ҚАСИЕТТІҢ ҚОРҒАНЫ

(Естелік эссе)

Қилы заманның қиямет өткелiн кешiп, тағдырдың басқа салғанын талай-талай көтерiп өткен халқымыз ағаның өзiн де, сөзiн де медеу тұтар кезеңде мезгiл биiгiнен көрiнетiн Ғабекеңнiң қайталанбас бейнесi оны көрген, бiлген замандастар жадынан өшпек емес.
Ол қалың қазақтың елдiк салты, қайсар рухы өмiрдiң ауыр сынынан өткен 61-шi жылдың жазы едi. Ол күнi ұшы-қиырсыз қалың жұрт Алматыда ғаламға тұтас бiр халықтың ғасырлар жасайтын сарқылмас рухани қазынасын берген кемеңгерi Мұхтар ағасымен қоштасты.
Қалың елi қазағының басын қосқан сол қаралы қара-нөпiр жиынға Оңтүстiк елiнен теңiздiң бiр тамшысындай өкiл боп обком хатшысы Бегiмбектов Сәлiм, Түркiстаннан Шойбекова Жамал, Шымкенттен ақын Омарбайы бар төрт кiсi барған едiк.
Баяғы бiр замандарда қазiргi Алматының етегiн орап, Жетiсудың жәннатты жерiн басып, Жоңғарға асып, Қытай мен Қиырға өтетiн керуен жолы (бұрынғы Ташкент, бүгiнгi Райымбек даңғылы) жағасында ескi зираттың алабын қара нөпiр басқан сәт. Ретiн шебер өмiрдiң өзi келтiрген шығар, арада қаншама мезгiл таңы өтсе де Ұлы ағаны күткен қасиеттi топырақ өзi тiршiлiгiнде сыйласқан, сырласқан жақын дос-жарандары ортасынан бұйырған екен. Бiр жағында заман бұлбұлы Күләш, екiншi жақта “халықтың қасиетiн жанмен ұққан” ақын Иса ортасында, көк аспанмен тiлдескен зәулiм емен аясында жаңа қазылған шын мекенжай жанында қос бәйтеректей жұптасып Қаныш аға мен Димекең (Дiнмұхамед) тұрды. Солармен қанаттас Сәбит, Ғабит, Бауыржан. Бұларға қарама-қарсы бетте әдебиет, мәдениет, ғылым саңлақтары иiн тiрескен. Еңсесiн мұң басқан қалыңның қақ ортасында мәскеулiктер жасандыра жөнелткен, қара мақпалмен тысталып, қызылмен көмкерген айналы бетi жаңа ашылған ауыр табытта жас топырақ-мақпал төсегi үстiнде таңғы ұйқысына бiр сәтке мызғып кеткендей бәз-баяғы сабырлы-салқын қалпы бiр өзгермей Мұхаң жатты.
Неге екенiн бiр құдайдың өзi бiлсiн, жиын басты “ЦК”-ның сол кезде саясат саласын басқаратын “жаңашыл” хатшысы Н.Жандилдин өзi сөйлеп, өзгелер дегенде – жұмысшы табынан, ғылымнан, әдебиеттен бас-аяғы үш кiсiге сөз берумен шектелдi. Көркем сөздiң кенiшi – өз қазағымыз, өз ағамыз өзбектен, бауырларымыз қырғыздан келген ағайынның Ұлы ағасына арнаған арман-сөзi айтылмады. Бiр құдай оңдағанда көңiл жайлауынан ел көшiп құлазыған әре-сәре сәтте сонау Абай заманынан бергi барша қазақтың сөзiн, ұлыдан аманатқа қалған ұлт әдебиетiнiң сөзiн ұлының қасиетiн жанмен ұққан ұлы азамат аға Мүсiрепов айтуға тиiстi екен.
Сәбит пен Бауыржанның ортасынан суырыла алға шығып ол, бiр өзiне тән байыпты-байсал, барынша таза сөз ырғағымен ырғала түсiп сөйлеп тұрды.
«…Аттың орнын тай басады” дейтiн халқымыздың сөзi бар. Бiз бүгiн өзiмiздi, әдебиеттi олай жұбата алмаймыз. Мұхаң бiзге орнын қалдырған жоқ. Жақсы шығармалар жазудың, әдебиеттi көркейтудiң жауапкершiлiгiн қалдырды. Халықтық әдебиетке адал қызмет етудiң асқақ үлгісi мен сарқылмайтын ұлы мұрасын қалдырды. Бiз ендi ұлы Мұхаңмен осы асыл мұрасы арқылы кеңесетiн, сырласатын боламыз…»
Солай өрелi ұрпақтың ұлы ағасына айтылған анты iспеттi соңғы сөз айтылды. Адам ұзатудың соңғы хам-харакетi жасалды. “Өзiм көрiп шығамын” деп құлшынып сыртқы үйге құлай түсiп одан бiр аунап iшкерi енiп кеткен Сәбең де көз жасымен топырақ илеп қайта шықты.
– Ұзын тұрқын бойыңмен өлшеп, биiктiгiн төбеңмен өлшеп көрдiң ғой. Кең бе екен? – деп күркiредi Баукең.
– Өте дұрыс. Кең екен, – дедi Сәбең.
– Солай, жатар көрiңнiң де кеңi жақсы…
Осылай, қилы заман қиясында қилы-қиын күн кешiп, қиын-қыстау күндерiнде өзi өмiрбақи жырлаған кең дүние, ұлан даласы бiр басына тар болған ел ардағы егiлген, еңiреген елдiң көз алдында керней-сырнайлатып, сыбызғының сыңсыған зарлы әуенi толқынында өзiнiң алдағы кең сарай, кең дүниесiне баяу жылжып бара жатты. Адам затына дүниенiң бақыт-шаттығы, қуаныш-жұбанышымен бiрге таусылмайтын тартыс, сұрқай сұмдығына да толы өмiрдi артта қалдырған тылсым дүние тынысы осылай тыным тапты.
Баяғы бiр кездегiдей “ой-бауырымдап” атой салып, атқойып шабар халi жоқ, қалың қауым жұрт бiр сәт сең соққандай сенделген күйге түстi. Ұзақ жылдар оны маңайлап, айы оңынан туған мархабатты күндерi, оның шарапатын көрген кейiнгi жас шәкiрттерi топтана толқып егiлсе, “қияметтiң қыл-көпiрi” үстiнде де әпендiнiң әзiлiнен жаңылмайтын халықтың сары жалақ Садықбегi кез келген топтың алдында қос бүйiрiн таянып: “Ойбой көкем, ойбой әкем, шыныменен кеттiң бе, шанаш толы алтынымды ұры тонап кеткендей, iшiм удай ашиды. Маған көңiл айтыңдар!” – деп теңселiп, тең құрбыларын ерiксiз сыңар-езу күлкiге тартып, сергiтiп жүрдi.
Бiз ол күнi, Мұхаң қабiрiнiң басында тұрып ортаны ойсыратқан қазаның қаншалықты ауырлығын көрсек те, Ғабит ағаның жiгерлi, нәрлi сөзiнен көз ашылып, кеуде кеңiп, көңiл құсымыз қайта биiктеп, “уа, Тәңiрi, жақсының жолы таусылмақ емес, тәубе-тәубе” дестiк.
Жылдарды-жылға жалғайтын өмiрдiң жолында Ғабит ағаның, аңыз-ағаның тек сырбаз-сыршыл хас шебер қаламгер ғана емес, халықтық әдебиетке, оның алып азаматы басына қатер төнгенде өз басын отқа, оққа байлап дос жанына жалау болған, киелi әдебиеттiң тазалығын қорғап, қастер-қасиетiмiзге мызғымас қорған болғанын жыр ғып айтар замандас ағалардан есiтiп, бiлдiк. Қайсы бiрiн өз көзiмiзбен көрдiк.
Сонау алыстағы жетпiсiншi жылдардың орта шенi, кезектi кiтап “Қыран тауын” бастырудың iсiмен баспаға барып, одақ үйiнде жүрген шуақты көктем күндерiнiң бiрi едi. Екiншi қабатқа шығатын кең басқышта қасында әдебиетшi iнiсi Маршал Әбдiқалықов бар сыйлас аға “Ара” жорналын басқаратын әйгiлi әския сөздiң шеберi Жармағамбетов Қайнекей кездесе кеттi.
Ол кез әдебиеттiң Мұхаңнан өзге алып ағалары түгел, көсегесi көк кезi. Жазуды қай кезде қалай жазатынын бiр құдай бiлсiн, қай бөлменi ашсаң үш жазушы отырған жер қайнаған әзiл, төртеу түгелденсе сиез құрып гулеген әңгiменiң арнасы ағындап жатар едi.
– О, жақсы кездестiң iнiшегiм, мына Iлекеңе жаңа Галашокиннен Қонаевқа, Сейфуллиннен Әлiмжановқа дейiн сүрiнбей аман жеткен ескi жұрнақ Әлжекең кiрген едi. Бiраз сөйлетейiк, – деп, алдыңғы жақтағы Есенберлиннiң кең бөлмесiне бастады.
Дүниеде айтушысы мен тыңдаушысы үйлессе адамның жан сарайына сан түрлi шуақ сәулесiн құятын айтқыштың сөзiнен асқан керемет жоқ. Төрде кiршiксiз ақ шашы ақша қардай жарқыраған Iлекеңнiң алдында, екi жақтан ентелей құлақ түрген Сырбай мен Садықбектiң ортасында Әлжекең, кәдiмгi ұлықтар арасында “құмалақтай бұлтылдап” тыным таппайтын Әлжаппар Әбiшов сөз көкбарын тақымға басып, тiзгiндi еркiне жiберген екен.
Сәлем алысып, бiз жайғаса бере ағаларға өкiмi жүргiш Қайнекең орайлы бiр бүйiрден килiктi де:
– Сен Әлжеке, басқасың қой. Сен әлгi Мұхаң мен Ғабеңдi қалай табыстырып, жарастырғаныңды айт! – деп, оны қыспаққа алды.
– Осы қазақтың, оллаһи, құлағының “локаторы” бар. Қайдан естiдiң сен оны, Қайнекей? Айтушы саған шатастырып айтыпты – дұрысы жарастыра алмай, пұшайман болғаным.
– Е-е, солай, шынын айт, – деп Қайнекей Әлжекеңдi қақпалап, арасына қайта салды.
– Ендеше тыңдаңдар, ол былай едi… және ол екi алыптың жеке басының күйi емес, маңдайға екеу емес, жалғыз бiткен Мұхтардың, қазаққа бiр құдайдың өзi берген Әуезовтің тағдырына тiкелей қатысы бар шытырманды мәселе.
“Тағдырына қатысты” болатыны, ол оқиғадан бiр ғана мен емес, оны көрген, көзi тiрi жүргендер хабардар. Ол қырқыншы-елуiншi жылдар тоғысында Ермұхан Бекмахановтың “XX ғасырдағы қазақ халқының Кенесары бастаған ұлт азаттық қозғалысы” атты тарихи еңбегiнен, оны өзге емес, “Цека” өзi бастап берген “Космополитизмге” қарсы күрес науқаны, сол кезеңде онымен бiрге қат-қабат көтерiлген М.Әуезовтың “Абай” романында дәрiптелген “феодалдық, байшыл, зиянды көзқарас және одан арылу проблемасы” қаулап тұрған кез едi.
Өзiмiздiң Алматыда басталған бұл “Үлкен мәселе” онымен бiр мезгiлде Мәскеуде “ЦК-ға” жеткен. Жеткенi сол, Орталық Комитеттiң мәдениет, әдебиет саласын басқаратын бiр “данышпан” Әуезовтың “Абай” романын оқығаннан кейiн “Қазақстанда Совет өкiметi орнағаны бекер-ақ болған дейтiн ойда қаласың”, – деген ғой.
“ЦК-дан” ескен жел солай тұрса, ебелек боп елбеңдейтiн өз ортамыз қалайша үнсiз қалатын едi. Республика басшысы Ж.Шаяхметовтiң өзi қатысқан осы мәселе талқыланған үлкен жиында Қазақстан Жазушылар одағынан сөз сөйлеген Мүсiрепов тым қатал кеттi. Ол бiр қолымен Мұхаңды жар басына апарып, екiншi бiр қолымен оны құзар басынан құлатпай, ұстап тұрған сияқтанады.
Расы, керек, осыдан кейiн Мұхаңның өзi, оның жақын достары “Ұлтшылдардың” алдыңғы тобы Бекмаханов, Сүлейменов, Әдiлгереевтер тұтқындалып, айдалып, кезек тықыры Әуезовке келiп тұрғанда оның жарық дүниеден күдерiн үзгендей едi. Үзгенi сол, бiр жағынан Мұхаң түрмеде киер киiм-кешек, керек-жарағын әзiрлеп, екiншi жақтан қайсы бiр жанашыр достары оны қайткенде бұл қатерден құтқарудың түрлi шарасын қарастырып жатты.
Сондай шараның бiр тиiмдi жолы қазiргi қиын айтыста партиялық саяси сынды қуаттап, ресми, баспа жүзiнде Әуезовке қатесiн мойындатып, “тәубесiне келтiрудiң” айла-шарғысы едi. Ол айта беретiн “Иiлген басты қылыш шаппастың” амалы ғой, баяғы.
“Егер Бейiмбет жау болса, мен де жаумын” деп 37-жылы көзсiз батырлықпен өз басын оққа байласа да Майлиндi құтқара алмай, өмiрбақиға күйiнiшi басылмаған Ғабит, ендi “Алаштан қалған жалғызды” мына аранын ашқан ажалдан құтқарудың әзiргi жолы осы, осы ғана деп түйген ғой.
Бiрақ ондай қадамға бару, Абайдан кету, Абай өскен заманнан кету. Одан арғы өмiр, өмiр емес, қияметтiң азабы. Азаппен келер қасiреттiң өлiмi, ол Алла берген ақ өлiмнен айтып болмас ауыр екенiн жан тереңiнен түйген Мұхтарды мiз бақтыра алмады.
– Менiң – деп, құрыштан құйғандай жұп-жұмыр мығым тұлғасын жиып, топшысын қыран құстай қомдай түскен Әлжекең, – екi алыптың арасына килiгiп, оларды жарастырмақ болған “есек дәмелi” әрекетiм, әдебиетiмiздiң аспанын сұр кезеңнiң суық бұлты қаптаған сол, қиын күндерi едi.
Солай, ертеңгiлiк телефон зырыл қақты. Тыңдасам Мұхаңның баяу, қоңырқай дауысы.
– Әлгi Мүсiрепов менiмен кездесуге құштар көрiнедi, қалай қарайсың?
Ойыма, кеше ғана Ғабеңнiң: “Бұлай тоңтерiс кету жақсылық емес. Ләжi болса, ана Мұхтардың мұзын жiбiтсек деген ойдамын” – дегенi сап еттi. Мұхаңның не ойда екенiн бiлмесем де, кеудемде қуаныш оты лып еттi.
– Жөн ғой, Мұха, – деп iле жауап бердiм.
– Жөн болса, ол айтарын сенiң қасыңда айтсын. Бүгiн кешке үйде күтемiн, – деп телефонын жапты.
– Сонымен айтылған сәтте Ғабитпен бiрге барып, бұлардың кешкi iңiрден түн жарымына аяқ артқан “Ұлы шайқасын” үнсiз тыңдадым. Шiркiн-ай, ол кезде бүгiнгi теле-техника, таспаға жазу құралы болмаған ғой. Неткен терең, тектi, тұңғиық сөз дариясы кеттi ғой, сонда…
Ғабит оны иландырмақ, ықтырмақ болып барын салды. Сәл қиғаш қарайтын көздiң отты жанары ұшқын шашып, әйгiлi ай қабақ үстiндегi шағала қанат керме қасы тас төбеге шығып, шырайлы жүзi сұмдық сұрланып, қалшылдады.
– Осы бетiңнен қайтпасаң, бiз сенен айырыламыз. Қазақ Мұхтарынан айырылады. Сенен айырылған қазақ Абайынан да айырылады. Ол апат, апат! Халықты ондай апатқа душар етуге хақың жоқ, сенiң!
– Айтарың, таусылған жерiң осы ма, – деп шалқар кеудесi шалқая түстi Мұхаң. – Осы болса, қырдан асқан, ұзап кеткен керуендi менiң де керi қайтарар жайым жоқ. Осымен доғарайық, – дедi.
Бiз Ғабит екеумiз сең соққан балықтай салымыз суға кете сандалып, өз жөнiмiзге кеттiк.
Сөздiң шыны керек. Бұл дауасыз сөз-жарлық осымен тынды. Тағдыр қырсық ағаны қырына алғаны осы шығар деп ойладым. Қателескен екенмiн. Кейiн арада бiршама мезгiл өткенде ғайыптан түсер қызыр әлекi-әссәлам Мүсiрепов, Фадеев бастаған шын жанашырлардың жебеп-демеуiмен Мұхаңның шылауына қайта оралғанын да көрдiк.
—Ол мынандай әңгiме, – деп Әлжекең, кiшкене жұқа шақшадан насыбайын қағып жiберiп, шиыршық атып, ширай түстi. – Бiз екеумiз Мұхаңның алдынан таусылып, оның алдағы амалсыз тағдырына бой ұсынып, күдер үзгендей кеткен едiк. Әйтсе де тұңғиық ой құрсауында өзiмен-өзi тыным таппаған Ғабекең ұйқысыз өткен түннен кейiн оны сақтап қалудың ендiгi қиын, қиын болса да сенiмдi бiр жолы деп, Алматыда “Абай” романына қатысты Әуезов басындағы ахуалды Мәскеуге, ондағы Әуезов әлемiн, оның қадiр-қасиетiн шын танитын Фадеев, Леонов, Сурковтай iрi тұлғаларға жеткiзу, Әуезовтің өзiн де аш қасқырдай анталай ұлып, шулаған ажал тырнағынан тысқары әкетудiң амалын қарастырған.
Оның жай-жапсары әбжел қимылды Әлiмжановтың қолымен жасалып, тәңiрдiң сәттi күнi Мұхаң, қайран қазақтың Мұхтары өзi өмiр бақи жырлаған ұлы даласының “сайынан саяқ құрлы пана таппай” қарадай қашқын боп, елiнен солай кеттi.
Сол тұста өз қазағы, өз ортасынан өгейлiк көрiп, саясаттың көкпарына берiлген “Абай жолының” мәртебесi Ресей аспанының астында көкке көтерiлдi. Мен өз басым бүгiнгi орыстың әлемдiк даңқы бар Фадеев, Леонов, Тихонов бастаған әйгiлi алыптары қатысқан Одақтағы сол үлкен жиынды өз көзiммен көрдiм. – Марғасқа майталмандар Мұхаңның көз алдында оның “Абай жолын” “Ғасыр туындысы”, “Теңдесi жоқ лирикалы ұлы дастан” дестi. Тек сөзбен айтылып қоймай, Одақ тапсырмасымен эпопеяның төрт кiтабын құшағына құшып, бас көтермей талдаған әйгiлi әдебиетшi Зоя Сергеевна Кедрина тұтас романға бергiсiз жүз беттiк монографиясын жариялады. Ол ұлы туындының орыс тiлiндегi жаңа, тұтас басылымына алғысөз болып ендi.
“Абай жолының” бiрiншi кiтабын қорқорының түтiнiн будақтатып, тамсана отырып Сталиннiң өзi оқып, “Чудо” деп биiк бағасын бергеннен кейiн де арадағы он жылда қияметтiң қыл көпiрiн қайта кешiп, ең қастерлi құрмет Лениндiк сыйлық алып, шығар биiгiне осылай шығып едi Мұхаң.
Қызып кеткенде жұп-жұмыр, толымды екi алақанын ысқылап, сөз ырғағына қарай қысыңқы қоңыр көзi оттай жайнап, бет-жүзi құбыла түсiп әңгiменi түйдек-түйдек төгетiн Әлжекең, – иә, ол солай болған, – деп ыңырана барып тоқтады.
Бұл оқиғадан, ұлы Әуезов әлемiнiң қыр-сырынан хабардар, өзi де осындай сұрқай-сүргiннiң жолынан өткен Iлекең әппақ қардай басын сәл ғана изеп, сызылып-сазарған қалпы үнсiз отыр.Әншейiнде қисынсыз жерден қиып түсер өткiр, әския сөздiң ұстасы Қайнекей мен Садықбек, бiр айтса да күндей күркiреп, бiлiп-тiлiп айтатын Сыр-аға да Әлжекеңнiң алдында дамолладан дәрiс алған молла-патша сияқтанып мүлгiп қалған.
– Иә, иә, ол солай, солай болған, – дегендей үнсiз бас изестi.
Ал өз басым, сол сәтте тыпыршып өзгеше күйге түстiм. Iшкi сарайға құйылған мына ағыл-тегiл маржан сөз, телегей әңгiменi суып қалмай тұрғанда бiр мысқалын шашу шығармай ақ қағаздың бетiне төгу, қаз-қалпында сақтап қалуға тиiстi едiм. Солай, “Қазақстан” (қазiргi “Жетiсу”) қонақжайының екiншi қабаты 23-шi бөлмесiне, жатын орынға жеткен бойда қалам-дәптердi қолға алдым. Адам өтер, бәрi де кетер, тек заманның сарқылмас сазы, өмiрдiң өшпейтiн жолы, айтылар сөзi қалар мәңгiлiк…

* * *
Мұхаң арадан кеткеннен кейiн 6 жыл өткенде 67-шi жылдың қоңыр күзiнде мен күтпеген жерден Алматыдан айтылған Ғабит ағаның тапсырма хабарын алдым. Оны жеткiзушi ол кезде М.Әуезов мұражайының аға ғылыми қызметкерi, жерлес iнiмiз, жас ғалым Керiмбек Сыздықов:
– Сiзге, Ер-аға, Ғабең ерекше назар аударып, кездесуге шақырып отыр. Арнайы әуре болмасын, Алматыға жолы түскенде жолығу есiнде болсын дептi.
Керiмбектiң Ғабекең дегенi бүгiнгi әдебиеттiң көш басындағы екi Ғабекеңнiң бiрiншiсi Ғабит Мүсiрепов екенiн iштей сезсем де, оны анықтап алмақ болып, қай Ғабең, неге шақырғанын бiлдiң бе, – дедiм.
– Иә, Ер-аға, сол Мүсiреповтың өзi. Бiр ғана бiлетiнiм, сiздiң жақында Әуезовтiң оңтүстiк сапарлары туралы Алматыда телевизия арқылы сөйлеген сөзiңiз жайында көрiнедi. Ғабең әдебиетке ерекше мән беретiн аса зерделi кiсi. Сөзiңiз әдебиет және Мұхаң жайлы болғасын, ол жөнiнде айтатын өз пiкiрi болуы мүмкiн ғой.
Әдебиет пен Мұхаң… Бұл сөз менi ерiксiз ойландырды. Одан берi, бiздiң экранға шыққанымызға бiршама күндер өткен. Теле-бағдарламаның Оңтүстiк Қазақстанға арналған тұтас бiр күнi Әуезовтың 70 жылдық мерейi қарсаңына тұстас келген-дi. Осыған орай обком хатшысы Сәлiм Бегiмбетов “облыс экономикасының өрлеуi”, облыстық теле-радио комитетiнiң төрағасы Әмiрсейiт Әлиев “мәдениеттiң дамуы” жайында, сол қатарда мен “Әуезовтiң оңтүстiкке сапары” тақырыбына 12 минут әңгiме айтуға тиiстi болдық.
Қарсаңда обкомдағы кездесуде маған айтылған “басты мiндет” Әуезовтiң “Өскен өркен” романының жазылуы жайына кеңiрек тоқталып, оның кейiпкерлерi бүгiнгi заман қаһармандары екенiн талдап айтуға тиiстi болғанмын. Алдын-ала елде дайындалған текстi Алматыға барғасын эфирге шығар күнi телехабардың жауапты-басшы мамандары Сәбит Мәзғұтов пен өзiмiздiң Әмiрсейiт Әлиев тағы бiр қарап шығып, ұнатып, мақұлдап берген-дi.
Күн бұрын телестудияда таспаға жазылған сөз бейнемiздi кешкiсiн қонақжайда отырып, өзiмiз көрдiк. Айтары не, елге келгесiн де “Заказ берушi романның елдегi қаһармандары” ризалық айтып, алғысын жаудырса да, сол әңгiменiң мән-мәтiнi әлденеге кiнәлi жандай өзiмдi енжар күйге салып жүрегiмiздi сыздатып жүрдi.
Ол “Абай жолы” сынды халықтың мәңгiлiк ұлы дастанын жасап берген ұлы Әуезовтi партиялық саясаттың қайрағымен қайрап, ендi сiз, ұлы қаламгер аға “жаңа дәуiрдi, бүгiнгi заманның Абайы, жаңа Құнанбайлары мен жаңа Тоғжан, Ерболдарын жазыңыз” – деп қолпаштап, оны, қайран ағаны халықтың мәңгi бақилық, көз алдынан өшпейтiн, өткеннiң сағыныш сазымен жүректен мәңгi кетпейтiн жасау-жабдықты асыл арғымағынан түсiрiп, жаңа заманның қиюы кетiп қаңсыған “өгiз арбасына” мiнгiзiп, оны қызықтаған қызыл топтың даурыға шуласқан кешегi күндерінiң көшкен бұлттай өте шыққан суретi көңiл-көкiректен кетпеген-дi.
Мiне бұл “Өскен өркен” ұлы “Абай жолының” табиғи жалғасы десек те, ол қолдан әспеттелген жаңа заман, жаңа адамның, бүгiнгi “жасампаз қаһармандардың” белгi-бейнесi ұлы суреткердiң жiбектей есiлген сөз құдiретiмен ақ қағазға төгiлген бастапқы баяны (диктовка) екенiн еске алмадық. Ол Шолпан атада жазушының жазғы мекен жайында жазу үстелiнiң үстiнде келер күн үлесiне аманатқа қалған жетiлмеген, пiспеген эскиз-сұлба екенiн ескермедiк.
Осындай күйде қалған аманат жазбаның жарыққа шыққан тұсында ентелеген, анталаған “заман қаһармандары” бұл туындыдан өз бейне, өз суретiн iздеп, көбiнен ұқсастық тауып, мәз-мейрам болысып жатты. Оның алдыңғы легiнде сол тұста облыс, аудандар биiгiнде құзырлы билiкте жүрген жақсы-жайсаңдарымыз бар едi. Шымкентте берiлген тапсырма аясынан кете алмай мен әңгiмеде сол шығарма кейiпкерлерiнiң бiрнешеуiнiң есiмдерiн айқындап, атап жiберген едiм. Ғабит ағамен кездесу алдында менi сан-саққа салған жайдың түйiнi осылар едi.
Көп кешiкпей газет редакторларының жоғарғы партия мектебi жанындағы бiр айлық курсына шақырылып, Алматыға жол түстi. Алғашқы аптада сәттi кездескен Әуезов мұражайының ғылыми саласын басқаратын Баламер Сахариев – сол күнi кешкi 6-да мұражайдың ауладағы көпшiлiк залында Индия сапарынан оралған Ғ.Мүсiреповпен кездесу болатынын, оған жазушылар, ғалымдар қатысатынын айтты.
“Бұдан қолайлы сәт болмас” деп алдыңғы қатарға жайғасып, Ғабекеңдi күттiк. Табиғатында ұқыпты да жинақы, сыпайы-сырбаз аға айтылған сәтте қасына iлестiрген қос серiгi әйгiлi академик Әлкей Марғұлан мен сахнаның серкесi (Сералы) Қожамқұлов және мұражайдың директоры Ләйла Мұхтарқызымен бiрге залдың сахна төрiнен көрiндi.
Бiрi асқан суреткер, бiрi ғалам тарихының айқасқа тарланы қос даңғылдың қосылып, қазiргi ғалам, арғы шегi геродот заманы, ежелгi гунн, үйсiн, қыпшақ дәуiрiнен тербеткен келiстi әңгiмеде бiлiнбей төрт сағат уақыт өте шығыпты. Кездесу соңында қол алысу үстiнде:
– Аға, сiз менi iздепсiз, – дедiм.
– Иә, солай, сен аз кiдiр, айтар сөзiм бар едi, – деп iлестiрiп, екi серiгiмен аула арқылы өтiп, мұражайдың үстiңгi қабатына көтерiлдi. Осында Ләйланың шағын жұмыс бөлмесiнде қарама-қарсы креслоға жайғасып бас-аяғы бес минутты алған өзi бастап, өзi аяқтаған қысқа да, нұсқа бiр өмiрге жетерлiк сабақ-әңгiмесiн айтты.
– Бiрiншiден, қарағым, “Өскен өркен” жаңа басталып, аяқталмаған туынды. Екiншiден, ол деректi эссе, естелiк емес, көркем туынды. Көркем туындыға автордан өзге жан атаулының билiгi жүрмейдi.
Ендеше сенiң экранда шығарма геройлары деп елдегi азаматтардың аттарын атап, саралап бергенiң көркем әдебиет эстетикасына мүлде жатпайтын нәрсе. Бұл есiңде болсын. Өзiңе сабақ болсын.
– Рахмет аға, бiр ағаттық кетiптi, кешiрiңiз, – деп ұлағатты ағаның алдында басымды идiм.
– Жарайды, сау бол, – деп Ғабең мақпалдай жұмсақ, жылы алақанымен аялай, қолын ұсынып орнынан тұрды.
Ғабекеңнiң алдынан салқын-саялы түнгi далаға шығып, Абай даңғылына өрлеп, ой орманында жападан жалғыз келемiн. Мұхтар ағаның көзi – қасиеттi мекен жай, онда маздаған шам жарығында кеңес құрып отырған ұлының қасиетiн жанмен ұққан достары – үш алыптың бейнесi көз алдымнан кетпедi.
Иә, бұл өмiрде бiр ғана өз жөнi – өз жолымен ағатын ұлы дария өмiрдiң өз заңынан уақыт заңынан асқан төрешi жоқ. “Бес күндiк шолақ жалғанда” қидаласқан қырсық дәуренiң сарқылап, бәрi өтедi, бәрi кетедi. Ендi өткен жолыңа, кешкен күнiңе қайран қалып, аяныш, сағыныш, жұбанышпен қарайсың. Жұбанышың – өлмеген, өшпеген жарық дүниемен бiрге жасайтын адамның жан шуағы, iзгiлiктiң шырағы екен.
Қилы заманның қиясында барша қазақтың, барша халықтың жүрегiне ұлттық қасиетiмiздiң мәңгi сөнбейтiн шуағын сыйлаған киелi мекеннiң жарық шырағы Алатау асқарынан биiк көтерiлген таң шолпанындай, сол кеште ерекше жарқырап тұрды.

Еркінбек Тұрысов.
Балабөген, қараша 2002 жыл.