ЕҢ ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗ- ОТАНДЫ ҚОРҒАУ
Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызды өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Әрбір ер азамат әскерге баруды абыройлы міндет ретінде сезіне отырып, ел алдында берген антты орындайтын үлкен асу баспалдағы тұрғанын естен шығармауы тиіс.
Осыған орай Отырар ауданы әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында осы және өзге де келелі мәселелер кеңінен сөз болды. Аудан әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен өткен жиынға Отырар ауданына арнайы келген ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің өкілдері майор Нұржан Қалжанов пен майор Сәкен Мамирасилов және ҚР Ұлттық Ұлан гвардиясының өкілі Ерғазы Айқожаев қатысты.
Жиында аудандағы әскер қатарына шақырылған жас Отан қорғаушылармыздың жай-күйі мен кейбір азаматтардың әскери міндеттерін өтеуден бас тартуының себептері жан-жақты сөз болды.
Кездесуде сөз алған аудан басшысы жастардың санасына патриоттық тәрбиені сіңіріп, оларды Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге тарту жұмыстарында бірқатар кемшіліктердің бар екенін айта келе аталған жұмыстардың ауқымдылығы мен маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, аудан көлемінде әскери қызметке жастарды шақыру жұмыстарын жүргізуді, үгіт-насихат шараларын азаматтар арасында кеңінен ұйымдастыруды ауыл округі әкімдері мен қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлеріне жүктеп, нақты тапсырмалар берді.
— Аталарымыздан ұрпақтан ұрпаққа ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан аманат — Отанды қорғау жолында бесаспап жауынгер болып қызмет ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Мұны әрбір жас жете біліп, санасына сіңіріп өсуі тиіс,- деді аудан әкімі.