ДӘН – ДӘУЛЕТ, ЕГІС – ЕЛ ЫРЫСЫ

әртараптандыру жұмыстарының әлеуеті қандай?

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, дәнді дақылдар алқабы сәл қысқарғанымен, майлы және мал азықтық дақылдарға басымдық берілуі — ішкі нарықты отандық өніммен толтырудың нақты қадамы. Әсіресе, картоп алқабының 10 мың гектарға ұлғаюы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі заман – үнем мен есептің дәуірі. Сондықтан биыл алғаш рет егіс құрылымы нақты су лимитіне сәйкес бекітілді. Су ресурстарының тапшылығын ескере отырып, күріш пен мақта алқаптарын оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте дәстүрлі суару әдісінен тамшылатып суару технологиясына көшудің маңызы зор. Мысалы, мақта егісінде заманауи су үнемдеу технологияларын қолдану алқаптары артып, ысырапқа тосқауыл қойылмақ. Сонымен қатар аграрлық саланы цифрландыру мәселесі де жаңа деңгейге көтерілді. Егіс науқанын бақылайтын жаңа цифрлық құралдың пилоттық режимде іске қосылуы болашақта жасанды интеллект көмегімен болжамдар жасап, нақты талдаулар жүргізуге жол ашады. Бұл шешім қабылдау үдерісін жеделдетіп, атқарушы билік пен шаруа арасындағы байланысты нығайта түспек.
Техникалық әлеуетке келсек, биыл егіс даласында 130 мыңнан астам трактор мен жоғары өнімді егіс кешендері сақадай сай тұр. Отандық машина жасау саласының 22 пайызға өсуі және ауыл шаруашылығы техникасының жаңару деңгейінің 8 пайызға жуықтауы — саланың серпінді дамып жатқанының айқын дәлелі. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларында да отандық техникаға басымдық беріліп, субсидия көлемінің жоғары болуы ішкі өндірісті ынталандыруда. Бұған қоса, әлемдік алпауыттар «CLAAS» пен «John Deere» секілді компаниялардың қазақстандық нарыққа келуі бәсекелестікті арттырып, жұмыс сапасын жақсарта түсері анық. Ал жанар-жағармай мәселесінде 400 мың тоннадан астам жеңілдетілген дизель отынының бөлінуі диқандардың еңсесін тіктеп, науқанды кедергісіз өткізуге септігін тигізеді.
Тұқым сапасы мен тыңайтқыш мәселесі де Үкіметтің қатаң бақылауында. Тұқым шаруашылығындағы бақылауды күшейту үшін арнайы басқарманың құрылуы — сапасыз өнімге тосқауыл қоюдың алғышарты. Биылдан бастап шаруалардың тұқым сапасын өз қаражаты есебінен тексеруі олардың жауапкершілігін арттырып, мемлекеттік қолдаудың тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемін 2,3 млн тоннаға жеткізу жоспары жердің құнарын сақтап, өнімділікті еселеуге мүмкіндік береді. Әлемдік нарықтағы геосаяси жағдайға байланысты тыңайтқыш бағасы құбылғанымен, ішкі нарықтағы бағаның алдын ала бекітілуі отандық шаруаларды артық шығыннан қорғайды.
Үкімет тек егіс емес, оның жиналуы мен сақталуын да бүгіннен бастап ойластырып отыр. Егісті әртараптандыру нәтижесінде өнім көлемінің артуы күтілуде, сондықтан астық сақтау қуатын тағы 1 млн тоннаға ұлғайту үшін жаңа элеваторлар салу жобалары қолға алынды. Бұл бағытта сәуір айынан бастап жеңілдетілген қаржыландыруға өтінімдер қабылдана бастады. Түйіндей айтқанда, биылғы көктемгі дала жұмыстары – тек егін егу емес, ел экономикасының тұрақтылығын нығайту жолындағы стратегиялық қадам. Науқанның оңтайлы мерзімде, сапалы аяқталуы — күздегі мол өнімнің кепілі. Демек бүгінгі қарқынды төмендетпеу — ортақ міндет. Ендеше еңбегі еселі шаруаның берекесі тасып, ел несібесі молая берсін.

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.