АДАЛ ЖОЛ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Отырар ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адал жол» өңірлік эстафеталық марафоны өтті. Жастарды рухани адамгершілікке және жоғары моральдік этикалық құндылықтарға тәрбиелеу, Отанымыздың игілігі үшін адал қызмет етуге шақыру және бүкіл қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске тарту, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткен шараға ауданның 150-ге жуық белсенді жастары қатысты.
Игілікті шара аудандық мәдениет сарайының алдынан бастау алып, «Сыбайластыққа жол жоқ» деп ұрандаған жастар аудан орталығындағы Әл Фараби алаңына жиналды. Шара барысында аудан әкімі аппаратының басшысы Айдос Мәулен мемлекеттің дамуын тежейтін бұл індетпен қоғам болып күресу әрқайсысымыздың азаматтық міндетіміз екенін айтып, жалынды жастарды сыбайластықпен бірлесе күресуге шақырды.
«Тек бір мемлекеттің ғана емес бүкіл әлем бойынша өзекті мәселенің бірі болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күрес ел экономикасының, әлеуметтік жағдайының дамуына үлкен зардабын тигізетін дертке айналып отыр. Біз онымен қоғам болып күресіп, оған әр азамат атсалысса сонда ғана еліміздің келешегі кемел болады деп сенемін. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашақ жастардың қолында» деп сіздерге үлкен сенім артқан болатын. Бүгінгі шарада белсенділік танытып, сыбайластықпен күреске әрдайым дайын екендіктерін танытқан белсенді жастарға шынайы алғысымды білдіремін»,- деді аппарат басшысы. Сондай-ақ шарада аудандық ардагерлер кеңесінің хатшысы Жаңабай Сатыбалды да сөз алып, еліміздің дамуы жолында сүбелі еңбек етіп жүрген жастарды ата-бабамыз сақтаған ар-намысты кірлетпеуге үндеп, ақ батасын берді.
Мұнан соң шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, шараға қатысушылар патриоттық әндерді қосыла шырқады.