ТАЗАЛЫҚ ТАЛАПТАРЫН БҰЗҒАНДАРҒА 237 МЛН ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету және абаттандыру бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде өңірдегі тазалық саясаты мен алдағы жылыту маусымына дайындық барысы таразыланды.

Өңір басшысы бұл бағдарламаның бірреттік науқан емес, елді мекендерді көркейтуге бағытталған тұрақты міндет екенін баса айтып, заңсыз қоқыс орындарына жол бермеуді, санитарлық тазалықты күнделікті бақылауда ұстауды және тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Жыл басынан бері қоғамдық орындарда тәртіп бұзғандарға қатысты қатаң әкімшілік шаралар қолданылып келеді. Атап айтқанда, 434-2-бап бойынша 5 746 әкімшілік хаттама толтырылып, 170,6 миллион теңге айыппұл салынса, оның 114,3 миллион теңгесі өндіріп алынды. Ал 505-бап бойынша 7 978 хаттама толтырылып, салынған 45,2 миллион теңге айыппұлдың 31,6 миллион теңгесі бюджетке түсті. Бұл іске ауылдық округ әкімдіктері де белсенді тартылып, 505-бап бойынша 3 784 хаттама толтырды. Оның аясында 21,5 миллион теңге айыппұл салынып, бүгінге дейін 11,9 миллион теңгесі өндірілді. Халықпен кері байланыс та жолға қойылған. Тарқатсақ, «Таза Қазақстан» (@TazaQazBot) Telegram чат-боты арқылы түскен 2 508 өтініштің 2 445-і толық орындалып, 63 өтініш орындалу барысында тұр. Мобильді топтар Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарындағы саябақтар мен қоғамдық орындарды аралап, тазалық талаптарын бұзудың 76 дерегін әшкерелесе, Шардара мен Созақ аудандарындағы мониторинг барысында 53 кемшілік анықталып, оларды жоюға нақты мерзім берілді.
Тазалықпен қатар мәжілісте 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық мәселесі де егжей-тегжейлі баяндалды. Өңірде жоспарланған 24,1 шақырым жылу желісінің 21,6 шақырымы, яғни 90 пайызы жөндеуден өтіп, дайындық кестеге сай жүруде. Әсіресе, Кентау қаласында №5 ЖЭО-ның ағымдағы жөндеуі мен 14,5 шақырымдық магистралдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Түркістан қаласының №1 және №2 мөлтек аудандарындағы 1,2 шақырым жылу желісін қайта жаңғырту жобасы да аяқталуға жақын. Сондай-ақ облыстағы барлық бюджеттік мекемелер көмір жеткізуге келісімшарт жасасып, отын тасымалдау жұмыстарын қарқынды жүргізуде.