«НҰР ОТАННЫҢ» КОНФЕРЕНЦИЯСЫ КҮН ТӘРТІБІНЕН ДЕ, «ТӘСПІСІНЕН» ДЕ ЖАҢЫЛДЫ
Ара-тұра екінші басшысы жиі ауысатын «Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы кешегі аптаның соңғы жұмыс күнінде өзінің ХХХІІ конференциясын өткізді. Өткізуінің өзі заңдылық болатын. Өйткені, осыған дейін партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары болған Әлімжан Сейітжанұлы Құртаев ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланып, орнына облыстық мәслихаттың депутаты Нұрмахан Миятұлы Жолдасов отырды. «Бір адам таққа мінсе, қырық кісі атқа мінеді» деген дуалы ауызды әңгіменің айналасында бағы жанған жаңа басшы қызметке келген соң өткен конференцияның күн тәртібінен жаңылып кеткенін біреу байқаса, енді бірі байқаған жоқ.
Бесенеден белгілі жағдай – «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалына басшылыққа келгендер қызметін өсіруден алдарына жан салмай тұр. Бұл жөнінде осыған дейін де жазғанбыз. «Бағы жанбаған жалғыз жан» – Болатбек Қыстауов қана. Ол Шардара ауданының әкімі болып тағайындалды. Ал, партия негізін қалағалы облыстық филиалында қызмет еткендердің ең аяғы Парламент депутаты, министрден кем қызметке кеткен емес. Әлгінде айтқан Әлімжан Құртаев солардың «трамплинін» жалғастырды. Ал, Нұрмахан Жолдасовтың «Нұр Отандағы» тағдыры қалай болады, ол жағы уақыттың еншісінде және «Уақыттың» назарында болатын болады.
«Ә» дегенде жария етілген партия конференциясы күн тәртібінде негізгі үш мәселені қарайтын болған еді. Бейнежазбамызға қарап отырсақ, күн тәртібіне үш мәселе қойылған. Олар: «ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуір күнгі «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласын Оңтүстік Қазақстан облысында жүзеге асыру барысы туралы», «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының Саяси кеңесі құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Нұр Отан» партиясынан Оңтүстік Қазақстан облыстық №11, №35, №49, №50 сайлау округтері бойынша мәслихат депутаттығына үміткерлерді ұсыну туралы» мәселелер болатын. Алғашқы болып сөз алған партия филиалы төрағасының «су жаңа» бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов конференцияға қатысты құрылған комиссиялардың құрамын, күн тәртібін, регламентін делегаттардың ашық дауыс беруі арқылы бекітіп алған соң сөз облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевқа берілді. 15 минутқа белгіленген негізгі баяндама Елбасының мақаласына арналды. Қашан да мемлекеттік қызметтің биігінен көрініп, бай тәжірибе жинақтаған облыс әкімінің әңгімесі әсерлі шықты. «Артық дүниені сандықта ұстап жасырма», «Қолыңнан келсе елге көмектес. Туған еліңе, ауылыңа барып қолғабыс көрсет» деген сарында қозғалған көкейкесті пайымдаулар, егер шын мәнісінде елдің арасында жүрген болса, бірқатар азаматтарға ой салғандай болды. Қазақшаны судай сіміретін кәріс қызы Роза Пак қандастары атынан қазақ еліне тағзым жасады. Славян орталығының жетекшісі Юрий Кирюхин қазақ әліпбиінің латынға көшуі барысы туралы ой қозғады. Жалпы, конференцияда сөз сөйлеушілер ойларын нықтап ортаға салды. Өкініштісі сол, жаттанды ұран, жалған көзбояушылық… мұның бәрі әлі де қоғамнан шет қалмай отырғаны облыс әкімін қатты қынжылтты.
нференция туралы «енді мынадай музыка болмайтын болады, Әнұранды барлығымыз бірге жанды дауыспен айтамыз» деп кейіп бастаған облыс әкімі елде көптеген жұмыстардың «бетегеден биік, жусаннан аласа» қалып келе жатқанын қынжылыспен жеткізді. Рас, «Күлтөбенің басында күнде жиын» жасау әдетке айналып кетті. Бір жиналыста алған тапсырмаға кіріспей жатып, екінші жиналысқа жүгіретін шенеуніктер онсыз да жарыта алмай жүрген міндетінен жаңылып, жандалбасалап кетіп жатқан жағдай аз емес.
Оның сыртында атқарылған нақты жұмыстар туралы сөз мүлдем қозғалмайды. «Өйту керек, бүйту керек» деп, бірінің уақытын бірі алатын пайдасыз жиындарды азайту қажеттігін Елбасы қанша басып айтқанымен, бұл тапсырма орындалудың орнына ұдайы шеттеп қалуда. Осынау пікірлер бойынша «ырду-дырду» болып жатқанда жиналыс төрағасы Нұрмахан Миятұлы күн тәртібіндегі екінші мәселеден ешбір түсініксіз, түсіндірусіз аттап өтіп, соңғы мәселеге бір-ақ тоқталды. Сөйтті де «депутатсыз қалған» төрт округ бойынша «Нұр Отанның атынан түсетін төрт үміткерді таныстырды. №11 сайлау округі бойынша Қайрат Мұсаханұлы Сүлейменовтің, №35 сайлау округінен Бәйкен Әшірбайұлы Әшірбаевтың, №49 сайлау округінен Бақытжан Қапшықбайұлы Серманиязовтың, №50 сайлау округінен Рабиға Әбдімұсақызы Қуатбекованың кандидатуралары саяси партия атынан қосылып отырғаны белгілі болды.
Өткен күндерге шегінер болсақ, Қайрат Мұсаханұлы Сүлейменовтің осымен үшінші рет бағын сынағалы отырғаны белгілі. 2016 жылы №6 сайлау округінен бағын сынаған жас кәсіпкердің ұтып тұрып ұтылғанын ел әлі айтып жүр. Одан кейін биылғы көктемде осы №11 сайлау округі бойынша қарсыласының болмауына байланысты сайлау өтпей қалды. Осы жолы бағы жанар деген үміттеміз. Ал, белгілі мецанат Бәйкен Әшірбайұлы Әшірбаевты халық қалаған жағдайда ел үшін елеулі еңбектер атқаратынына ешкімнің күмәні жоқ. Шардарадағы балық зауытының директоры қызметіндегі Бақытжан Қапшықбайұлы Серманиязов кеше ғана жол апатынан өмірден өткен Қамытбек Айтөреевтің Шардараға деген сайлауалды бағдарламасын есінен шығармағаны дұрыс шығар. Ал, Шымкент пен Ақсукент жақта танымал тұлға, Халықтар Достығы Университетінің ректоры Рабиға Әбдімұсақызы Қуатбекованың кеше ғана «айыпты» деп танылған әріптесі Амангелді Сопбековтің «ауылына» барып бақ сынауының өзі көңілге күмән ұялатары анық. Себебі, Шардараның бұл округінен бұған дейін Аманолла Раманқұлдың өтіп келгені белгілі. Тек соңғы сайлауда ғана бұл «үрдіс» бұзылып, Амангелді Сопбековтің «бағы жанды». Бірақ, сайлау тыныш өтті деуге келмейді. Тіпті, сол Амангелді Сопбеков өзін-өзі өртемек те болды. Шағым аз жазылған жоқ. Бұл жолы да шымкенттік ұстазды шардаралықтар құшақ жая қарсы алады дегенге сенудің өзі қиын сияқты. Қалай десек те, барлығына уақыт төреші.
Осылайша күн тәртібінен жаңылған конференцияны Нұрмахан Жолдасов «жабық» деп жариялап, жұрт орнынан тұрып жатқанда облыс әкімі «Бір минут, делегаттар! Бұл бірінші рет өткізіп отыр ғой. Сіздерге таныстырып өтейін, Нұрмахан Миятұлы Жолдасов, «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары» деп қысқа таныстырып өтті. Жұрт тарады, жиын бітті. Тысқа шығып, бір-екі көзі таныс делегат, депутаттармен сұхбаттасып көрмек едік, олар да мұндай конференцияны бірінші рет көріп отырғандарын әңгіме етісіп тұр екен. Бірі «бұл Нұрмахан Жолдасовтың шатасуы» десе, енді бірі «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының Саяси кеңесі құрамына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар облыс басшысы, әрі партияның облыстық филиалын басқарып отырған Ж.Түймебаевқа ұнамай қалыпты» деп топшылады. Саяси кеңесі құрамына өзгерістер мен толықтыру енгізу дегеніңіз – құрамға жаңа азаматтардың еніп, бірнешеуінің шығуы дегенді білдіретінін біз де білеміз. Бәлкім, кейінгі «сәуегейдің» болжамы дұрыс болуы да ықтимал. Өйткені, конференция бойы облыс әкімі біресе облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Балабиевке, біресе жиналыс төрағасы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасовқа сауал қоюмен және қаламсабымен әлденелерді шұқылаумен болды. Соған қарағанда, Саяси кеңес құрамына жіберіліп жатқандар туралы ақпарат облыс әкіміне бейтаныс болуы ғажап емес.
Не десек те, көңілге дүдәмал ой салған конференция аяқталды. Алғашқы конференция осылайша «тәспісінен жаңылып» өтсе, ендігі конференция қандай болады дескен жұрт өз беттерімен тарасты. Біреулері шайға кетті, біреулері қол ұстасып «там айналып» жүр. «Күнде келіп жатқан жоқпыз ғой…» деген дауыстар да естіледі. Әйтеуір, ауыздан шыққан әңгіме айтылған жерде қалып кетпесе деңіз. Басқа айтатын не бар? Қалай болғанда да Нұрмахан Миятұлының жүріс-тұрысында, әңгімесінде, бұрынғыдай емес, маңғаздық па, әлде… әйтеуір бір өзгеріс бар секілді. Құдай ақырын берсін…
А.САТЫБАЛДЫ
(Фото: Самат МЫРЗАЛИЕВТІКІ).