ЕЛІ ЕРІН ҰМЫТПАЙДЫ

Ауданның белгілі спортшысы Айтбаев Орынбек Орынбайұлына арналған еске алу спорттық шаралары өткізілді. Мерекелік басқосуға келген көрермендер мен қонақтар, әуелі бірқатар мектептер әкелген тақырыптық көрмелерді тамашалады, “Алтыбақан” ойын-сауық көріністерін көріп, сонан соң барып, негізгі спорт ойындары өтетін орталық стадионға жайғасты. Іс-шара “Қазақстан” жастар флешмобымен ашылды. Бас төреші жарысқа қатысушы спортшылардың дайындығын аудан әкімі Н.Тұрашбековке баяндады. Аудан басшысы қалың жұртқа сөз арнап, жылы лебізін білдіріп, турнирді ашық деп жариялады. Еліміздің Әнұраны орындалды. Іс-шараны жүргізуші Айтбаев Орынбектің өмірдерегі мен келген қонақтарды таныстырды.
Ол ауданымыздың Түлкібас станциясында дүниеге келген. Сондағы №343 орта мектебін оқып бітірді. Түлкібас стансасына қарасты теміржолда краншы болып еңбек еткен. 1971 жылдан бастап 1989 жылға дейін Түлкібас стансасындағы ауруханада қызмет атқарған. Қай салада еңбек етпесін өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен, адалдықпен атқарды.Спортқа қызығушылығы зор еді. Жастайынан күреспен, бокспен айналысып, облыстық деңгейдегі жүлделі жетістіктерге жетті. Ауыл жастарын спортқа баулуда елеулі үлес қосты. Туған жеріне жанашырлықпен қарап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға еңбегі сіңді. Туған жерге тағзым кіндік қаны тамған топырақты аялау оның өмірлік кредосы еді. Әттең, өмірден ерте озды. Алайда, оның артында спорттық яки, адамгершілік із қалды.
Басқосуға ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Ф.Қаратаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Л.Ташимов және көптеген азаматтар, жиналған ағайын-туыс, замандастары сөз сөйлеп, өткізіліп жатқан турнирге өз тілектерін айтып, сәттіліктер тіледі.
Турнирде футбол ойыны стадионда, волейбол ойыны спорт кешенінде, шахмат ойыны ауылдық мәдениет үйінде, ал теннис ойындары арнайы орында өтті. Теннис ойындарына ауданымызда құрылған “Жас талап” теннис клубының ойыншылары алғаш рет қатысты.
Турнирде барлық спорт ойындары тартысты, қызықты өтіп, жанкүйерлерін ризашалыққа бөледі. Футболдан 10 команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Қорытындысында Майтөбе ауылының спортшылары барлығынан алда болып, бірінші орынды иеленді. Ал, Састөбе командасы екінші, Айтбаевтар командасы үшінші орынға шықты. Волейболдан да 10 команда қатысып, Түлкібас ауданының құрама командасы үздік өнер көрсетіп, бірінші орынға шықты. Шымкент қаласы командасы екінші, Арыс қаласы спортшылары үшінші орындарды иеленді.
Шахмат ойынына 27 адам қатысып, күш сынасты. Тартысты болған жарыста Ф.Сейдалиев бірінші, Т.Рысқұлов ауылы Азаттық ауылынан, М.Сұлтанов екінші, М.Міркадиров үшінші орындарды иеленді.
Теннис ойындары да тартысты өтіп, көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Ересектер арасында Түлкібас стансасынан А.Баймешов үздік деп танылды, екінші орын — Т.Рысқұлов ауылынан Е.Баймұсаев, үшінші орын Құландық А.Күлиев иемденді. Жасөспірімдер арасында Таңсық Жанарыс бірінші, Дамир Орынбек екінші орындарды бөлісті.
Барлық жүлдегерлерге Айтбаевтар отбасы атынан бағалы сыйлықтар беріліп тағайындалған жүлделерге ие болды.
Турнир соңында спортшылар мен қонақтарға арналып Құдайы ас берілді. Арнайы тігілген аңшаңқай ақ киіз үйде алыстан келген қонақтар жайғасты. Құран оқылып, бата берілді. Осылайша, 20-шы өткізілген дәстүрлі еске алу турнирі үйлесімді түрде, көптің жүрегіне рухани нәр беріп, мәресіне жетті.