ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ШЕНЕУНІКТЕРДІ АЛМАСТЫРА МА?

Жасанды интеллект мемлекеттік қызметшілерді алмастыруды мақсат етпейді, оның негізгі міндеті – мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттыру. Бұл туралы журналистердің сұрағына жауап берген Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, басты мақсат – адамдарды технологиямен алмастыру емес, олардың жұмыс өнімділігін көтеру. Бұл жерде қандай да бір шенеуніктердің орнын басу мақсаты жоқ, негізгі міндет – олардың жұмысын күшейту. Әрине, жасанды интеллект технологиясының кейбір мамандықтарға әсер ететіні сөзсіз. Бұған дейін де тарихта индустриялық революция болып, бу қозғалтқышының пайда болуы еңбек құрылымын түбегейлі өзгерткен еді. Осы орайда, вице-министр стратегияның жеке бір бағыты адами капиталды дамытуға арналғанын, оның аясында халықтың әртүрлі топтарына арналған арнайы бағдарламалар қарастырылғанын да атап өтті. Сондай-ақ цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарының бірі – жасанды интеллектіні мемлекеттік аппаратқа енгізу. Бұл ретте мемлекеттік органдардағы процестердің тиімділігін 30 пайызға дейін арттыру міндеті қойылған. Маманның түсіндіруінше, мемлекеттік қызметшілер уақытының едәуір бөлігі тапсырмаларға жауап дайындауға, ақпарат жинап, оны тексеруге, сондай-ақ материалдарды бейінді департаменттермен, министрліктермен және басқа да мемлекеттік органдармен келісуге жұмсалады.
Жасанды интеллект дәл осы жұмыстардың бір бөлігін автоматтандыра алады. Атап айтқанда, ол үлкен көлемдегі ақпаратты жылдам өңдеуге, қысқаша қорытынды дайындауға, қажетті мәліметтерді табуға және жауап жобаларын әзірлеуге мүмкіндік береді. Қазір бұл жүйе бір министрлікте пилоттық режимде қолданылып жатыр. Ол заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып, жауап жобаларын дайындауға және қажетті ақпаратты бірден табуға көмектесуде. Сонымен қатар вице-министр бұл технологияны мемлекеттік аппаратқа енгізудің өзіндік ерекшеліктері бар екенін жасырмады. Себебі мемлекеттік жүйеде құпия әрі сезімтал ақпаратпен жұмыс істеу мәселесі бар және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын айналып өтуге болмайды. Жасанды интеллектінің арқасында мемлекеттік қызметшілердің алтынға бергісіз уақыты үнемделіп, олар босаған уақытты анағұрлым маңызды әрі стратегиялық міндеттерге бағыттай алады. «Заман талабына сай жүру маңызды, тіпті одан да жақсысы – заманнан озып, осы технологияларды бейімдей білу немесе оларды өзіміз жасау» деп түйіндеді Бахтияр Мұхаметқалиев.




