ӨТКЕНДЕРІН ЕСКЕ АЛҒАН – ӨСКЕНДІКТІҢ БЕЛГІСІ
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Түлкібас ауданының 90 жылдығына орай ауданымызда жыл басынан бері бірқатар рухани, мәдени, тарихи іс-шаралар өткізіліп келеді.
Осыған орай исі қазақтың мақтанышына айналған, қазақтың біртуар ұлы, мемлекет қайраткері Т.Рысқұловтың ата қонысы Рысқұл ауылында көпке үлгі боларлық өнегелі игі шара болып өтті. «Өткендерін еске алған – өскендіктің белгісі, өткендерін ұмытқан – өшкендіктің белгісі» дегендей Рысқұл ауылында Ұлы Отан соғысына қатысқан 102 жауынгерге арналған ескерткіштің ашылуы болып өтті. Шарада аудан әкімінің орынбасары М.Жанесен, Ұлы Отан соғысының ардагері М.Төлепбергенов, зейнеткер, еңбек ардагері Ө.Қалықұлов сөз алып, Рысқұл ауылынан аттанған жауынгерлерге арналған ескерткіштің жасалуына мұрындық болған ауыл азаматы Марат Ақылтаевқа ауыл тұрғындарының алғыстарын жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары М.Жанесен: “Сұрапыл соғысқа ауданымыздан 5000-нан аса жауынгерлер қатысып, бүгінде арамызда 9 ардагер бар. Рысқұл ауылынан Ұлы отан соғысына 102 азамат қатысып, туған елдің азаттығы мен бостандығы үшін жанын қиды. Олардың ерліктері мен елге келіп атқарған тылдағы еңбектері ел жүрегінде мәңгі сақталады” — деді.
Тарихқа көз жіберсек Рысқұл ауылы Сырдария округі, Шымкент оязы, Майлыкент болысы №9-шы ауыл болып белгіленген. Осы №9 ші ауыл, кішігірім 4 ауылдан тұрған. Олар Шәңкі бастау, Тентекбұлақ ауылы, Кеңсай ауылы, Қызылмола ауылы болып, барлығы 495 тұрғын болған. Кейін ұжымдастыру жылдары ауылдар біріккен. Ауылдың алғашқы кезде құрылуына ауыл азаматтары Ү.Құрманқұлов, Қ.Меңлібеков, Ә.Рахмешов, И.Иманбеков, К.Әбдәсан, С.Төлепбергенов, Б.Нұрдәулетов, Н.Ақылтаев, Т.Жолдасов үлес қосып, атсалысып, басшылық жасаған.
Міне, осындай қасиетті де киелі өлкеде туған жерді көркейту, көгалдандыру жұмыстарын қолға алған абзал жан М.Ақылтаев ауданның дамуына ерекше үлес қосқан асыл азамат, ауданның Құрметті азаматы, ауылшаруашылығы саласының еңбек ардагері, әкесі Ақылтаев Нияз атындағы саябақ салып, ел игілігіне берді.
Саябақ бүгінгі күні ауылға көрік беріп, бұқара халық пен жастардың демалыс орнына айналуда. Сондай-ақ жиында жазба ақын, аудандық “Шабыт” әдеби бірлестігінің төрағасы Е.Жүсіпбеков арнау өлеңін оқып, қалың жұртты бір серпілтті.
Халқымызда «Елу жылда ел жаңа» деген қанатты сөз бар. Осыған орай егеменді еліміздің тәуелсіздігінің арқасында ауданның барлық ауылдары күннен -күнге көркейіп, гүлденіп келеді. Алдағы уақытта Рысқұл ауылында тағы да осындай игі жұмыстар өз жалғасын табуына тілектеспіз.
Марат Қалтаев,