ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВТЫҢ ҚАЛА ТІЗГІНІН ҚОЛҒА АЛҒАНЫНА 3 ЖЫЛ БОЛДЫ

осы аралықта
Шымкентте не өзгерді?
Үш жыл… Тұтас бір шаһардың тарихы үшін бұл — көзді ашып-жұмғанша өте шығатын азғантай уақыт. Десе де істің ретін табатын жүйелі жоспар мен тәуекелге бел байлайтын білікті кадр болса, аз уақытта да тау қопаруға болатынын уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Осы бір жауапты да күрделі істің үдесінен шығып, үшінші мегаполиске соны серпін берген басшылардың бірі — Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков. Іскер кадрдың үшінші мегаполистің тізгінін қолға алғанына биыл үш жыл болды. Қош, осы аралықта шаһарда не болды, қала келбеті мен тыныс-тіршілігі қалай өзгерді? Бүгінгі материалда осы сауалдарға жауап табуға тырысып көрмекпіз…
Әуелі көз көрген жайттан бастайық. Шымкент соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан нағыз өндірістік, инвестициялық және логистикалық орталыққа айналды. Мұндай серпінді өзгерістер мен ауқымды жобалардың сәтті жүзеге асуы, ең алдымен, қаланы басқарып отырған әкім Ғабит Сыздықбековтің іскерлік қабілеті мен стратегиялық шешімдерінің арқасы екені сөзсіз. Іскер басшының басқаруымен қала экономикасы жаңа белеске көтеріліп, инвесторлар үшін сенімді әрі тартымды орталыққа айналды. Сөзіміз дәлелді бола түсуі үшін, нақты деректерді тарқатайық. Соңғы үш жылда Шымкент экономикасына тартылған инвестиция көлемі 2,3 триллион теңгені құрады. Оның ішінде ең қуантатыны — бұл қаржының 75 пайызы жеке инвесторлардың меншікті капиталы. Тікелей инвесторлармен жұмыс істеп, сәтті келіссөз өткізе білудің арқасында осы кезеңде жалпы құны 170 миллиард теңге болатын 50 ірі жоба іске қосылып, 3,5 мыңнан астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінде қала экономикасының жылдық өсімі 10 пайызға жетіп, Шымкент республика бойынша үздік бестіктің қатарынан берік орын алды. Сонымен бірге соңғы үш жылда қала бюджеті 1,4 есеге өсіп, 868 миллиард теңгені құраса, оның ішіндегі өзіндік кірістер 644 миллиард теңгеге жетті. Бұл — мегаполистің өз-өзін қамтамасыз ету деңгейінің және ішкі экономикалық белсенділігінің қаншалықты артқанын көрсететін айқын дәлел. Мұндай меже жуық арада болған емес!
Шымкентте өнеркәсіп пен өндірісті дамытуға ерекше басымдық беріліп келеді. Әсіресе, әлемдік деңгейдегі трансұлттық «Coca-Cola» компаниясының қалаға келуі – Ғабит Сыздықбеков командасының үлкен жеңісі. Құны 27 миллиард теңге болатын бұл жоба аясында 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылып, өңірге жаңа технологиялар мен заманауи өндіріс мәдениеті енгізілді. Мұнымен қоса халықаралық экологиялық және энергетикалық инвесторлармен әріптестік орнатылуда. Мәселен, құны 54 миллиард теңгені құрайтын қалдықтарды өңдеу зауыты құрылып жатыр. Тәулігіне 1000 тоннаға дейін қалдық өңдейтін бұл зауыт 24 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіруге мүмкіндік беріп, 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Агроөнеркәсіптік кешенде де ауқымды бетбұрыстар бар. 650 гектар аумақта заманауи жылыжай кешендерін дамыту қолға алынып, Түркияның «Alarko Holding» компаниясы 650 миллион доллар, ал польшалық «Fabe Polska» 136 миллион доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар ауыл шаруашылығын өркендетіп қана қоймай, логистика, өнімді сақтау, өңдеу салаларының дамуына үлкен серпін береді.
Әрине, кез келген өндіріс пен инвестицияның негізі – сапалы инженерлік инфрақұрылым. Ғабит Сыздықбеков қаланың негізгі тамыры саналатын коммуналдық саланы қалпына келтіруге батыл кірісті. Бүгінде Шымкент тұрғындары ауыз сумен және электр энергиясымен толық қамтылған. Табиғи газбен қамту деңгейі 98 пайызға жетсе, ал кәріз жүйесінің көрсеткіші 70 пайыздан асты. Өңірде 33 шақырым су құбыры мен 50 шақырым жылу желісі жаңартылып, 600-ге жуық трансформаторлық станция орнатылды, сондай-ақ шамамен 1000 шақырым электр желісі қайта тартылды. Жол-көлік инфрақұрылымы ілгері басып келеді. Соңғы жылдары 1500 шақырымнан астам жол жөнделіп, ірі жолайрықтар пайдалануға берілді.
Экономикалық жетістіктердің барлығы, ең алдымен, қарапайым халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталғаны байқалады. Соңғы үш жылда қалада 60 жаңа мектеп ашылып, көптен бері шешімін таппай келген үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі толығымен жойылды. Денсаулық сақтау саласында 13 жаңа медициналық нысан іске қосылып, жедел жәрдем автопаркі 65 су жаңа көлікпен толықты. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында екі модульдік спорт кешені мен 75 спорт алаңшасы салынды. Сонымен қатар тұрғындардың демалысы мен жайлылығы үшін бір жылдың өзінде 45 жаңа гүлзар, саябақ пен қоғамдық кеңістік ашылып, жалпы саны 90-ға жетті. Бұрынғы қоқыс полигонының орнында 45 гектар аумақты алып жатқан заманауи «Экопарк» бой көтеріп, Қошқар-Ата өзенінің 6,9 шақырым жағалауы толық абаттандырылды. Бұл аз десеңіз, тарихтың түрлі бұралаң шақтарында жекенің меншігіне заңсыз өткен нысандар мемлекетке қайтарылды. Халықпен де жиі жүздесіп, мәселесіне құлақ асып келе жатқанынан хабарымыз бар. Құлақ естігенді емес, көз көргенді айтып отырмыз. Содан да болса керек, қала әкімінің бұқара арасындағы беделі биік. Бұрындары басшыларды тілдеп, сынап жататын жайттар жиі болатын. Бұл күндері шаһар басшысы турасында жылы лебізін білдіретіндердің саны өскен.
Қош, уақыт – ең әділ төреші. Жоғарыдағы көрсеткіштер үш жылдық еңбектің бағасын айқын көрсетіп отыр. Аңғарғанымыз, Ғабит Сыздықбековтың бастамалары үшінші мегаполисті жай ғана дамытып қойған жоқ, оның ертеңгі тұрақтылығына берік іргетас қалады. Бүгінгі батыл қадамдар мен нақты нәтижелер шаһардың алдағы уақытта бұдан да үлкен асуларды бағындыратынына толық кепіл бола алады. Бұрындары мемлекеттік бюджетке телмірген Шымкенттің бұл күндері «донор аймақ» атануға мүмкіндігі барына көзіміз жете түсті. Нақтырағы, соңғы үш жылдағы меже көзімізді жеткізді. Ол күн де алыс емес тәрізді…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.




