БИЫЛ ШЫМКЕНТТЕ МЫҢДАҒАН ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАЙДЫ

Күллі күнгейдің шырайлы шаһары Шымкентте құрылыс көрігі қызып, баспаналы болуды армандаған талай отбасының қиялы шындыққа айналып жатыр. Мемлекет басшысының халықты қолжетімді үймен қамтамасыз ету, қала тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту жөніндегі тікелей тапсырмасы мегаполисте кең ауқымда жүзеге асырылуда. Соның жарқын айғағы ретінде, биыл жыл соңына дейін үшінші мегаполисте 6 551 пәтер пайдалануға беріліп, мыңдаған шаңырақта қоныс тойы тойланбақ.
Сәулеті келіскен бұл жаңа баспаналардың ішінде 1 126 жалдамалы пәтер мен 3 692 несиелік пәтер бар. Мұндай ауқымды мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі орындалуы қаланың әлеуметтік әлеуетін арттырып, халықтың ертеңгі күнге деген сенімін бекемдей түсері сөзсіз. Қуанышты хабар мұнымен шектелмейді. Бүгінгі күннің өзінде шымкенттік 1 733 отбасы баяғыдан армандаған өз үйінің кілтін қолдарына алып, шаттыққа кенелді. Олардың ішінде 876 отбасы несиелік жүйе бойынша тиімді баспанаға қол жеткізсе, тағдыр тауқыметін тартып жүрген немесе әлеуметтік қолдауға зәру 857 отбасы жалдамалы пәтерлердің иесі атанды. Жаңа пәтерлердің кілті ең алдымен қоғамның ерекше қамқорлығын қажет ететін санаттарына табысталғанын айта кеткен жөн. Олардың қатарында тағдыр сынына мойымай келе жатқан мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты аналар мен әкелер, ерекше балаларды тәрбиелеп, перзентінің болашағы үшін шырылдап жүрген ата-аналар бар. Сондай-ақ мемлекеттің жылы алақанын сезінген жетімдер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар мен ел игілігі үшін тер төгіп жүрген бюджет саласының қызметкерлері де осы бақытты қоныстанушылардың сапынан табылды.
Бұл — игі істің тек басы ғана. Өйткені дәл қазір құрылыс алаңдарында жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр және жыл соңына дейін тағы 4 818 пәтер өз иелеріне салтанатты түрде табысталады деп жоспарлануда. Демек тағы мыңдаған шымкенттік балалар жаңа үйдің табалдырығын аттап, ата-аналар өз шаңырағының түтінін түтетеді. Қала билігінің осындай қарқынды жұмысы мен мемлекеттік қолдаудың арқасында Шымкенттегі баспана кезегінің түйіні біртіндеп тарқап, мегаполис тұрғындарының әл-ауқаты сапалы да жаңа деңгейге көтеріліп келеді.
«Уақыт».




