ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ

Көктерек ауыл әкімшілігінің орталығындағы Мәдениет үйінде ұлттық салт-дәстүрді бүгінгі ұрпаққа насиқаттауға атсалысып, ауыл-аймақтың тұрмыс-тіршілігі бойынша пікірлесу мақсатында ауыл округінің төбе биі Өмірзақ Рысбеков пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақұлбек Айтқұлбековтің ұйымдастыруымен Қымызмұрындық мәдени іс-шарасы өтті.
Іс-шара барысында зейнеткерлер Ботабай Дөңбаев, Қайнар Спанов, Алдаберген Қошқаров, Тілепбай Каненов, Әдебиет Әсілбеков, Қ.Сыпатаев мектебінің мұғалімі Қанат Файзуллаев және әжелер алқасының төрайымы Баян Бекжігітова өз сөздерінде қымызмұрындық іс-шарасын қолдаумен бірге ауылдың электр жарығы, көпірі, ауыз су мәселелері жайында ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Жиынға арнайы қатысқан аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақберген Төлешов және ауданның төбе биі Сағынбай Жұмановтар қоғамдық ұйымдардың қолға алған істеріне қолдау білдірді.
Көктерек ауыл округінің әкімі Нұрлан Бекжігітов ауыл-аумағында атқарылған жұмыстарға тоқталып, Ынтымақ ауылындағы 100 орындық жаңа мектеп жайының қырқүйек айында пайдалануға берілетіндігін, Бірлік ауылында ауыз су құбырларының жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтып өтті. Іс-шара соңында ардагерлер Ақмешіт үңгіріне барып, ол жердегі жағдайлармен танысты.
Жеңіс ҚОЖАБЕКОВ.