қызметіне кіріскен алғашқы күндерден бастап мәдениет саласына жіті мән берді. Ауданды басқарған екі жыл ішінде ол аудан халқының басым көпшілігі қоныс тепкен Созақ ауылында мәдениет үйі ғимаратының салынуына себепкер болды. Осы салада мәні кеткен біраз мәселелердің өз шешімін табуына жұмыс жасады.
2012-2015 жылдары ауданға әкім болып Аманғали Түктібайұлы тағайындалды. Бұл кезең жергілікті жұрт үшін 50 гектар жер телімі бар индустриалдық аймақтың іргетасының қалануымен есте қалды. Бүгінде ол жерде құны 1 млрд. 204 млн. теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылған. Осы жылдың 7 айында нақ осы индустриалдық аймақта 644, 7 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, аудандық бюджетке 41 млн. 300 мың теңге қаржы түскен. Аманғали Түктібайұлы ауданға әкім болған күндерінде спорт саласына аса қатты көңіл бөлді. Дәл соның бастамасымен ауданда былғары қолғап, қыздар боксы, зілтемір көтеру сынды оған дейін назардан тыс қалып келген спорт түрлерін дамыту қолға алды. Соның арқасында Созақ жерінде аталған спорт түрлері бойынша бірнеше спортшылар жарыстарда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп, ауданның атын шығарды.
2015 жылдың маусымынан бастап 2017 жылдың мамыр айына дейін бұл ауданның әкімі Мақсат Исаев болды. 2017 жылдың мамырынан бүгінге дейін ауданға Салыхан Сабырұлы Полатов басшылық жасап келеді. Бұлардың барлығы ертеңгі күні ел жадында ізгілік пен іскерлікке ие басшы ретінде сақталып қалуы үшін біркісідей еңбек етіп келе жатқанын айтпай кетуге болмас.

Өткенге салауат айту өнеге

Құт дарыған қасиетті Созақ ауданында талай тарихтың ізі қалғаны әмбеге аян. Енді осыған аялдай кетсек.
ХІ-ғасырға дейін Созақ Хузақ деп аталған. Бұл атау тарихта V-VI ғасырларда белгілі бола бастаған. Бұл оның сақ дәуірінен келе жатқан қалашық екенін аңғартады. Сарғайған тарих беттері сол заманда хузақтықтардың, яғни, Созақ тұрғындарының егіншілікпен айналысып, жартылай көшпелі дәуірде өмір сүргені туралы сыр шертеді. Одан соң, ХI-ХII ғасырда Созақ Түркі Қағанаты шапқыншылығына жиі ұшырап, бірнеше рет қиратылып, қиналысты кезеңдерді бастан өткерген.
Тарих ғылымдарының зерттеулерінің нәтижесінде Созақ Ұлы Жібек жолының дәл ортасында орын тепкенін, сондықтан да оның Қазақ хандығының қалыптасуы кезінде экономикалық мәнге ие тірек болғанын атақты ғалым Әлкей Марғұлан өз зерттеулерінде жазған. Сонымен қатар Созақ Қазақ хандығының сыртқы жаумен күресі үшін стратегиялық мәнге ие орын болғаны дәлелденген.
XV-XVIII ғасырлардағы деректерде Созақтың Орта Азиядан келген көштің Орталық Қазақстаннан Сібірге өтетін керуен жолы болғаны келтірілген.
Жоңғар шапқыншылығынан қазақ халқы көп теперіш көріп, қырғынға ұшырағаны белгілі. Бұл қилы кезең тарих беттерінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталатыны әмбеге аян. Сол тағдырлы кездегі «Елім-ай» деген жоқтау Созақтағы Қаратау асуында дүниеге келген.
Тағылым алар тарих беттерін парақтасаң Созақ жерінде бұдан өзге нешеме оқиғалардың орын алғанын, және оның барлығы Қазақстан тарихында өзіндік мәнге ие күндер болғанын анық байқайсың. «Созақтың тарихы тереңде», «Созақтың тарихы, қазақтың тарихы», «Созаққа барсаң тарихқа дендеп енесің» деген тағылымның сыры да, мәні де осында болса керек.
Қазақтың текті ұлы Асқар Сүлейменов Теріскей туралы кезінде «Созақ – қария, Созақ – мінез, Созақ – өнер», «Созақ күйшілердің мекені» деген. Бұл жердің топырағына аунап-қунап өскен қазақтың қайсар ұлдары мен мақтан тұтар өнер иелері жетерлік. Мәселен, Созақ — белгілі алаш қайраткері Сұлтанбек Қожановтың кіндік қаны тамып, кір жуған жері. Құлыншақ Кемелұлы, Шәдітөре, Құлжабай, Шәймерден сынды ақын-жыраулар дәл осы жерде өмірге келген. Қарымды қалам иелері Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Сәуірбек Бақбергенов, Төлеген Тоқбергеновтер дүниеге есігін ашқан мекен бұл. Бапыш, Қожамжар, Сүгір, Жаппас, Төлеген Момбеков сынды қазақтың қастерлі де киелі күйшілік өнерін меңгерген асыл тұлғалар осы Созақ жерінің тумалары. Иә, Созақ жерінде дүниеге келген қазақтың тұғырлы тұлғалары мұнымен түгесіліп қалмайды. Айтсаң, тілге тиек етсең тізім түгесіледі. Осыдан-ақ «Созақ -өнер» деген сөздің әбден електен өткізіліп, дәл тауып, айтылғанына анық көз жеткізесің.
Ендеше көне кесенелер мен құнды жәдігерлер сақталған киелі де қасиетті, Қазақ хандығының қара шаңырағы Созақтың тарихы қалыңдай бергей.

С. НҰРАЙ.