БАЛАБАҚША КЕЗЕГІ 85 ПАЙЫЗҒА ҚЫСҚАРҒАН

дегенмен мәселе толықтай шешілді деуге әлі ерте…
Жылдар бойы ата-ананың басын қатырып, жүйкесін жұқартқан балабақша кезегінің мәселесі шешімін тауып келе жатқан сыңайлы. Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Гүлнара Искакованың айтуынша, елімізде 2-6 жастағы балалардың балабақша кезегі 160 мыңнан 23 мыңға дейін күрт азайған. Қарап отырсақ, кезекте тұрғандар саны бірден 85,6 пайызға кеміген. Шенеуніктер мұндай ғажайып нәтижені соңғы жылдары енгізіле бастаған ваучерлік қаржыландыру жүйесінің арқасы деп сендіреді.
2024 жылдан бері кезең-кезеңімен енгізіліп жатқан пилоттық жоба бүгінде 20 қала мен 23 аудандағы 6 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйымды қамтып, 1,2 миллионнан астам ваучер үлестірілген. Бір қарағанда, жүйе де ашық, баланың нақты қатысуына қарай қаржы бөлу де әділ сияқты. Тіпті мәліметтердің дұрыстығын тексеретін «тәуекелдерді басқару жүйесі» де іске қосылған. Десе де, қағаздағы сандар мен шынайы өмірдің арасында үлкен алшақтық жатуы да ғажап емес. Кезектің 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқаруы — шынымен де балабақша орындарының көбейгенінен бе әлде цифрландыру атымен базадағы қайталауларды тазалап, есепке алу ережелерін өзгерткеннің нәтижесі ме? Өйткені әлі де болса ірі қалалар мен облыс орталықтарында баласын үйіне жақын әрі сапалы балабақшаға орналастыра алмай, әбігерге түсіп жүрген отбасылар аз емес.
Үкімет ваучерлік жүйені реформаның жеңісі ретінде сүйіншілегенімен, басты мәселе — балабақшадағы тәрбие мен білімнің сапасы, балалардың қауіпсіздігі екені уақыт өткен сайын айқындала түсуде. Сан артып, кезек азайғанымен, сапаның соңында қалып қоймауы басты назарда болуы тиіс. Қалай болғанда да, 23 мыңға түсті деген кезек ақиқатқа айналып, артық бюрократиясыз әр сәбидің балабақшадан орын табуына ықпал етсе игі. Ал сандардың артына жасырынған ақиқатты уақыт пен қарапайым халықтың пікірі көрсетеді…
О.ҚАСЫМ.




