МЕДИАЦИЯ — БІРЛІК ПЕН ТҰТАСТЫҚ КЕПІЛІ
Қазіргі таңда халықтың аузынан, бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінен «Медиация» сөзі түспейді. Әлемдегі, оның ішінде ТМД елдерінде қарқынды дамып келе жатқан институттардың бірі медиация болып табылады. Индустриалдық және ақпараттық сұраныс, өрлеу және жаһандану заманында даулар мен жанжалдар санының өсуі олардың күрделенуіне әкеліп, және оны реттеудің басқа тетіктерін іздеу қажеттігі туындады.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Судьялар одағының V съезінде сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне назар аударуды, соттан тыс реттеудің баламалы әдістерін, соның ішінде бітімгершілік және медиация процедураларын енгізуді тапсырған болатын. Осыған орай, 2011 жылдың 28 қаңтарында «ҚР-ның Медиация туралы» Заңы қабылданды. Аталған Заңға сәйкес Қазақстанда дауларды баламалы шешудің жаңа түрі – медиация енгізілді.
Бүгінде бітімгерлік рәсімін қолданумен: АҚШ-та – 90%-ға жуық, Ұлыбританияда – 87%, Словенияда – 40%, ал Қытайда – 30% даулар шешіледі. Яғни, бұл тәсілді қолдану арқылы дауды шешудің тиімділігі халықаралық тәжірибемен өз дәлелін тапқан.Медиация – өзара қолайлы шешімге келу мақсатында медиатордың бейтарап жақ көмегімен тараптар арасында дауды (жанжалды) реттеу тәртібі. Медиацияның мақсаты – тараптардың шиеленіс деңгейін төмендету және даудың екі жақты да қанағаттандыратын шешіміне қол жеткізу. Медиация жеке немесе заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастарда қолданылады.
Даулар медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғалардың және сот әрекетке қабілетсіз, не әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың мүдделерін қозғаса немесе қозғауы мүмкін болса, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға (дау-шарларға), сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.
Медиатор медиация тарабы болып табылмайды және медиацияны соттан тыс, сондай-ақ дау сотта қаралып жатқан уақытында да тараптардың біреуінің өтініші бойынша және міндетті түрде екі жақтың келісімімен жүргізілуі мүмкін.
Медиация еріктілік, тараптардың тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі және бейтараптығы, медиация рәсіміне араласуға жол берілмеуі, құпиялылық басшылыққа алатын 5 қағидамен ерекшеленеді.
Медиацияның артықшылықтары: тараптар уақытын үнемдейді, себебі, сот рәсіміне қарағанда бұл рәсім әлдеқайда қысқалау; мемлекеттік баж салығы төленбейді және адвокаттың қымбат тұратын қызметі керек емес.
Осы орайда, дауды адвокаттардың көмегімен, яғни партисипативтік рәсім тәртібімен шешуідің әдісін де қолдану мүмкіндіктері барлығын айтқан жөн. Оның мәні сонда, егер бір тарап дауды шешуде адвокаттың көмегіне жүгінген жағдайда, оған, екінші тараптың адвокатымен дауды келісіммен реттеу тетіктерін анықтау туралы ұсыныс енгізуге құқылы. Бұл жағдайда екі жақтың адвокаттары дауды шешудің тиімді және тараптарды қанағаттандыратын тетіктерін талқылап, өздері қорғап жатқан азаматтарға ұсынады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес медиатордың рөлін кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, ал сотта судьялар атқаруы мүмкін.
Жоғары білімі бар, жасы 25-тен асқан, 2011 жылғы 3 шілдедегі ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген ережелерге сәйкес келетін медиаторларды дайындау бағдарламасы бойынша оқыған тұлға кәсіби медиатор бола алады. Ол кәсіби медиаторлардың реестрінде тіркелуі тиіс.
Жасы қырыққа жеткен және кәсіби емес медиаторлар реестрінде тіркелген тұлға кәсіби емес медиатор бола алады. Аталған реестрді жүргізу жергілікті әкімдіктермен реттеледі.
Облысымыздағы медиацияны кәсіби негізде жүргізетін бірнеше орталықтар туралы ақпаратты интернет желісінен табуға болады. Ал, кәсіби емес медиаторлар туралы деректерді қала, аудан, ауыл әкімдіктерінен алуға болады. Медиаторлар туралы деректер мен олардың тізімі аудандық және оған теңестірілген соттардың фойелеріндегі стендтерде көрсетілген.
Татуластыру рәсімдерін жүргізу туралы ұсыныс кез келген тараптан шығуы мүмкін. Сондықтан мұндай ұсынысты талқылаудан бас тартпау қажет, өйткені оның барысында екінші тарап дауға қатысты өзіне тиімді шарттарын айтуға құықылы. Осылайша даудың екі жағы бір-біріне медиатордың көмегімен дауды шешудің шарттарын ұсынып, екі жақты қанағаттандыратын келісімге келуі мүмкін.
Облысымыздың аудандық және оған теңестірілген соттарында 2016 жылы 1 953 азаматтық іс бойынша татуластыру рәсімдері қолданылған. Оның ішінде 1567 іс бойынша тараптар дауды медиация тәртібімен, 188 іс партисипативтік рәсім тәртібімен және 198 іс татуласу келісімін жасауымен аяқталған.
Сонымен бірге, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасында 24 азаматтық іс татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы аяқталып, оның ішінде 22 іс сот медиация тәртібімен, 2 іс татуласу келісімдерін жасау арқылы қысқартылған.
Әрине заң талаптарына сәйкес, дауды реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауға тиіс.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі — АПК) 17-тарауында белгіленген тәртіп бойынша, ерікті түрде орындалмаған татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Ал, сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді орындау туралы мәселемен сотқа жүгіну тәртібі «Медиация туралы» Заңның 27-бабының 9-тармағымен, АПК-нің 145-бабының 1-бөлігінің 3) тармағымен реттеледі, яғни сотқа дейін жасалған келісімдерді орындату тәртібі де қолданыстағы заңнамалармен реттелген.Мұндай жүгінулер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен, яғни тараптардың қатысуынсыз, олардың ұсынған құжаттарда баяндалған түсініктемелері, қарсылықтары және дәлелдемелері негізінде, арыз қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде қаралады.
Медиация институтын дамыту, дауды реттеудің баламалы әдістерін кеңінен қолдануды жетілдіруде атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды.
Соның бірі Республика судьяларының VII съезінде Мемлекет басшысының берген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты іске қосқан даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша Пилоттық жобасы.Пилоттық жобаны іске асыру жөніндегі тиісті ереже Жоғарғы Сот Төрағасының өкімімен бекітілген.Жоба шеңберінде мұрагерлік, баланың мүдделеріне қатысты, мүлікті бөлу, тұрғын үйден шығару және кондоминиум басқару мәселелері, қарыз шарттарға қатысты, кейбір еңбек даулары және т.б. санаттағы даулар (жанжалдар) бойынша медаицияны міндетті түрде жүргізу қамтылатын болады.
Пилоттық жоба кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық, мамандандырылған ауданаралық экономикалық және азаматтық істерді қарайтын аудандық және оларға теңестірілген соттарда жүзеге асырылуда.
Пилоттық жоба туралы толыққанды ақпаратты сот ғимараттарында стендтерден, облыстық соттың интернет желісінен, Оңтүстік Қазақстан облысының интернет порталынан көруге болады.
Аталған жоба басталғалы бір ай ішінде облыс соттарында 41 азаматтық іс бойынша дау медиация тәртібімен реттеліп аяқталды. Оның ішінде неке бұзу және мүлікті бөлу туралы даулармен байланысты 17, қарыз келісім шарттары бойынша 13, кәмелет жасына толмаған баланың мүдделерімен байланысты 8 іс Пилоттық жоба ережелері негізінде аяқталды.
Елбасының халқымыздың бірлігі мен тұтастығын сақтау саясатын және сот жүйесінде медиация институтын дамыту мақсатында, дауларды сотқа дейінгі және соттан тыс реттеу институтының қолдану аясын кеңейту мақсатында Қолданыстағы бітімгершілік рәсімдерді дамыту — дауларды реттеу және азаматтардың бұзылған құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдірудің басым бағыттарының бірі болып табылады.
Н.БИБОЛОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі аппелляциялық сот алқасының Судьясы.