«ЕҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМЫМ – АРТЫЛҒАН СЕНІМДІ АҚТАУ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен мәслихаттардың өкілеттігі аяқталды. Осы орайда, VIII шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының депутаты ретінде атқарған істеріме қорытынды жасап өткенді жөн көріп отырмын. Өздеріңізге белгілі, 2024 жылы желтоқсанда айында өткен кезектен тыс сайлауда Шымкент қаласының №16 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша халықтың сеніміне ие болып, мәслихат депутаты болып сайланған сәттен бастап елге қызмет етуді басты ұстаным еттім. Алғашқы күннен-ақ кейінге қалдыруға болмайтын өзекті мәселелерді шешуге білек сыбана кірістім десем де болдады.
Депутаттық қызметтің өзегі мен тірегі — бұқарамен тұрақты, ашық және тығыз байланыс орнату. Осы орайда, қоғамдық қабылдауларды тұрақты өткізіп, әрбір тұрғынның арыз-шағымы мен ұсынысына құлақ астым. Тұрғындардан келіп түскен сауалдардың бірде-бірі назардан тыс қалған жоқ. Әсіресе, әлеуметтік көмекке және жекелеген азаматтардың тығырыққа тірелген мәселелеріне қатысты өтініштерді жеке бақылауыма алып, өз құзыретім мен мүмкіндігім шеңберінде тиісті деңгейде шешілуіне тікелей ықпал еттім. Халықпен тікелей сұхбаттасу, мәселенің мән-жайын оқиға орнында көру мақсатында көшпелі кездесулерді жиі ұйымдастырдым. Бұқараның бел ортасында болып, тұрғындардың мұң-мұқтажын өз аузынан есту мәселені шынайы әрі объективті бағалауға мүмкіндік берді. Көшпелі кездесулер барысында көтерілген жол сапасы, жарықтандыру, ауыз су, инженерлік инфрақұрылым, қоғамдық көлік және аулаларды абаттандыру сияқты ауқымды да күрделі мәселелер жергілікті әкімдікпен және тиісті басқармалармен бірлесе отырып жүйелі түрде шешімін тапты. Атқарушы билік пен өкілді орган арасындағы сындарлы әрі нәтижелі диалогтың арқасында аумақтағы бірқатар инфрақұрылымдық түйткілдер кезең-кезеңімен реттелді.
Бұдан бөлек, депутаттық мандатты иеленген күннен бастап сайлауалды бағдарламаға енгізілген бастамалар мен берілген уәделердің нақты жүзеге асуына баса мән берілді. Жоспарланған әрбір жобаның орындалу барысын бақылауда ұстап, ел игілігіне айналуына белсене атсалыстым. Сонымен қатар еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиғаларға, атап айтқанда Жалпыхалықтық референдум кезіндегі түсіндіру және насихат жұмыстарына белсене қатысып, мемлекеттің стратегиялық даму бағыттарын халыққа кеңінен жеткізуге де өз үлесімді қостым. Халықтың аманаты мен сенімін арқалаған осы кезең ішінде әрбір тұрғынның тілегіне бейжай қарамауға, қаламыздың көркейіп, дамуына нақты іспен үлес қосуға ұмтылдым. Осы тұста айта кетерім, сайлаушылардың сенімі мен қолдауы маған әрдайым жауапкершілік пен жігер берді. Қош, бұқараға қызмет ету мұнымен аяқталды деп айтпаймын. Қолымнан келгенше қаламыздың, еліміздің дамуына үлесімді қоса беремін! Маған сенім артып, дауыс берген барша тұрғындарға алғысымды білдіремін. Мен өзіме жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға барымды салдым. Бағасын бұқараның өзі бере жатар…
Муфтулла ҚОНАҚБАЕВ,
кәсіпкер, меценат.




