ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДАҒЫ СҰРАНЫС ПЕН ҰСЫНЫС ҚАБЫСПАЙ ТҰР

Жұмыс іздеген бұқара мен маманға зәру жұмыс берушілердің арасындағы алтын көпір іспетті Электрондық еңбек биржасындағы соңғы деректер нарықтың нақты тамырын дөп басып көрсетіп отыр. Биылғы жылдың сәуір айында Enbek.kz платформасындағы белсенділік тіптен үдеп, наурызбен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 2,1 пайызға артса, бағын сынаған жұмыс іздеушілердің түйіндемесі бірден 15,1 пайызға өсіп кеткен. Нақтырақ айтсақ, жұмыс берушілер тарапынан 104,7 мың бос лауазым жарияланса, қызмет іздегендердің мақсат-мүддесін айқындайтын 123,3 мың түйіндеме тіркелген.

Жыл басынан бері еңбек биржасында 409 мың вакансия мен халықтың 517,7 мың өтініші тіркелгенін ескерсек, бұл үрдістің уақыт өткен сайын ширыға түскенін байқаймыз. Кадрларға деген зәруліктің ең үлкен салмағы дәстүрлі түрде тағы да білім беру саласына түсіп тұр. Мектептер мен балабақшалар, үйірмелер мен орталықтар 20,2 мың бос орын ұсынып, еңбек нарығының көшін бастады. Мұны елдегі демографиялық өсім мен сапалы білімге деген сұраныстың толассыздығымен түсіндіруге болады. Одан кейінгі кезекте тұрмыстық және өзге де қызмет түрлерін көрсету саласы 15,5 мың вакансиямен, ауыл, орман және балық шаруашылығы 10,7 мың орынмен нарықты қыздырып отыр. Сондай-ақ ел экономикасының тірегі саналатын өңдеу өнеркәсібінде 9,5 мың, ал адам жанының арашасы болған денсаулық сақтау мен халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында 9,4 мың маманға сұраныс бар екені белгілі болды.
Аймақтық ауқымда алсақ, бас шаһар Астана мен ару Алматы, өндірістің алып ошақтары Павлодар, Ақмола және Қарағанды облыстары бос жұмыс орындарын ең көп тіркеген аймақтар ретінде көш басында келеді. Сауаттылық пен біліктілік деңгейіне келгенде, жұмыс берушілердің басым бөлігі, яғни 46 пайызы орта білікті мамандарды іздейді. Сондай-ақ жоғары білікті және төмен білікті жұмыс күшіне деген сұраныс теңдей бөлініп, әрқайсысы 27 пайыздан үлес алған. Ал енді жұмыс іздеп, есік қаққандардың жасына үңілсек, нарықтың негізгі қозғаушы күші — жастар екені бірден көзге түседі. Түйіндеме қалдырғандардың 39 пайызын 35 жасқа дейінгі жалынды жастар құрап отыр. Кәсіби толысқан, тәжірибесі толыққан 35 пен 44 жас аралығындағылар 28 пайызды еншілесе, 45-54 жас аралығындағылар 20 пайызды құрады. Ал зейнет жасына таяған 55-тен асқандар 13 пайыз үлеспен еңбек нарығында әлі де белсенді екенін аңғартты. Нәзік жандылардың үлесі ерлерге қарағанда сәл жоғары, яғни үміткерлердің 53 пайызы — әйелдер, ал 47 пайызы — ер-азаматтар.
Енді жалақы мәселесіне ойысайық. Сәуірде көк аспанды шарлаған ұшқыштардың бәсі биік шықты. Олар екі бірдей көрсеткіш бойынша рекорд орнатты. Жұмыс берушілер ұшқыш мамандығына шамамен 1,9 миллион теңге көлемінде қомақты еңбекақы ұсынса, жұмыс іздеуші ұшқыштардың өздері де осал еместігін байқатып, күтетін жалақысын 3,9 миллион теңге деп белгілеген. Мұндай үлкен алшақтық нарықтағы тапшылық пен кәсіби деңгейдің тым жоғары бағаланатынын көрсетеді. Бұдан бөлек, IT саласының кәнігі мамандары — бағдарламалық қамтамасыз ету сәулетшілеріне шамамен 1,7 миллион теңге, ал техникалық жабдықтарды сынау жөніндегі басшыларға 1,6 миллион теңге төлеуге дайын жұмыс берушілер табылды. Асқақ арман мен жоғары жалақыны мақсат еткен үміткерлер арасында бортсеріктер 2,1 миллион теңге шамасында, ал медицинаның күрделі саласы саналатын жақ-бет хирургтері 2 миллион теңге төңірегінде еңбекақы күтетінін ашық білдірген. Бұл көрсеткіштер қазіргі қоғамдағы мамандықтардың маңызы мен қаржылық құнының қалай өзгере бастағанының нақты көрінісі болса керек.

Ж.БАЛАУСА.