ТҮЙМЕБАЕВТІҢ «ШАТҚАЛДАР САЯСАТЫ» СӨЗДЕН ІСКЕ КӨШПЕЙ ТҰР

Әр басшының өзіндік ұстанымы, жақсы бастамасы, іске асыратын жұмыстары болады. Оңтүстік Қазақстан облысының бүгінгі басшысы Жансейіт Түймебаев мырза өзіндік бір тың бастаманы өмірге алып келуге себепші болды. Ол – «Шатқал» бағдарламасы.

Бұл табиғатты аялау, жаңа саябақтардың іргесін қалауға негізделген бағдарлама. Қазірге дейін облыс аумағында осындай бағдарлама аясындағы үш шатқал Шымкент қаласының тұрғындарына тарту ретінде ұсынды. Бұл шындығында да бұрынғы облыс әкімдерінің назарына ілінбеген, көңілден тыс қалған бір жақсы жаңалық деп қабылдағанымыз абзал.

Бүгінге дейін облыс көлемінде осы бір игі бастаманың қолдау табуы көңіл қуантарлық жағдайда емес екендігі кімді де болса ойландырады. Жоспар бойынша осындай бес үлкен шатқал биылғы жылы пайдалануға берілетіні көзделгенімен, оның дәл қазіргі сәтке дейінгі орындалу деңгейі ешкімді де қанағаттандыра алмай отырғандығы өкінішті. Басшы үлкен бастаманы көтерді, ал оған қолдау көрсететін өңірдегі қалалар мен аудан әкімдерінің бұған ықыласы селкеу секілді. Тек Ордабасы ауданында ғана осы игі бастаманың көрінісі нышан берсе, қалған аймақтарда бұл игі іс әлі қолдау таппай отырған сияқты.

Біздің бүгінгі бұл мәселеге қатысты айтпақ ойымыз – қаладағы әрбір жоғары оқу орындары мен басқармалар, департаменттер осыған келгенде енжарлық танытып отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде «Шымкент қаласының аумағындағы шатқалдарды көгалдандыру» тақырыбы аясында өткен дөңгелек үстел басындағы әңгімеде «Шатқал» бағдарламасының бірінші кезеңін жүзеге асыру жөнінде жақсы сөз, орынды пікір айтылған болатын. Бірақ бәрі де сөз жүзінде жүріп жатыр. Қазір нағыз талдың егіліп, дарақтың көгеретін кезі. Осыны көп басшылар естен шығарып жатқан сыңайлы.

Адам үшін – демалатын орын қажет. Ал оны жасау көпшіліктің өзінің қолында. Жақсы бастаманы айту бар да, оны жүзеге асыру ең басты міндеттердің бірі болуы тиіс. Сондықтан, осындай бір үлкен іске бетбұрыс жасаудағы жақсы тірлікті баянды ету үшін баспасөз, телеарна секілді көпшілік құлағдар болатын орындар арқылы насихаттау, іске қан жүгірту іспетті мәселелерді назардан тыс қалдырмай, оны әрдайым көпшіліктің санасына жеткізіп отырғанның еш артықтығы жок. Өйткені, бұл баршамыз үшін өзіміздің игілігіміз екендігін ешуақытта назардан тыс қалдырмағандығымыз бәріміз үшін игілік болар еді.

 

А.САТЫБАЛДЫ.

(Сурет С. Мырзалиевтікі).