ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Халықты баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Осы орайда, Түркістан облысында құрылыс қарқыны бәсеңдемей, баспана құрылысы саласында жоғары көрсеткіштер тіркелуде. Өңірде 2026 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 719 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға тапсырылып, өсім 107 пайызды құрады. Аталған нәтиже бойынша Түркістан облысы республика деңгейінде төртінші орынға тұрақтады. Аймақтағы бұл жағымды жаңалықтар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында кеңінен сөз болды.

Жалпы биыл республика бойынша 20,4 миллион шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға тапсыру жоспарланса, соның 1,25 миллион шаршы метрі Түркістан облысының үлесіне тиесілі. Қазіргі таңда облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен Түркістан қаласында жалпы құны 16,5 миллиард теңгені құрайтын 8 кредиттік тұрғын үй бой көтеруде. Бұл баспаналар жалпы ауданы 48,2 мың шаршы метрді құрайтын 810 пәтерден тұрады. Аппарат мәжілісінде өңірдегі баспана құрылысының барысы туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Абай Тұрханов баяндап берді. Оның мәліметінше, қазіргі таңда бой көтеріп жатқан 8 кредиттік тұрғын үйде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс басына 500-ге жуық адам жұмылдырылған, аталған нысандарды өндірістік кестеге сәйкес желтоқсан айында пайдалануға беру көзделген. Мұнымен қоса, Жетісай ауданы әкімдігінің тапсырысымен бұған дейін «сақалды құрылысқа» айналған 120 пәтерлі 2 арендалық тұрғын үйдің құрылысы қайта жанданып, қарқынды жүргізіліп жатыр.
Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды қуантарлық сүйінші хабарлар да аз емес. Облыста кезекте тұрғандар үшін 546 арендалық пәтер сатып алу жоспарланған болса, бүгінгі таңда оның 315-і сатып алынды, ал қалған 231 пәтер қараша айына дейін иесін таппақ. Сонымен қатар, өңірде жалпы құны 29,5 миллиард теңгеге 1 533 пәтерлі 37 кредиттік тұрғын үй сатып алу көзделген. Оның 1 517 пәтері Түркістан қаласында, 16 пәтері Келес ауданында орналасқан. Қазірдің өзінде 1 098 пәтер сатып алынса, қалған 435 пәтерді де қараша айына дейін толық сатып алу жоспарланып отыр. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға, аудан және қала әкімдеріне құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.