ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРТАША ЖАЛАҚЫ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ?

Ұлттық статистика бюросының кезекті есебі көңілге демеу боларлықтай көрінгенімен, сандардың астарында салмақты ой жатыр. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында еліміздегі орташа айлық жалақы 461 486 теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,1 пайызға артқан. Сырт көзге өсім бар, алайда бұл атаулы жалақының ғана көрсеткіші екенін ескеру керек. Шын мәнінде, инфляция мен нарықтағы бағаның құбылуын есепке алғандағы нақты жалақы индексі 97,7 пайызды құрап отыр. Демек жалақының цифрлық мәні өскенімен, оның сатып алу қабілеті сәл де болса кері шегінгенін байқаймыз.

Статистиканың тағы бір қызықты тұсы – медианалық жалақы. Көпшілік үшін орташа жалақыдан гөрі, дәл осы 331 527 теңгелік көрсеткіш шындыққа жақынырақ. Бұл — еліміздегі жұмыс істейтін халықтың тең жартысы осы сомадан аз, ал қалған жартысы бұдан көп алатынын білдіретін алтын аралық. Салалық бөлініске үңілсек, бұл жолы ауыл шаруашылығы мен орман, балық шаруашылығы саласының қызметкерлері көш бастап тұр. Мұндағы өсім 20,3 пайызды құрап, рекордтық көрсеткішке ие болды. Сонымен қатар, қаржыгерлер мен сақтандыру саласының мамандары да жалақы өсімі жағынан кенде емес. Коммуналдық қызмет, энергия және көлік салаларында да айтарлықтай серпін бар. Ал ел болашағының кепілі саналатын білім беру және денсаулық сақтау саласындағы өсім әзірге баяу – тиісінше 4,2 және 7 пайыз төңірегінде.
Өңірлік тұрғыдан алсақ, биыл Абай облысының асығы алшысынан түсті. Мұндағы жалақы өсімі 14,2 пайызға жетіп, республикалық деңгейден асып түскен. Одан кейінгі орындарда Павлодар мен Жетісу облыстары, сондай-ақ қаржылық хаб саналатын Алматы қаласы тұр. Жалпы алғанда, жалақының өсу үрдісі бар, бірақ оның нақты нәтижесін халықтың әл-ауқаты мен тұтыну себетінің толуынан ғана көре алатынымыз анық. Бұл тұрғыдан келгенде, әлі де болса кемшін тұстар бар секілді. Қош, жағдайдың қай жаққа өзгерері уақыттың еншісінде қалып отыр…

С.НҰРАЙ.