ШАҺАР ДАМУЫНА ҚАТЫСТЫ ТҮЙТКІЛДЕР САРАПҚА САЛЫНДЫ

Тұрғындардың қауіпсіздігі, қаланың сәулеттік келбеті мен экологиялық ахуалы – қай уақытта да күн тәртібінен түспейтін басты мәселелер. Осы орайда, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтіп, онда өсімдіктер карантині саласындағы бақылау, құрылыс сапасы және күзгі ағаш отырғызу сияқты маңызды бағыттар сарапқа салынды.

Жиында ең алдымен фитосанитария және азық-түлік қауіпсіздігі жайы сөз болды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Қарсыбек Ертуов бұл саладағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, жыл басынан бері «Фитосанитария» РМК зертханасында Шымкент аумағынан экспортталатын карантинге жатқызылған 328 237 тонна өнім мұқият тексеріліп, тексеру қорытындысы бойынша 11 889 фитосанитариялық сертификат рәсімделген. Сонымен қатар, шаһарға сырттан келетін импорттық өнімдер де, жергілікті ауыл шаруашылығы алқаптары да ұдайы бақылауда тұр. Тіпті, өнімге ғана емес, жердің құнары мен өнімділігіне зиян келтіретін зиянкестерге де қарсы күрес қарқынды. Маманның сөзінше, биыл шегірткелердің таралуын болдырмау мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1 382 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген.
Кеңесте қаланың сәулеттік келбеті мен заңсыз құрылыстарға қатысты мәселе де тыс қалмады. Қалалық орта сапасы мен бақылау басқармасының басшысы Берік Дүйсенов бұл орайда құрылыс саласындағы тексеру нәтижелерін және 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген жаңа Құрылыс кодексінің талаптарын ашып айтты. Жаңа нормаға сәйкес, мемлекеттік құрылыс инспекторлары енді нысандарды пайдалануға қабылдау процесіне тікелей қатысады. Ал заңсыз, тиісті рұқсатсыз немесе талаптарды бұза отырып салынып жатқан нысандар туралы деректер бірден уәкілетті органдарға жолданады. Бұған қоса өрт қауіпсіздігі мен мүмкіндігі шектеулі, қозғалысы баяу азаматтарға арналған қолжетімді орта талаптарының сақталуы да қатаң тексерілмек. Сөз дәлелді болуы үшін сандарға сүйенсек, есепті кезеңде 132 құрылыс нысаны тексеріліп, 314 хаттама толтырылған. Заңсыз құрылыс бой көтергені, құрылыс сапасы төмендегені және үлестік қатысу саласындағы заңбұзушылықтар үшін жалпы сомасы 78,1 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
Әрине, үшінші мегаполистің жасыл желегінің аумағын ұлғайту – болашақ ұрпақ алдындағы үлкен міндет. Аппараттық кеңесте Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар Шымкенттің жасыл белдеуін дамыту және мемлекеттік орман қоры аумақтарын кеңейту бағытындағы көрсеткіштерді бөлісті. Бүгінгі таңда «Жасыл белдеу» КММ-не бекітілген жер учаскелерінің жалпы аумағы 8 772,6 гектарды құрап отыр. Оның 5 307,7 гектары – мемлекеттік орман қорына, ал 3 464,9 гектары жасыл белдеуге тиесілі. Сонымен қатар, 2026 жылғы сәуір айында Түркістан облысынан мемлекеттік орман қорының 3 578,57 гектар жері аталған мекеме балансына берілген болатын. Қалада көгалдандыру жұмысы жыл сайын жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Деректерге үңілсек, 2023 жылы 36 гектар аумаққа 60 мың көшет, 2024 жылы 186 гектарға 130 мың көшет, ал 2025 жылы 54 гектар жерге 40 мың көшет егілген. Ал алдағы күз айларында 120 гектар аумаққа тағы 100 мың ағаш пен бұта отырғызу жоспарланып отыр. Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков айтылған мәселелердің барлығы ел игілігіне тікелей әсер ететінін жеткізді. Шаһар басшысы құрылыс талаптарының сақталуына бақылауды одан әрі күшейтуді, сондай-ақ күзгі ағаш отырғызу науқанына уақтылы әрі сапалы дайындалуды жауапты тұлғаларға қатаң тапсырды.