СОТ, МӘСЛИХАТ, ПРОКУРАТУРА ШЕШЕ АЛМАҒАН ДАУҒА НҮКТЕНІ КІМ ҚОЯДЫ?
Біз газетіміздің өткен санында Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірхан мен ОҚО прокуратурасының аға прокуроры Нұржан Полатовтың арасындағы сотқа дейін барған іске байланысты «Данияр Мейірхан прокурор Полатов үшін қызметтен кетуі керек пе?» деген тақырыпта мақала жариялаған болатынбыз. Бұл екі ортада облыс әкімі тарапынан Шымкент қалалық мәслихатына арнайы ұсыныс хат түсіп, онда Д.Мейірханды қызметінен босату жөнінде сұраныс болғандығын айтқанбыз.
Одан бергі аралықта қалалық мәслихаттың сессиясы өтті, Н.Полатовтың кінәлі, кінәсіздігіне байланысты прокуратура тарапынан берілген талапқа орай сотта іс қаралды. Әзірге бізге мәлім болғаны Шымкент қаласының бас полицейін қызметтен кетіру туралы ұсыныс хат кезекті сессияның күн тәртібіне енгізілген. Бірақ сессия өз жұмысын бастаған сәтте бұл ұсыныс күн тәртібінен алынып тасталған.
Бұның себебін қалалық мәслихат депутаттары облыс әкімінің берген ұсынысын кері қайтарып алғандығымен түсіндіреді. Ал екінші мәрте істі апелляциялық сатыда қараған судья Г.Қыдырбаева Шымкент қаласы әкімшілік сотының судьясы Н.Әлиевтің қабылдаған қаулысының күшін жойған. Тағы бір іс судья С.Ниязбектің өндірісінде қаралып, ол өзінің қаулысымен Н.Полатовты кінәлі деп есептеп, көлік басқару құқығынан үш жылға айырды.
Бұның барлығы ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмидің облысқа келген сапарында осы іске нүкте қоюға берген тапсырмасына байланысты болып жатқан секілді. Әзірге даудың басты кейіпкерлеріне қатысты нақтылы бір қызметтік шешім қабылданған жоқ.
«Уақыт»