«АТА ЗАҢ – ЕЛДІКТІҢ АРҚАУЫ, ЖАҢҒЫРУДЫҢ КЕПІЛІ»

Конституция — мемлекеттің құқықтық құжаты ғана емес, ол — қоғам мен билік арасындағы жаңа мазмұндағы келісімнің үлгісі. Биыл қабылданған конституциялық өзгерістер Қазақстанның саяси келбетін түбегейлі жаңғыртып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын нақты іс жүзінде жүзеге асыруға жол ашты. Түркістан облыстық мәслихатының депутаты ретінде, мен бұл реформалардың ел басқару ісіндегі елеулі рөлін жоғары бағалаймын.
Біріншіден, жаңа конституциялық реформалар жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару институтын нығайтуға басымдық берді. Мәслихаттардың өкілеттігі кеңейіп, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі пәрмені артты. Бұл – өңірдегі қордаланған түйткілдерді жоғары жақтың нұсқауын күтпей-ақ, жергілікті халықтың мүддесіне сай жедел шешуге мүмкіндік беретін маңызды қадам. Биліктің халыққа барынша жақындауы – мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен есептілігін жаңа деңгейге көтереді.
Екіншіден, жаңартылған Ата Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа институционалдық негіздерін қалыптастырды. Ендігі кезекте адам құқықтарын қорғау нақты құқықтық кепілдіктер арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттің ең басты қазынасы адам екенін ескерсек, заң алдындағы теңдік пен әділдік принциптерінің нығаюы қоғамдағы сенімді арттырады. Әсіресе, ұлттық байлықтың әділ бөлінісі мен әрбір азаматтың құқықтық тұрғыда қорғалуы – Әділетті Қазақстанның басты іргетасы.
Түйіндей айтқанда, жаңа Конституция – қатып қалған қағидалар жиынтығы емес, ол – дамудың өзегі. Біздің міндетіміз — Заңның әрбір тармағының мүлтіксіз орындалуын қадағалап, Әділетті Қазақстанды құру жолында аянбай еңбек ету. Ата Заңға енгізілген өзгерістер мемлекетіміздің іргесін бекітіп, тәуелсіздігімізді баянды ете түсетініне кәміл сенемін!
Мағауия Сексенбайұлы ТҰРЫСБЕКОВ,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.




