ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ ДАМЫҒАН ҚАЛА МӘДЕНИЕТІН ДӘЛЕЛДЕЙДІ

Отырардағы қазба жұмыстары шаһардың дамыған қала мәдениетін дәлелдейді. Онда 1884 жылы алғашқы қазба жұмыстары жүргізілген. Экспедицияны Веселовский басқарған. Сондай-ақ Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің мүшелері А.Кларе мен А. Черкасов 1904 жылы жүргізді. Олар сарай үйінділері, монументтік құрылыстарды табу мақсатында бірқатар траншеялар салды. Кейінгі зерттеулер, тек, ХХ ғасырдың 40-жылдары профессор А.Н.Бернштам басшылығымен жалғасын тапты. 1991 жылдан бері қазба жұмыстарын К.М. Байпақов басқарды. 2004-2007 жылдары «Мәдени мұра» және «Ежелгі Отырарды жаңғырту» мемлекеттік бағдарламалары аясында Отырар қалашығының бірқатар ескерткіштерін (XIV ғ. жұма мешіті, XVI ғ. тұрғын үй орамы, XI-XII ғғ. тұрғын жайлары, қабырғалар, орталық қақпа және «Дарваза-и суфи» («Сопы қақпасы»), стратиграфиялық шурф, XIV ғ. моншасы) зерттеу, консервациялау және музейлендіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.

XVІ ғасырда Сыр бойының өзге қалаларымен қатар Қазақ хандығының құрамына енген көне Отырардың гүлденген тұсы – Қасым ханның (1445-1518), Хақназар ханның (1538-1580) және Тәуекел ханның (1586-1598) билік құрған кезеңі. Ол кезде қала құрылысы қатты қарқын алып, сауда-саттық нығая түскен. Әсіресе, ақша соғу дәстүрі дамып, қазақ хандарының құрметіне алғаш теңгелер шығарыла бастаған кез.