600 ЖҰМЫС ОРНЫН ҚАМТИТЫН ӨНДІРІСТІК ПАРК ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан қаласы бүгінде тек руханият пен туризмнің ғана емес, заманауи индустрияның да жаңа хабына айналып келеді. Облыс орталығының экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында қолға алынған ауқымды жобалардың бірі — «Бекзат» шағынауданындағы өндірістік парк. 20 гектар аумақты алып жатқан бұл индустриалды аймақ жақын арада қала экономикасына соны серпін беріп, жұмыссыздық мәселесін шешуге септігін тигізбек. Өңірдің өндірістік картасындағы осы бір маңызды нүктенің бүгінгі тыныс-тіршілігіне зер салып көрген едік.
Жалпы құны 7,6 млрд теңгені құрайтын бұл ірі жоба үш кезең бойынша жоспарлы түрде іске асырылуда. Қазіргі таңда алғашқы белестер бағындырылды. Яғни өндірістік парктің іргетасы бекіп, алғашқы 5 нысанның құрылысы толық аяқталды. Ең бастысы, өндіріс орындарына қажетті инженерлік инфрақұрылым – жарық, су, байланыс жүйелері тартылып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған. Құрылыс алаңында жұмыс қызып тұр. Қазіргі уақытта өндірістік аймақ ішіндегі жол салу жұмыстары аяқталуға жақын. Мамандар жақын күндері асфальт төсеу басталатынын айтады. Жоспарға сәйкес, бұл нысандар осы жылдың 15 мамырына дейін пайдалануға берілмек. Бұл дегеніміз — мамыр айының бел ортасында Түркістанның индустриалды келбеті тағы бір жаңа белеспен толығады деген сөз.
Өндірістік парктің басты мақсаты — тек ғимарат тұрғызу емес, онда жоғары технологиялық өндірісті қалыптастыру. Жоспарланған 26 ғимараттың ішінде жалпы құны 11,8 млрд теңгеге тең 4 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Олардың бағыт-бағдары да сан алуан әрі сұранысқа ие. Технологиялық дамудың негізі саналатын бұл өнімдер ішкі нарықтың қажеттілігін өтейді. Қарқынды құрылыс жүріп жатқан Түркістан үшін бұл өнімдердің маңызы зор. Энергетика саласына қажетті құрылғылар шығару арқылы өңірдің өндірістік әлеуеті арта түспек. Бұл жобалардың ең басты әлеуметтік жемісі — 600 жаңа жұмыс орнының ашылуы. Бұл — 600 отбасының тұрақты табысы мен әлеуметтік жағдайының жақсаруына кепілдік.
Бүгінде Түркістан облысының әкімдігі мен инвесторлар арасындағы байланыс нығайып келеді. Қазірдің өзінде тиісті келісімдер жасалып, жобаларды өндірістік алаңдарға орналастырудың соңғы жұмыстары жүргізілуде. Түйіндей айтқанда, «Бекзат» шағынауданындағы бұл өндірістік парк — Түркістанның индустриалды болашағына салынған инвестиция. Өндіріс ошақтары іске қосылғанда, қала тек туристер мекені ғана емес, сонымен қатар өнім шығарушы орталық ретінде де абыройын асқақтата бермек.




