МЕМЛЕКЕТТІК ШЫҒЫСТАРДЫ ЦИФРЛАНДЫРУ 1,5 ТРЛН ТЕҢГЕ ҮНЕМДЕУГЕ МҮМКІНДІК БЕРДІ

Қазақстанда мемлекеттік шығыстарды толық цифрландырудың арқасында 2027–2029 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде 1,5 триллион теңге көлеміндегі орынсыз шығынның алды алынды. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік шығыстар бюджет қаражатын жоспарлау мен мемлекеттік сатып алудан бастап, қазынашылық атқарылу мен онлайн-мониторингке дейінгі барлық кезеңді қамтитын бірыңғай цифрлық контурға біріктірілген. Бұл жүйе әрбір теңгенің қозғалысын жіті қадағалауға және оның пайдаланылу тиімділігін нақты бағалауға мүмкіндік береді. Мәселен, бюджетті жоспарлау кезінде тек фискалдық деректерді пайдаланудың өзі есебінен жылына 200 миллиард теңгеге дейін қаржы үнемделген. Бұл ретте цифрландырудың ең басты жетістігі – қаржы жұмсалып қойғаннан кейінгі тексерістен шығыстарды алдын ала басқару тәртібіне көшу болды. Яғни, жаңа жүйе тиімсіз шығыстарды орын алғаннан кейін анықтап қана қоймай, олардың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Мәди Тәкиевтің сөзінше, келесі кезеңде барлық мемлекеттік органдардың цифрлық шешімдерін шығыстарды басқарудың бірыңғай жүйесіне толық біріктіру жоспарлануда. Қазірдің өзінде ауқымды цифрлық жобалар білім беру, денсаулық сақтау, жер қойнауын пайдалану, энергетика, тауарларды таңбалау және басқа да маңызды салаларды қамтып үлгерді.
Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын бақылауға да ерекше мән берілуде. Ортақ цифрлық жүйе аясында жыл сайын жалпы сомасы 1 триллион теңгеден асатын 150 мемлекеттік қолдау шарасы қатаң бақылаудан өтеді. «Негізгі мақсат – мемлекеттік қолдаудың нақты бағытталуы мен тиімділігін қамтамасыз ету және мемлекеттің бөлінген әрбір теңгеден қандай нақты қайтарым мен нәтиже алатынын бағалау» деп түйіндеді Қаржы министрі.




