1 ЖЫЛДА АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ҚАНША ПАЙЫЗҒА ҚЫМБАТТАДЫ?

Қазақстанда азық-түлік бағасы қаншалықты құбылып тұр? Сауда және интеграция министрлігі таратқан соңғы мәліметке көз жүгіртсек, биылғы қыркүйек айында елдегі жылдық инфляция 9,3 пайызды құраған. Ал оның ішінде күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда 8,5 пайызға өскен. Десе де, тамыз бен қыркүйек аралығындағы айлық инфляция 0,6 пайыздық межеден аса қойған жоқ.

Күздің алғашқы айында базар мен дүкен сөрелеріндегі біраз көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы арзандады. Мәселен, қыркүйекте пияздың бағасы 20,7 пайызға арзандаса, лимон 13,9, сәбіз 13,6, ал картоп 13,4 пайызға арзандады. Сонымен бірге баялды, қырыққабат, тәтті бұрыш, алма, алмұрт, сарымсақ пен бананның да бағасы арзандап, тұтынушыларды қуантты. Нәресте асырап отырған аналар үшін де жақсы жаңалық бар. Балалар тағамына арналған жармалар 6,1 пайызға, ал қант 1,3 пайызға арзандаған. Егер мәселеге кеңірек тоқталып, жылдық есепке көз жүгіртсек, кейбір өнімдердің өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір арзандағанын байқаймыз. Жыл ішінде алма 11,1 пайызға, лимон 8,3 пайызға, қызылша 6,9 пайызға, қырыққабат 6,1 пайызға, банан 5,6 пайызға, ал тәтті бұрыш 3,9 пайызға төмендеді. Әрине, бағаның өздігінен реттеле салмайтыны белгілі. Тиісті сала министрлігі сөредегі бағаны тұрақтандыру үшін ішкі нарықты тауармен дер кезінде қамтамасыз етіп, өнімді тікелей өндірушілерден жеткізуге басымдық беріп жатқанын айтады. Бұған қоса, бағаны негізсіз өсіретін ортадағы делдалдардың жолын кесіп, сауда үстемесін қатаң бақылауға алған.
Жыл басынан бері осы тікелей жеткізу жүйесі арқылы елімізге 33,2 мың тонна картоп, 13,9 мың тонна сәбіз, 4,7 мың тонна пияз және 177,7 тонна ақ қырыққабат жеткізілген. Бұл өнімдердің негізгі бөлігі іргедегі Қытай мен Өзбекстаннан, сондай-ақ өңірдегі өзге де көршілес мемлекеттерден әкелінді. Бұған қоса, өңірлердегі тұрақтандыру қорлары мен айналым схемасы да өз нәтижесін беруде. Тағы бір айта кетерлігі, арнайы құрылған өңірлік комиссиялар жыл басынан бері 816 рет отырыс өткізіп, 3391 заңбұзушылықтың бетін ашты. Соның арқасында тауар жеткізу тізбегінен ешқандай пайдасы жоқ 222 делдал шеттетілді. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген 15 пайыздық сауда үстемесінен асырып жібергендерге қатысты 3 610 әкімшілік қаулы шығарылды.
Міне, осылайша жауапты ведомство азық-түлік бағасын бақылауда ұстау жұмысын ары қарай да жалғастырмақ. Ондағы басты мақсат – ел нарығын қажетті азық-түлікпен үздіксіз әрі тұрақты қамтамасыз ету. Сонымен бірге жаз айларынан бастап әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен ұн тарту, нан пісіру кәсіпорындарына арналған бидайды теміржолмен тасымалдауға арнайы төмендетілген коэффициент енгізілген болатын. Бұл шешім тасымалдау шығынын 40 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік беріп, өнімнің қымбаттамауына септігін тигізіп отыр.

С.НҰРАЙ.