ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ АЭС-КЕ ҚАНША ҚАРАЖАТ ЖҰМСАЛАДЫ?

Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі мен болашақтағы жарқын дамуының кепілі ретінде бағаланған алғашқы атом электр станциясының құрылысы төңірегіндегі маңызды сауалдардың түйіні тарқатыла бастады. Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев көптен бері қоғам талқысында жүрген алып жобаны қаржыландырудың жай-жапсарын жария етті. Бұл ретте ел Үкіметі мен ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы арасындағы келіссөздер оң нәтиже беріп, Қазақстан аумағында АЭС салудың негізгі қағидаттары мен шарттарын айқындайтын үкіметаралық маңызды құжатқа қол қойылды.

Ең бастысы, алып нысанның құрылысын жүргізу үшін Ресей тарапынан арнайы мемлекеттік экспорттық несие бөлінетін болды. Агенттік басшысының мәлімдеуінше, бұл жоба аясында Қазақстанға ұзақ мерзімді несие ұсынылып отыр және оның негізгі параметрлері мен талаптары еліміз үшін өте тиімді әрі қолайлы деп есептеледі. Сондай-ақ қаржылық міндеттемелердің қыр-сыры алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жіті бақылауы мен құзырында нақтылана түспек. Алдын ала жасалған егжей-тегжейлі есептеулерге сүйенсек, станцияның қос энергоблогын тұрғызу үшін шамамен 14,4 миллиард доллар көлемінде қаражат қажет. Оған қоса, нысанның қауіпсіздік жүйелерін мінсіз ету мен айналасындағы әлеуметтік инфрақұрылымды толықтай дамыту үшін тағы 2 миллиард доллар қаржы бағыттау жоспарланып отыр.
Бүгінде алып жоба қағаз жүзінде ғана қалмай, іс жүзінде іске асыру сатысына нық қадам басты. Дәл қазіргі уақытта таңдап алынған аумақта инженерлік-зерттеу жұмыстары қызу жүріп жатыр, ал бекітілген жоспар бойынша станция алаңындағы негізгі құрылыс жұмыстарының көрігі 2027 жылы қызбақ. Әдетте мұндай күрделі нысандардың бой көтеруі орташа есеппен 10 жылға дейін созылатынын ескерсек, бұл жобада мерзімді барынша тиімді пайдалану көзделген. Екі тарап өкілдері өзара мәмілеге келе отырып, станцияның алғашқы бетоны құйылған сәттен бастап жеті жыл ішінде, яғни 2034 жылы бірінші блокты толықтай іске қосуға уағдаласты. Осылайша, еліміздің энергетика саласындағы жаңа дәуірдің іргетасы алдағы жылдары мықтап қаланбақ.

Ж.БАЛАУСА.