ТАМЫЗ АЙЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ АРЗАНДАДЫ

Соңғы жылдары қымбатшылықтың қыспағында қалған тұтынушы үшін қуанышты жаңалық айту да сирек құбылысқа айналып еді. Алайда тамыз айының қорытындысы азық-түлік нарығында едәуір тұрақтылық орнағанын көрсетті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тамызда 0,2 пайызға төмендеп, соңғы аптадағы индекс 100 пайыз деңгейінде қозғалмай тұр. Ал жыл басынан бергі өсім бары-жоғы 1,4 пайызды құрады. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткіш былтырғы осы кезеңдегі 7,9 пайыздық өсімнен бес еседен астам төмен.

Әрине, тамыздағы мұндай оң динамикаға ең алдымен маусымдық факторлар, яғни жаңа өнімнің егістіктен базар сөрелеріне жаппай түсуі оң ықпал етті. Қаулап піскен жергілікті көкөніс өнімдерінің бағасы едәуір арзандап, жалпы индексті теңестіруге мүмкіндік берді. Мұның оң әсері азық-түлік инфляциясынан да айқын көрінеді. Өткен жылдың желтоқсанында 13,5 пайызды құраған жылдық инфляция шілде айының соңында 10,1 пайызға дейін баяулады. Десе де Үкімет бұл жолы тек жаздың берекесіне сеніп қана отырмай, істің түпкі тамырына назар аударып отыр. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің тапсырмасымен өңірлердегі азық-түлік базарларына жан-жақты талдау жүргізілуде. Негізгі назар — бағаны қолдан өсіріп, өндіруші мен тұтынушының арасында ақша сорып отырған артық делдалдарды анықтауға, жалдау шарттары мен тасымал шығындарын азайтуға аударылды. Мәселен, өнімді теміржол арқылы тасымалдауға жеңілдігі бар тарифтер енгізіліп, қазірдің өзінде 50-ден астам компания 38 мың тонна өнімді арзандатылған бағамен жеткізген.
Отандық өндірушілерге жасалып жатқан қолдау да көп. Әлеуметтік тауар өндірушілер үшін электр энергиясының тарифі 20 пайызға төмендетілді. Тек бұл көмек тегін емес — кәсіпкерлер оның орнына босату бағасын өсірмей сақтау туралы қарсы міндеттеме алады. Бұдан бөлек, жылдар бойы тиімсіз жұмыс істеп келді деп сыналған тұрақтандыру қорларының механизмі де түбегейлі қайта қаралуда. Енді қаржыны жай ғана игеру емес, әр өңір мен әр тауардың нақты жағдайына қарай бағаны ұстап тұруға бағытталған нысаналы тәсілдер қолданылады. Түйіндей айтқанда, шенеуніктер мен өндірушілердің бұл бірлескен әрекеті жыл соңына дейін азық-түлік қорын жеткілікті көлемде сақтап, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді көздейді. Базардағы арзандаған көкөніс пен Үкіметтің бұл нақты қадамдары ел ішіндегі әлеуметтік көңіл-күйге оң серпін берері сөзсіз. Бастысы, бұл оң тенденция уақытша маусымдық құбылыс болып қалмай, ұзақ мерзімді тұрақтылыққа айналса болғаны.
«Уақыт».