ҮКІМЕТТІҢ ЖАҢА ҚҰРАМЫ ЖАСАҚТАЛДЫ

министрлердің басым бөлігі
өз орнында қалды…

Халықтың тағатсыздана күткен басты оқиғасы Үкіметтің жаңа құрамы мен атқарушы биліктің ауыс-түйісі болатын. Өйткені ел ішінде қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық түйткілдерді тарқату, нарықтағы қымбатшылық пен тозған инфрақұрылымды қалпына келтіру дәл осы министрлер кабинетінің мойнында артылады. Қош, Үкімет құрамы жасақталды. Не өзгерді? Кім орнында қалды? Тарқатайық…

Үкімет тізгіні Олжас Бектеновтің қолында қалды. Бұл Президент пен жаңадан жасақталған Құрылтай депутаттарының атқарушы билікке деген белгілі бір деңгейдегі сенімін көрсеткен тәрізді. Жалпы саны 25 адамнан тұратын министрлер кабинетінің құрамына көз жүгіртсек, бұрынғы кабинеттің 84 пайызы, яғни 21 шенеунік өз орындарында қалды. Жаңару деңгейі бары-жоғы 16 пайызды құрайды, яғни тек төрт маңызды ведомствоға ғана жаңа басшы тағайындалды. Осы бір сандардың өзі-ақ Ақорданың сабақтастық пен саяси тұрақтылықты артық көргенін аңғартады. Қаржы-экономикалық блок пен әлеуметтік саланы басқаратын негізгі министрлердің орнында қалуы — экономикалық бағыттың жалғасатынының айқын белгісі.
Әрине, Үкімет құрамындағы ең назар аудартатын өзгеріс — Мұхтар Тілеубердінің арада үш жыл өткенде дипломатиялық ведомствоның басшылығына қайта оралуы болды. 2019-2023 жылдары Сыртқы істер министрлігін басқарып, кейін Венадағы халықаралық ұйымдар жанында және Австрияда елшілік қызмет атқарған тәжірибелі дипломаттың Ермек Көшербаевтың орнына келуі – геосаяси майдандағы салмақты қадамдардың бірі. Қазіргідей геосаяси турбуленттілік пен халықаралық текетірестер күшейген шақта Сыртқы істер министрлігіне сыналған, тәжірибелі, сыртқы дипломатияның бүге-шігесін терең меңгерген маманның келуі геосаяси тепе-теңдікті сақтау қажеттілігінен туындағаны анық.
Бұдан бөлек, кадрлық ауыс-түйіс мәдениет, төтенше жағдайлар және экология салаларын да айналып өтпеді. Мәдениет және ақпарат министрі болып бұған дейін Президент әкімшілігінде және идеологиялық құрылымдарда ысылған Арман Қырықбаев тағайындалса, Төтенше жағдайлар министрлігін осы жүйенің отымен кіріп, күлімен шыққан, аппарат басшысы қызметін атқарған Мұрат Мұханов қолға алды. Ал Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бұрын Ұлттық экономика министрлігін басқарып, кейін сыртқы істер министрінің орынбасары болған Әлібек Қуантыров келді. Экономикалық базасы бар маманның экология саласына келуі табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен жасыл экономикаға өту мәселелеріне экономикалық прагматизм тұрғысынан қарауға жасалған әрекет болуы мүмкін.
Ел ішінде «жаңа Үкіметтен жаңа серпін бола ма?» деген үміттің оты жылт-жылт ететіні жасырын емес. Алайда негізгі құрамның сақталып қалуы сарапшылар арасында түрлі сұрақтар туғызады. Өйткені ішкі істер, қорғаныс, ғылым мен жоғары білім, денсаулық сақтау, қаржы, энергетика, көлік және оқу-ағарту саласын бұрынғы министрлердің әрі қарай басқаруы халықты толғандырған реформалардың қарқынды жүретініне күмән ұялатады. Халықты шаршатқан қымбатшылық, тарифтердің өсуі, логистикалық тығырықтар мен әлеуметтік теңсіздік — осы министрлердің алдында бұрыннан тұрған және әлі шешімін таппаған түйткілдер. Дегенмен жаңадан артылып отырған үміттің үдесінен шығуға баршасының бірдей тырысары анық.
Қорыта айтқанда, Құрылтай сайлауынан кейінгі Үкіметтің қайта жасақталуы революциялық өзгерістер әкелген жоқ, бұл — саяси эволюцияның, сабақтастық пен қалыпты жүйені сақтап қалудың кезекті айғағы. Алайда уақыт пен халықтың талабы бұрынғыдан да қатал. Негізгі құрамын сақтап қалған министрлер кабинетіне енді «ескі тәсілдермен жаңа нәтиже көрсетеміз» деген сөзді іспен дәлелдеуге тура келеді. Себебі халыққа құрғақ уәде емес, нақты нәтиже, тұрақты экономика мен ертеңгі күнге деген нық сенім қажет. Олжас Бектенов бастаған 25 шенеунік бұл жүкті қаншалықты қайыспай көтере алады? Оны уақыт пен халықтың әлеуметтік тұрмысы көрсетеді…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ