ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ОТЫРАР «ғылымды қала» атанған

«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады».

(Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: 
рухани жаңғыру» атты мақаласынан)

 

ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ОТЫРАР

«ғылымды қала» атанған

 

«Отырар қаласы – Қазақстанның тарихи бренді». Бұл елімізге белгілі тарихшы ғалым Карл Байпақовтың сөзі. Орынды пікір. Отырар – ең көне қалашық. Оның пайда болған кезеңін археологтар б.з.б I ғасырға жатқызады.

 

Сауда жолындағы маңызды шаһар

 

Ғалымдардың пайымдауынша, Отырардың аумағы ұзындығы мен еніне қарай шамамен бір күндік жер болған. Отырар сол кезде 200 гектардай жерді алып жатқан. Жазба деректерде көне Исфиджабтан, яғни Сайрамнан шыққан лақ Отырарға дейін үйдің үстімен жүріп отыратын, делінген. Яғни, ол Сыр бойындағы халықтың тығыз орналасқандығын айғақтайды. Бұл парсы тарихшысы Ибн Рузбеханнан жеткен дерек.

Әлемнің екінші ұстазы атанған әйгілі Әл-Фараби бабамыздың кіндік қаны тамған көне Отырар (Ежелгі Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб) – Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қала. Ол 8 ғасырдың басынан Тарбанд (Трабан) деген атаумен белгілі. Отырар 5-15 ғасырларда Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Моңғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болған. Бүгінгі Отырартөбе орны Шәуілдірден 10-12 шақырым жерде.

Ежелгі қалалар сияқты қала қамал мен шахристаннан тұрды. Олар биіктігі 18 м бесбұрышты төбе сияқты болды. Төбе алаңы 20 га. Отырардың қазба жұмыстары көрсеткендей, XI-ХII ғасырларда қала гүлденіп-дамыған. Графин, тостаған шыны бұйымдарының мол коллекциясы жиналды. Зергерлік бұйымдар да көп. Отырар маңынан ХІІ-ХІІІ ғасырларға жататын көзеші шеберханасы мен ежелгі шеберлердің жасаған таңғажайып қыш ыдыстары табылған. Ондағы төбелердің де маңызы ерекше. Мысалы, Алтынтөбеде зергерлер, Пышақшытөбеде – қару-жарақ жасаушылар, Құйрықтөбеде – қасапшылар тұрған. Бүгінде Қ.А.Ясауидің еш жерде кездеспеген Диуани хикметтерінің (даналық сөздері) көне қолжазбасы табылып отыр. Онда: «Арыстан баб өмірінің соңында осы Отырарға келіп тұрақтаған» дейді. Оның себебі, Отырар үлкен ғылымды қала болған.