ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ БАНККЕ БЕРЕШЕГІ 26 ТРЛН ТЕҢГЕДЕН АСТЫ

2026 жылғы шілде айында халыққа берілген кредиттердің жалпы портфелі 1,2 пайызға өсіп, 26,1 триллион теңгенің табалдырығына тірелді. Жыл басынан бергі өсімнің өзі 5,5 пайызды құрап отыр. Елдегі халық санымен салыстырып, қарапайым арифметикаға салсақ, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін әрбір азаматтың мойнында миллион теңгеден асатын қарыз жүгі бар болып шығады.
Тұтынушылық қарыз көлемінің 0,7 пайызға өсіп, 17,4 триллион теңгеге жетуі — қоғамның күнделікті тұрмыс-тіршілігін, тіпті тамағы мен киімін банктің несиесіне таңып қойғанының айқын дәлелі іспетті. Мұны халықтың сатып алу қабілетінің артуы деп түсіндіруге мүлдем келмейді. Керісінше, айлық жалақысы азық-түлік пен коммуналдық төлемдерден артпайтын бұқара тұрмыстық техниканы, киім-кешекті, тіпті мектепке дайындықты да ақшалай немесе тауармен несиеге алуға мәжбүр. Ал ипотекалық қарыздардың бір айда 2,4 пайызға ұлғайып, 7,6 триллион теңгеге жеткені, тіпті жыл басынан бері 9,7 пайызға дерлік өсуі баспанаға деген зәруліктің әлі де шешілмей отырған өзекті мәселе екенін көрсетеді. Мәселенің ең сорақысы — несие алудың қымбаттай түсуінде. Шілдеде халыққа теңгемен берілген кредиттер бойынша орташа сараланған сыйақы мөлшерлемесі 20,3 пайызға бірақ секірді. Маусымда бұл көрсеткіш 19,5 пайыз еді. Мұндай айтарлықтай өсімнің басты драйвері — тұтынушылық кредиттер бойынша мөлшерлеменің 1,5 пайыздық тармаққа бірден көтеріліп, 22,5 пайызға жетуі. Жылдық пайыздық мөлшерлеменің мұндай жоғары болуы азаматтарды қаржылық құрдымға итермелейді.
Қызығы сол, банктік жүйе халықты жоғары пайызбен шырмап отырғанда, бизнеске келгенде кенеттен «жомарттық» таныта бастайды. Бизнеске ұлттық валютада берілген кредиттердің орташа мөлшерлемесі 21,5 пайызға дейін төмендеді. Әсіресе ірі бизнеске берілетін кредиттер бойынша мөлшерлеме 0,6 пайыздық тармаққа азайып, 18,8 пайызға түскен. Яғни, алып банктер ірі капитал иелеріне, олигополия өкілдеріне жеңілдетілген шарттар ұсынады да, барлық қаржылық тәуекелдер мен жоғары пайыздардың ауыртпалығын қарапайым бұқараның мойнына артып қояды. Бұл — отандық банк секторындағы әлеуметтік әділетсіздіктің тағы бір көрінісі емес пе?
Енді проблемалық қарыздарға, яғни уақытында төленбей жүрген кредиттерге үңілейік. 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша банктердегі 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздардың үлесі 4,1 пайыз деңгейінде сақталды. Бұл — жалпы ақшалай есептегенде 1,9 триллион теңге. Халықтың несие портфеліндегі мұндай проблемалық қарыздардың үлесі сәл де болса азайып, 4,7 пайызды құраған. Бірақ санның сәл төмендеуі қуанарлық жағдай емес, өйткені бұл көрсеткіштің нақты көлемі — 1,2 триллион теңге. 1,2 триллион теңге — бұл қайтаруы неғайбыл, төлеуге шамасы жетпей сот орындаушылары мен коллекторлардың қыспағында жүрген мыңдаған отбасының қасіреті.
Бизнес кредиттеріндегі проблемалық қарыздардың үлесі керісінше 0,1 пайыздық тармаққа өсіп, 3,9 пайызға немесе 625 миллиард теңгеге жетті. Орта және шағын бизнестің несие қайтара алмауы — елдегі экономикалық белсенділіктің нашарлап, нарықтағы өнімділік пен сауда-саттықтың бәсеңдегенін айғақтайды. Түйіндей айтқанда, 26,1 триллион теңгелік несие портфелі — ел экономикасының саулығын емес, керісінше оның несиеге деген тәуелділігін көрсететін белгі. Халықтың қарызының көбейгені мен пайызының өскені — азаматтардың тұрмыс сапасының жақсарғанының емес, амалдың жоқтығынан банктің босағасын сығалауға мәжбүр болғанының салдары. Егер үкімет пен реттеуші органдар тұтынушылық несиелендірудің пайызын тежеп, халықтың нақты кірісін арттыруға бағытталған жүйелі реформаларды қолға алмаса, бұл қаржылық ауыртпалық ерте ме, кеш пе теріс әсер берері анық. Ал оның зардабының тек банктерге емес, бүкіл қоғамға ауыр тиетіні сөзсіз…
Ж.БАЛАУСА.




