ЕЛІМІЗДЕ КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Елімізде халықтың тұрмысын жақсартып, өңірлердің инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстар өз жемісін беруде. Соңғы жеті жыл көлемінде Қазақстанда табиғи газға қол жеткізген тұрғындардың саны 3,6 миллион адамға көбейіп, халықтың өмір сүру сапасы жаңа сатыға көтерілді. Осы кезеңде еліміз бойынша 772 елді мекен толықтай газдандырылып, 31,5 мың шақырымнан астам газ желісі тартылды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті одан әрі арттырып, 2035 жылға қарай еліміздегі газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Жалпы бұл саланың дамуына республикалық бюджет пен «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты есебінен 612,3 миллиард теңге бағытталды. Қомақты қаржының арқасында 821 маңызды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып, газбен жабдықтау географиясы айтарлықтай кеңейді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде табиғи газды пайдалану мүмкіндігі бар халық саны 9,5 миллионнан 13,1 миллион адамға дейін өсті. Осылайша, елімізді газдандыру деңгейі бұрынғы 51,47 пайыздан 64,2 пайызға көтеріліп, 12,73 пайыздық тармаққа артты.
Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар өткен жылы да бәсеңдеген жоқ. Мәселен, тек 2025 жылдың қорытындысы бойынша 94 елді мекеннің 354 мыңнан астам тұрғыны көгілдір отынның игілігін көре бастады. Бір жылдың ішінде шамамен 2 мың шақырым газ бөлу желілері салынды. Ал биыл, яғни 2026 жылы газ инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Қазіргі уақытта 40 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның 7-сі өтпелі болса, 33-і жаңа жобалар қатарында. Осы жоспарланған іс-шаралардың нәтижесінде тағы 36 мыңға жуық адам табиғи газға қол жеткізеді деп күтілуде. Мамандардың айтуынша, газ жүйелерін жүйелі түрде дамыту тек тұрмыстық жағдайды жақсартып қана қоймай, өңірлерде шағын және орта бизнестің, өндірістік қызметтің өркендеуіне зор мүмкіндік береді.




